Расында жұмыстың жаманы жоқ. Ынты-шынтыңмен ден қойып тұрақты қолға алған қандай еңбек болмасын, ел-жұрттың да, отбасыңның да алдында қашанда қадіріңді арттырып, абырой биігінен көрінуіңе ықпал етері анық.
Әйтеке би кентінде өмірге келген Өтекешов Беріктің бала күннен темір-терсекке құмарлығы өскен сайын еңбекке деген құлшынысын арттырып, 1985 жылы №17 орта мектепті тәмамдағаннан кейін ұзақ ойландырмай, Қызылорда қаласындағы №8 техникалық қысқамерзімді училищеге құжат тапсыруына ықпал етті. Негізі өмір жолындағы маңызды сәттерде шешім қабылдауда тұрақтылықтың орны ерекше екеніне талас болмаса керек. Беріктің де ұзақ жылдар бойы бір кәсіптің тізгінін ұстап тапжылмай келе жатқаны содан. Оқу орнынан алған техникалық білімін Қызылорда РМЗ жеңіл металл конструкцияларын өндіру кәсіпорнындағы төрт айлық еңбек тәжірибесімен ұштастырды. Темір-терсекке тамған тердің ащы дәмінің нәтижесі тұщы болатынын сезініп өскен жігерлі жастың еңбегі еш кеткен жоқ. Жиырмаға да келмеген жас жігіт өзегін талдырмайтын өмірлік ризық-несібесіне жетерлік тәжірибе жинақтап шықты.
1986-1988 жылдары Ресейдің Ярославск облысында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін көп ойланбай, «LCI-MK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесіне токарь болып жұмысқа орналасты.
– Өмірлік қалап алған кәсібің ешқашан жалықтырмайды екен, – дейді Берік Нұрманұлы. – Осы мекемеде токарь болып еңбек етіп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Мекемедегі жұмыс қарқынын механизмсіз елестету мүмкін емес. Солардың істен шыққан темір бөлшектерін кесу, тесу, жону, желінген ескісін қалыпқа келтіру, мүлдем жарамсызын жаңадан жонып шығару, теңеумен айтқанда, конвейерлік жұмыс режимінің бір сәтке тоқтап қалмауына барыңды салып ықпал ету, өзіңнен талап етілетін жауапкершілікке үнемі дайын болу.
Берік Нұрманұлы қарапайым еңбек адамы болса, жолдасы Айна сауда саласында. Өзі жоғары білім ала алмаса да, сол арманын Қызылорда қаласында заң саласында қызмет ететін ұлы Ғалым, Алматыда ұстаздық қызмет атқарып жүрген қызы Сара, Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетінде оқитын қызы Жанна арқылы жүзеге асырғанына дән риза. Отбасы бақыты, еңбектің еленуі, қарапайым еңбек адамы ретінде абырой биігінен көріну дегеннің өзі осы емес пе?!
Әлімжан ҚИЯС






