Той өткізу тыйылмай тұр

649

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Әмитов салада атқарылған жұмыстар мен карантин талаптарының бұзылуы туралы айтты.

Өткен 9 айда  қылмыстық құқық бұзу­шы­лық 36 процентке (4549-дан 2848-ге)  төмендеген.   Сонымен қатар, қоғамдық орындарда (-40,1%),  көшелерде (-30,7%), топпен (-36%), жасы кәмелетке толмағандар (-35,8%), мас күйінде (-17,5%)  жасалған қылмыстар азайған.

– 7 қыркүйектен бастап 1 желтоқсанға дейін облыс көлемінде «Учаске» жедел профилактикалық  іс-шарасы өтуде.  Бұл шараның мақсаты – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халықтың сенімін арттыру.  Шара барысында 75 мыңнан астам пәтер мен жеке меншік үй тексерілді.  Тексеру барысында қала орталығында 54 пәтер заңсыз жалға ұсынылып жатқандығы анықталып, құжаттар тиісті органға жолданды. Ішкі істер органдарының  есебінде тұрған 4 мыңнан аса адамның мекен-жайлары  тексеріліп,  профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Іс-шара барысында заңсыз айналымнан 37 қару тәркіленді. Сонымен қатар, 7 мыңнан  астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып,  тиісті шешім қабылданды, – деді ол.

Қызылорда қалалық полиция басқармасы  қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15-31 қазан аралығында «Қауіпсіз қала» шарасын өткізуде. Онда полиция басқармасының қыз­меткерлері, қалалық әкімдік, прокуратура, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, «Жас Отан» өкілдері және еріктілермен бірлескен рейдтің 2 күнінде  53 құқық бұзушылық анықталған. Осы орайда Ш.Әмитов кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүру деректерінің тыйылмай отырғанын айтты. 

– Түнгі уақытта ойын-сауық мекеме­лерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 2 мыңнан астам бала анықталып, олардың ­ата-аналарына әкімшілік шаралар көрілді, – деді ол.

Ал жыл басынан бері мас күйде көлік айдаған 846 жүргізуші ұсталып, әкімшілік қамауға алынып,  711-і көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған.  Орын алған 221 жол-көлік оқиғасының 18-і мас жүргізушінің кінәсінен болып, нәтижесінде 7 адам қайтыс болса, 23 адам жарақат алған.  

Бүгінде өзекті мәселелердің бірі карантин тәртібін бұзу  болып отыр. Полиция полковнигінің айтуынша, той жасап, ас беріп, туған күн тойлайтындар әлі де тыйылар емес.

– «Той – халық қазынасы» дегенмен, заң талаптары ортақ. Бүгінгі күні 24 мобильді мониторинг топ жұмыс жасауда. Олардың құрамында полиция қызметкерлері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары, БАҚ өкілдері, волонтерлар, қоғамдық көмекшілер бар. Облыс көлемінде карантин талаптарын бұзудың  679 дерегі анықталды. Оның 334-ін мониторингтік мобильді топтар бірлесіп анықтаса, өз күшімізбен 225 дерек нақтыланып, жинақталған құжаттар тиісті органдарға жолданды. Қазіргі кезде карантин талаптарын бұзып, той жасаудың 145 дерегі тіркелді, – деді Ш.Әмитов.

Өткен демалыс күндердің өзінде 97 заң бұзушылық анықталса, оның 81-і той өткізу дерегі. Карантин талаптарын бұзу Аралда – 41, Қазалыда – 34, Қармақшыда – 16, Жалағашта – 26, Сырдарияда – 17, Шиеліде – 20, Жаңақорғанда – 14, Қызылордада –143, Байқоңырда 23 дерегі анықталған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<