Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының жарылуынан болған апаттың салдарын жоюда Сыр халқы да қарап қалмады. Ең алғашқылардың бірі болып, гуманитарлық көмекке асыққан керуендер көші бет түзеді. Дегенмен, қалыпты өмір сүруге үйренген адам санасы күйзеліске түсіп кетуі де мүмкін.
Адам баласы болғандықтан олар сәт сайын түрлі жағдайларды ойлап үлгереді. Апат орнынан дене жарақаттарын алмай шығу мүмкін, дегенмен адамның мінез-құлқына бәрібір зақым келеді. Оған айналасындағы адамдардың айқайы, жоғалған дүние-мүлік, құтқару қызметінің жеделдігі секілді тағы да басқа түрлі себептер әсер етеді. Мұндай жағдайда жүйкесі жұқарып, ашушаңдық танытып, ағзаның қалыпты жұмыс жасауы бұзылады. Тіпті кей психологиялық дайындығы төмен адамдар, түсініксіз қылық шығарып, өз-өзіне жауап беруден қалуы да мүмкін.
Бұл ғылымда дәлелденген. Сондықтан да, абдырап қалған халыққа, міндетті көмектің бірі – психологиялық көмек. Жұртшылықты мемлекет тарапынан барлық көмектер көрсетілетініне, кеткен шығындар толыққанды орнына келетініне сендіру, үміт отын жағу – үлкен жеңіс.
Біздер де дәл қазір апат орнындамыз. ҚР IIМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» облыс бойынша филиалы және Алматы облысы «Апаттар медицинасы орталығы» 1 шұғыл әрекет ету бригадасы, Шымкент каласынан «Апаттар медициналык орталығы» 1 шұғыл әрекет ету бригадасы атынан шымкенттік психолог Сапарбай Еңлікпен бірге шатырларда жатып, халықпен тікелей араласып жүрміз. Олардың күнделікті өміріне араласып, медициналық-психологиялық қолдау білдіріп, қамкөңіл жандардың күйзеліске түспеуіне жәрдем етудеміз. Психологиялық көмек іс-әрекетпен, жылы қарым-қатынаспен беріледі. Моральдық соққы алған адамдардың іс-әрекетіне таңырқамауға, қарсы пікір білдірмеуге тырысамыз. Кәсіби әдіс-тәсілдер арқылы психологиялық, психофизикалық және жағымсыз эмоционалдық қиындықтарды ретке келтіру, патологиялық жай-күйі дамуының алдын алу – біздің жұмысымыздың басты нысаны. Себебі қиындыққа тап болған адам әсерді тез қабылдайды. Дер кезінде көрсетілмеген көмектің салдарынан психикасында өмір бойы жара қалуы да мүмкін. Басты шешім – үздіксіз, тұрақты түрде жұмыс жасау.
Біз ересектермен, балалармен, қарт кісілермен де араласып жүрміз. Бүгінге дейін 500-ден аса тұрғын, оның ішінде 100-ден аса балаға психологиялық көмек берілді. Басты нысанамызды үш топқа іріктеп алдық. Бірінші топ – жедел көмек қажет ететін адамдар. Бұған апат ошағында қалып қойғандар жатады, яғни үйінділердің астында немесе суда көмексіз қалғандар. Екінші кезекте жарақат алған және жақындарынан көз жазып қалған адамдар. Үшінші топқа оқиғаға қатысушы адамдар жатады. Бастапқы екі топқа жататын халықты үздіксіз бақылап отырамыз. Ол кісілерде өз-өзіне зиян келтіру қаупі болады. Дегенмен, әзірге оқыс жағдайлар тіркелген жоқ.
Адамдарға ең бастысы жылулық керек. Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдау, мамандар қызметі, елдің ыстық ықыласы – бәрі-бәрі жандарына медеу. Арнайы мамандардан бөлек, ерікті азаматтар да апат ошақтарында қызмет көрсетіп жатыр. Психолог маман ретінде «Тыңдай біліңіз, не айтса да қарсы пікір білдірмей, келісетініңізді айтыңыз, даусыңызды көтермеңіз, «сізге қандай көмек бере аламын?» деп сұраңыз, ашушаңдық танытпаңыз, ол кісілер не айтса да қосылыңыз, мәселесіне келісе отыра, түсіндіріңіз» деп кеңес бергім келеді.
Біздің тәжірибемізде психикалық қиындық туындаған жандар кездесті. Әріптестерімізбен бірге қажетті шараларды жасадық. Психологиялық тұжырым бойынша, алғашқы күндерге қарағанда қазір халықтың жағдайы тұрақталған. Тұрғындар бізді де өз бауырларына тартып, алғысын білдіріп жатады. Бұл, әрине, мақсатты істің нәтижесі деп білеміз.
Жазира ДОСАЕВА,
ҚР IIМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» облыс бойынша филиалының психологі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<