Ұлттық құрылтай – қоғамдық сенім мен инновациялық келешек алаңы

713

0

Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын құрылған Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогты нығайту, ұлтты ұйыстыру және ел дамуының стратегиялық мәселелерін талқылау мақсатында жұмысын бастады. Бұл институт билік өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам арасында ашық пікір алмасуды қамтамасыз ету арқылы қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы үшін мағыналы алаң бола алды.

Ұлттық құрылтайдың қоғам дамуындағы мынадай рөлдерін атауымызға болады: ұлттық бірлікті нығайту; демократиялық институттарды дамыту; ұлттық даму стратегиясын қалыптастыру; дәстүрлі және инновациялық құндылықтарды қолдау; азаматтық қоғамды дамыту. Демек, Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстыру, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыру және елді басқару процестеріне азаматтық қатысуды күшейтудің елеулі тетігіне айналды.

Адам және оның жасампаздық әлеуетіне ерекше мән берілген осы жылғы Құрылтайда Мемлекет басшысы бірнеше мәселелерге тоқталды. Ең алдымен еліміздің әлеуметтік мемлекет ретіндегі қызметі назарымызды қажет етеді. Білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салу жалғасатын айта келе, еліміздегі салық саясатындағы қарама-қайшылықтар белгілі болды. Кәсіпкерлер арасында пайда болған екі негізгі топ ішінде барлық салықты адал төлейтіндер бәсекеге төтеп бере алмай жатқаны айқындалды. Бұл мәселе тек бизнес саласында ғана емес, қоғамдық өмірде белең алып бара жатқаны жасырын емес. Адал азаматтың атқарып жатқан қызметі емес, оның жағымпаздығы бағаланатын заманнан әлі алыстаған жоқпыз.

Қоғамдық әдеп мәселесінің социумда қозғалуының орындылығы да принципті сұрақ. Жасыратыны жоқ қазіргі таңда тек әлеуметтік желіде ғана емес қоғамдық қатынастарда да адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау мен жалған мәлімет таратушылар көбейіп кетті. Құрылтай жұмыстарында қоғамдық әдеп мәселесінің көтерілуі түсінікті заңнамалық тұрғыдан қарастыру және этикалық нормаларды насихаттаудың әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы салмақтылығын көрсетеді. Мемлекет деңгейінде жауапкершіліктің күшейтілуі әрбір азаматтың өзіндік мәдениеті мен этикалық міндеттемелерін арттырады. Бұл процестің сүбелі міндетіне қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, этикалық нормаларды сіңіру және азаматтар бойында сыни ойлауды дамыту жатады.

Ономастика саласын ретке келтіруде тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажеттілігі де орынды. Кейбіреулер үшін құнды болып табылатын непотизмдік жады элементтерін пайдалану әрекеттері әділ қатынастар мен жүйелерге кедергі келтіреді. Осы әділетсіздікке бірінші кезекте тарихи әділдік жауап беруге мәжбүр. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану ұлттық бірегейлікті сақтау және әділетті қоғамдық қатынастарды орнатуға ықпал жасайды. Осылайша, тарихи әділдік ғылыми негіздемелерді басшылыққа алуы тиіс. Өйткені, кез келген непотизм белгілерін пайдалану объективтілікке нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл бастамада тарихи шынайылыққа негізделген көзқарас басым болғаны дұрыс.

Мемлекет басшысының «Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады» көзқарасы ұлтшылдық пен ұлттық мақтаныш арасындағы шекараны білдіреді деп ойлаймыз. Ұлттың өзіндік қадір-қасиетін түсіну және бағалау маңызды болғанымен, өзгелерден биік қою қауіпті. Мұндай ұстаным қоғамдағы бөлінушілік, төзімсіздік және оқшаулануға әкелуі ықтимал. Халқымыздың тарихи және мәдени жетістіктерінің көптігіне қарамастан әрбір халықтың өзіндік құндылықтары мен ерекшеліктері бар екенін ұмытпаған жөн. Басқа ұлттармен өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген көзқарас ұлттың дамуына да, жаһандық деңгейде орнығуына да оң әсер етеді.

