Аралда қос кент бар. Бірі – Жақсықылыш тауының бауырындағы Жақсықылыш кенті болса, екіншісі – Тербенбесті бауырлай жатқан Сексеуіл. Бүгінгі айтпағымыз «тоғыз жолдың торабы» деп аталып кеткен, шойын жол шеберлерінің мекеніне айналған Сексеуіл кенті болмақ. Ғасырдан астам уақыттан бері мұндағы халықтың көпшілігі теміржол саласында талмай еңбек етіп келеді. Сол мекемелердің бірі – «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосы.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, халық арасында «теміржолшылар елі» атанған Сексеуіл кентіндегі іргелі мекемелердің бірі саналатын локомотив жөндеу депосында қай уақытта да қызу тіршілік. Себебі бәйгеге түскен тұлпардай мыңдаған шақырымды артқа тастап, белгіленген жерге аман жеткен тепловоз атаулының барлығы осында келіп дамылдайды. Аман жеткен деуімізде де мән бар. Өйткені дәл осы депо барлық тепловоздың тынысын қайта ашады, қауіпсіздігіне, жарамдылығына, тұтынуға әзірлігіне толықтай жауапты. Локомотивтің барлығы түгелдей тексеруден өткен соң сапарды қайта жалғастырады, жарамсызы сонда қалады. Мұның барлығы біз айтпасақ та, жалпақ жұртқа белгілі.

Алайда тіршілігі қайнаған мұндағы мекемелердің ішкі жұмыс кестесіне еніп, көзбен көру бөлек әсер қалдыратындай. Мұнда жасаған әр сапарымыз сайын жұмыс ырғағын бақылағаннан жалықпаймыз. Депоға ат басын тіреген жандардың мекеме сыртынан бастап-ақ алатын әсерін айта кеткен орынды болар.
Ғимарат ауласына кірген бойда мұнда қандай кәсіп иелері жұмыс істейтінін жаңылмай тануға болады. Мекеме атауы жазылған тақтадан өткен бойда теміржолшылардың мерейін үстем етерлік үлкен билборд қауіпсіз қатынас түрінің рөлін айшықтап-ақ тұр. Мұнан бөлек ерекше абаттандырылған аула көз тартып, айрықша әсер қалдырады. Ал ғимарат ішіне ене бергеннен салмағы 130 тонна тартатын темір тұлпарлар менмұндалап тұр. Тарс-тұрс еткен түрлі станоктардың құлақ тұндырар даусы мұндағы жұмысшылардың күнделікті атқаратын міндеттерін көрсеткендей. Тіршіліктің қайнап жатқанын байқау қиын емес.
Осынау үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыстың жай-күйін бағамдау үшін «жақсыны көрмекке» дегендей, біз де жағалап жүріп, таныса бастадық. Өз кәсібінің сайыпқырандары тепловоздың тырнақтай бөлшегінен бастап, таудай құрылғыларына дейін егжей-тегжейлі таныстырып, әрқайсысының атқаратын міндеттерін айтып жатыр. Ал осы бөлшектер қалтқысыз, қауіпсіз қызмет атқару үшін мекеме жұмысшылары жұмылған жұдырықтай бел жазбай еңбек ететіні әр қызметкердің міндетінен аңғарылды.

Нақтырақ тоқталсақ, салмағы 3300 тонналық пойыз дөңгелектерінің әрқайсысында қосымша қозғалтқышы болады. Сол арқылы тепловозға қозғалу мүмкіндігі беріледі. Дөңгелек жүздеген тоннаны көтергендіктен, кейде жарылып немесе морт сынып кететін кездері де кездеседі екен. Теміржолға тиетін беті көп жағдайда қайта жонылып, қосымша қолданысқа беріледі. Осының барлығы депода жөнделеді.
Мұнан бөлек компрессор деп аталатын ауа беретін құрылғы істен шықса, мыңдаған тонна болатын көлік қозғалысын реттеу қиын. Ал ондай сәттерде машиниске электрмен жұмыс істейтін тетіктер көмекке келеді. Бұл мекемедегі ұстахана бөлімі болмаса, жер қайыстырар ауыр салмақтан майысқан сом темірлер мен білектей металдарды қайта қалпына келтіру қиын шаруа. Жабық пеште жанған от пен қызған темірдің ыстық лебіне шыдамдылық танытып, дәл осы кемшіліктерді түзететін депо мамандарының еңбегін айтпай түсіне беріңіз.
Одан қалды автотежегіш бөлімшесіне бас сұқтық. Тепловоздың ішкі көрінісі мен панельдік құрылғылар жайғасқан бұрышта барлық қосалқы тетік орналасқан. Теміржол бойында әр минут есептеулі, сондықтан автотежегіш мінсіз болуы қажет.
Бұл біз аралаған бөлімшілердің санаулысы ғана. Ал толықтай айтар болсақ, шегі жоқ әңгімеге ұласары анық. «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосында қызмет ететін 200-ден астам адамның барлығы біз көріп жүрген локомотивтердің қауіпсіздігі үшін тер төгуде.

Депода ТЭ33А, ТЭП33А, 2ТЭ10МК, 2ТЭ10М тепловоздарына СҚК-1,2,3,4,5 циклдары бойынша сервистік қызмет көрсетіліп, жөндеуден өткізіледі. Енді 2ТЭ25КМ маркалы тепловоздарды жөндеуден өткізу жоспарлануда. Осыған орай мекемеде дайындық жүргізіліп, мамандар біліктілік арттыру үшін «Коломенский завод» АҚ-ға өндірістік оқуға жіберілмек. Бұл қазіргі нарық жағдайында мекеме қызметкерлерін жұмыспен қамту және қаржылық жағдайын тұрақтандыру жолында жасалып жатқан тиімді бағыттағы ауқымды жұмыс екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Шаруасынан шашау шығармай келе жатқан ұжым 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік мердігер» номинациясымен марапатталып, жылды оң нәтижемен аяқтады. 2018 жылдан бері «Wabtec» компаниясымен бірлесе отырып, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау санаттары бойынша өткізілетін «Алтын дулыға» байқауында озық шықты. Осындай ең беделді биікті бағындырған шойынжолшылар абырой биігінен бір сәт төмендеген емес. Мұның өзі асқан жауапкершілік пен міндеттің маңыздылығын сезіне алуында.
Иә, тарихы ғасырмен үндескен мекемедегі теміржол тұлпарларының баптаушылары қай кезде де елеусіз қалған емес. Алдағы уақытта да қоғамның қарқынымен қалыптасқан заңдылықты сақтай отырып, депоның даңқын асқақтата түсері сөзсіз. Қалтқысыз еңбекті қаперге алған сексеуілдіктердің сапалы жұмысы арқылы қозғалыстың ең қауіпсіз түріне айналған теміржол тасымалы көлік-транзит әлеуетін дамыта бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ






