Ынтымақтастыққа тың серпін

511

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мем­ле­кеттер арасындағы өзара қарым-қа­тынастар мен ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан министрдің бұл сапарының маңызды екенін айтты.


– Қазақстан мен Ресей – одақтас әрі стратегиялық серіктестер. Ынты­мақтастығымыздың күн тәртібі өте тығыз және қол жеткізген уағда­лас­тықтарды жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқаруды қажет етеді. Сондықтан сіздің сапарыңыз бары­сында және ведомство басшылары деңгейіндегі, сондай-ақ, ең жоғары деңгейдегі кездесулер барысында алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз деп ойлаймын. 23 наурызда Владимир Путинмен өңіраралық кездесу өт­кізудің маңыздылығы туралы сөй­лестік. Өкінішке қарай, пандемия сал­дарынан кейінге шегерілді. Біз кез келген форматта, мүмкіндігінше бетпе-бет кездесуге уағдаластық. Егер мұның сәті түспесе, онда аталған кездесуді видеоконференция ре­жимінде міндетті түрде өткіземіз. Өйт­кені бұл аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станға вакцинаның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.


– Біз пандемияға қарсы бірлескен күресте түсіністік танытып, көмек көрсеткені үшін Ресей басшылығына, Ресей Федерациясының Прези­дентіне ризашылығымызды біл­діре­міз. 23 наурызда сөйлескен кез­де Ресейден қосымша 4 миллион мөл­шерде вакцина алу жөнінде мәсе­ле көтердім. Менің өтінішімді түсініс­тікпен қабылдады. Бұған дейін біз Қарағанды фабрикасында бірлесіп вакцина өндіруге уағдаласқан едік. Қазір өндіріс жолға қойылды. Жа­қында ғана мен өзім де Қазақ­стан­да өндірілген «Спутник V» вак­цинасын салдырдым. Жуырда Үкі­меттің кеңесін өткізіп, халықты жаппай вакциналауды жеделдетуді тапсырдым. Бұл міндет, біріншіден, нарыққа вакцинаны тиісті мөлшерде жеткізуге, екіншіден, халыққа вак­цина салудың маңыздылығын түсін­діру жұмыстарын жүргізуге байла­нысты. Қазір жұрттың көпшілігі бұл шараның маңыздылығын толық түсінбей жатыр. Әрине, біз вак­цинаны тегін саламыз. Сондықтан мен өзім де вакцина егуден басқа жол жоқ екенін үнемі айтып келемін, – деді Мемлекет басшысы.


Өз кезегінде Сергей Лавров Пре­зи­дент Владимир Путиннің сәле­мі мен ілтипатын жеткізіп, Ресей та­ра­пы вакцина жеткізу мәселесін ше­шетінін айтты.


Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспек­тілері, оның ішінде, сауда-эконо­микалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар, ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.


– Келесі айда видеоконференция форматында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл біздің коронавирус індетінен кейінгі кезеңдегі ынтымақтастығымызды жалғастыруға бағытталған ортақ күш-жігерімізді жұмылдыру жолын­дағы маңызды кезең. Өзіңіз атап өткендей, біз Президенттердің қаты­суымен өтетін 17-аймақаралық форум­ды өткіземіз. Бірақ оның қан­дай форматта болатыны эпиде­мио­логиялық жағдайға байланысты. Біздің қарым-қатынастарымыз өте жақсы. Сауда-экономикалық ынты­мақтастық мәселелері бойынша премьер-министрлер екі рет кез­десті, вице-премьерлер одан да жиі байланыс жасап тұрады. Қарым-қатынастар пандемия кезінде де үзілген жоқ. Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – біздің ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз. Байқоңырдағы біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі өркендету және Қазақстанның ғарыштық әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарымыз қарқынды жүріп жатыр, – деді Сергей Лавров.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<