«Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» челленджі басталды

804

0

Облыста дін істері басқармасының бастамасымен 10-22 наурыз аралығында «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» тақырыбында ақпараттық челлендж басталды. Аталған челлендж арқылы әлеуметтік желіде ұлттық тағамды әзірлеу, ұлттық киімді көрсету, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық ойындарды насихаттау және көктемгі тазалық, оның ішінде ағаш отырғызуға шақыру бағытындағы жұмыстар қамтылған.

– Бүгінде ұлт тарихын, ұлттық құндылықтарды әлеуметтік желіде кеңінен ақпараттандыру өте маңызды. Себебі жат ағымның ізінен еріп, адаспау ішін ұлттық рух пен болмыс, қазақы сенім мен түсінік керек. Біз соны қоғам ішінде насихаттап келеміз. Мәселен, қазір деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы насихат жұмыстарды күшейту мақсатында «Көмбе.SYR» атауымен YouTube арнасын аштық. Арна ішінде «Сыр-сұқбат», «Жыр-жақұт», «Поэзия патшалығы», «Көнелер көзімен», «Сыр-сандық», «Жаршы» тақырыптық бағытында бағдарламалар шығарып жатырмыз, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.

Бұдан бөлек, облыста жат ағымның арбауында қалып, теріс бағыттағы діни ұйымдардың құрбаны болған адамдарға көмек беретін, діни сауалдарына жауап беретін «Ақниет» орталығы жұмыс істейді.

– Орталық құрылғалы діни радикализмге қарсы жұмыстарды жүргізіп келеміз. Яғни, диструктивті ағымның ізінен кеткен адамдарды қайта оңалтумен айналысамыз. Біздің офис Сырдария мөлтек ауданында орналасқан. Қазір орталықта 2 теолог маманы жұмыс істейді. Олар кеңес беріп, өзіміздің дәстүрлі дінді түсіндіретін болады, – деді «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының өңірлік жетекшісі Жеңіс Маткаримов.

Сондай-ақ, аймақтағы діни ахуалды зерттеу және талдау мақсатында үнемі әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп отырады. Қазіргі таңда халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 95,4%-ы облыстағы діни ахуалдың жай-күйін «тұрақты» деп бағалаған. Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 7 конфессияға жататын 189 діни ұйым, оның ішінде 11 жергілікті діни бірлестік және 178 филиал жұмыс жасайды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<