Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жґне ынтымақтастық жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары алдымен кеңес құрамында бірқатар өзгерістер болғанын жеткізді.
Кеңес құрамына Қызылорда «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш, «Кіші кәсіпкер әйелдер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Сыздықова қосылған. Ал, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Әбдіхалықова, «Өркениетті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақып Шаймұханбетұлы өз өтініштері негізінде кеңес құрамынан шығарылған.
Кеңес отырысында үш мәселе қаралып, алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова өңірде ҮЕҰ-мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға жүргізілген мониторинг жұмыстарына тоқталды.
– Үкіметтік емес ұйымдар – ел қуатын арттырып, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін маңызды қоғамдық институт. Бүгінгі күні облыс көлемінде 996 ҮЕҰ тіркелген. Оның 454-і өңірдің рухани, мәдени, қоғамдық өміріне белсене араласып өз үлестерін қосып келеді. Жылдан жылға мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі де ұлғайып, ҮЕҰ-ның сан-салалы бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасалуда, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары азаматтық қоғам деңгейі мемлекеттің деңгейін көрсететін, ҮЕҰ биліктің қоғаммен алтын көпірі екенін баса айтты. Сондықтан басты талап жобалардың сапасы екенін, ал сапа болуы үшін сараптамалық топтардың жұмысын жандандыру керегін жеткізді.
Жиында «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің жұмысы және алдағы міндеттер туралы Ассоциация жетекшісі Анар Ізден хабарлама жасап, қала, аудандарда Альянстың жұмысын нәтижелі жүргізу үшін өкілдерін тағайындау мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласы және Арал ауданы әкімдіктерінің ҰЕҰ-мен өзара іс-қимылы туралы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов және Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов хабарлама жасады.
Кеңес отырысында пандемиядан кейінгі экономиканы қайта қалпына келтіруде азаматтық қоғам институттары мен жергілікті биліктің бірлесіп атқаратын нақты жұмыстары және қалалық, аудандық ресурстық орталықтар арқылы ауылдық жерде жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жұмыстары пысықталды.
Кеңес қорытындысымен жауапты мемлекеттік мекемелерге әлеуметтік жобаларды ең алдымен Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерді шешуге бағыттау тапсырылды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<