Сәрсенбі күні Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы Мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне және де жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты облыстық дәстүрлі әнші-жыршы-термешілер фестивалі өтті. Дәстүрлі өнер мерекесіне Сыр бойының айтулы жыршы-термешілері қатысып, ұлт тәрбиесінде биік орын алатын рухани қазына қоржынынан шашу шашты.
Жыр кешін аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, жандүние байлығын арттырар жыраулық дәстүрдің Сыр бойында тіні үзілмей келе жатқанын айтты.
Жыр алыбы атындағы фестивальға Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Жақсан Жәнібек, Әділхан Қуаңбаев, Нұртілек Ақтаев, Ізбасхан Дәулетхан қатысты. Ал фестивальді тарих ғылымдарының магистрі Марат Сүгірбай жүргізді.
Жиын соңында өнер фестиваліне қатысушыларға сый-сияпат жасалып, алғыс хаттар табысталды. Шараны Шиелі аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері жоғары деңгейде дайындап, өткізді.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<