Президенттің жасанды интеллекттің қоғамдық дамудағы қызметтері бойынша көзқарастары ойландырады. Ең алдымен Президент мәдениет және идеология саласында жасанды интеллектінің ықпалы түбегейлі өзгерістерге әкелгенін баяндайды. Сонымен қатар, жасанды интеллектке толық үміт артуға болмайтындығын ескертеді. Расында да өнер мен медиа, әлеуметтік нормалар мен саяси дискурсқа жасанды интеллекттің ықпалы баршамызды бей-жай қалдырмауы тиіс. Азаматтар оның тәуелсіз қарым-қатынас жасайтын қызметші емес, ойланып пайдаланатын құрал болып қала беретінін ұмытпауы қажет. Қалай айтсақ та, адамзат шығармашылығы, сыни ойлау және этикалық пайымдау идеологиялық шеңберлер мен мәдени көріністерді қалыптастыруда басты рөл атқарады. ЖИ контент құра алады, тенденцияларды талдай алады, тіпті мәдени өзгерістерді болжай алады. Дегенмен, интерпретация, моральдық пайымдау және адам тәжірибесін терең түсіну әлі де адам үлесіне байланысты. Сондықтан жасанды интеллект адам ойын алмастырмайды, тек күшейтеді.

Цифрландыру процесіне Президенттің жеке қатысуы, халықаралық мамандармен және кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасауы мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр. Бұл қадам стратегиялық көзқарас және әлемдік технологиялық процестерге белсенді қатысу қажеттілігін білдіреді, елді прогрессивті түрде дамытады. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтудағы маңыздылығы жоғары, ал жасанды интеллект экономика, еңбек нарығы және мемлекеттік басқаруды өзгерте алады. Бюджеттік процестер, салықтық және кедендік әкімшілендіруді оңтайландыру, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жеңілдетуге көңіл бөлінуі қуантады. Ұсыныстар мемлекеттік институттар жұмысының тиімділігін жоғарылатады, басқарудың ыңғайлы және ашық жүйесін құрады.

Мемлекет басшысының жасанды интеллект негізіндегі Қазақстан дамуының басым бағыттары бойынша көзқарастары елдің тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етудегі стратегиялық және перспективалық түрткілер. Энергетика және агроөнеркәсіп кешені салалары экономикалық өсу мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызы бар іргелі секторлар. Салаларды инновациялық технологияларды пайдалана отырып дамыту еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтады. Адами капиталдың басымдық ретінде айқындалуы да елеулі қадам. Өйткені адами капитал білім, ғылым және кәсіби дайындыққа салынған инвестицияның елдің жаңа дәуірдегі сын-қатерлеріне бейімделу қабілетін анықтайды. Мұндай жүйелі тәсіл Қазақстанның тұрақты ілгерілеуі мен өркендеуіне берік негіз жасайды.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтайдың жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жетекші рөл атқарып, ұлттық бірлікті нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және азаматтық қоғамды қалыптастыруға серпін береді. Мемлекет басшысының бастамалары мен ұсыныстары Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың негізі ретінде қарастырылады. Құрылтайда көтерілген мәселелердің ішінде әлеуметтік әділеттілік, салық саясатының айқындылығы, қоғамдық әдептің сақталуы және тарихи әділдіктің орнығуы ерекше маңызға ие. Бұл мәселелер азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдағы сенім деңгейін арттыру тұрғысынан өзекті. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және адами капиталды дамыту мәселелері елдің стратегиялық дамуы үшін сұраныстағы факторлар ретінде белгіленді. Осылайша, Ұлттық құрылтай еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылын нығайтуда маңызды тетік болуда. Алдағы уақытта да бұл алаң ұлттық даму стратегиясын жетілдіру мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында тиімді жұмыс істейді деп сенеміз.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

философия және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер секциясының қауымдастырылған

профессоры