Заманауи медиа және баспасөз қызметі

1229

0

Бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз қызметінің қарым-қатынасы механизмін жетілдіруді мақсат еткен семинар осылай аталды. Маңызды шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, мамандар үшін сапалы контент жасау, мақсатты аудиториямен тиімді жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.

– Біздің өңір – қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың қайнаған ортасы. Сонымен бірге ұлтжанды журналистердің алтын ұстаханасы. Сыр журналистикасы креативті, пассионарлы және объек­тивтілігімен ерекшеленеді. Осы ретте, облысымызда мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында бекітілген мамандар журналистермен тығыз байланыс орнату қажет. БАҚ беттеріне жарияланатын нақты мәліметтерді ұсына білулері тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Семинарға аймақтағы мемлекеттік мекемелерден 60-қа жуық баспасөз хатшысы, PR менеджер қатысып, секциялық жұмыстарда шеберлігін шыңдады. «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы, «Үштаған» ақпараттық-сараптама бағдарламасының жүргізушісі Айнұр Тұңғышбаева «Баспасөз қызметі – ТВ-Ньюсмейкер» тақырыбында, «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы «Ақпарат алмасудағы баспасөз хатшыларының рөлі», блогер, «Социум-Қызылорда» қоғамдық қорының басшысы Ерлан Мұсаев «Сапалы контентті қалыптастыру, ақпаратты берудің жаңа стильдері мен әдістері» тақырыбында дәріс оқыды.

– Онлайн-медиа нарығы алуан ­түрлі. Жаңа трендтердің шығуымен жаңа бағыттар пайда болуда. Қазірдің өзінде  түрлі аудиторияны жетік білетін, әлеуметтік желі, мессенджерлерде жұмыс істей алатын SMM мамандары сұранысқа ие болып отыр. Интернет аудиториямен өзара қатынастың қандай да бір көрсеткішін өлшеп отыруға арналған құралдар жұмыстың маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Олардың көмегімен контенттің тиімділігін сараптауға, материалды ілгерілету стратегиясын құруға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді Ерлан Мұсаев.

Семинарда онлайн-құралдарды таңдау кезінде тегін және ақылы сараптама сервистерінің әртүрлі екенін ескеру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар қаралым мен оқылым саны туралы деректер материалдың құндылығы жөнінде түсінік қалыптастыруға көмектескенімен, құралдар көмегімен өлшеуге келмейтін факторлар барын ұмытпаған абзал. Мәселен, материалдың әлеуметтік маңызы. Басқаша айтқанда, сан көрсеткіші әр кезде сапа көрсеткіші бола алмайды. Оған қоса таймлайн­ға, яғни уақыт желісін пайдалану, қай уақытта материалға аудитория назары көбірек ауады деген дүние назардан тыс қалмағаны жөн. Бұл кеңестердің барлығы мамандарға әлеуметтік желідегі жұмысты көрсетуге ықпал етеді. БАҚ-пен байланыс­ты күшейту, нақты ақпаратты дер кезінде ұсыну, баспасөз релизін сауат­ты жазу мәселесі де назарда.

Қатысушылар медиасауатты­лықты арттыруға бағытталған бұл шарадан түйгені көп. Олардың ендігі мақсаты – оны қажетке жарату.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<