«Жайлы мектептерге» инфрақұрылым толық жеткізілді

170

0

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асу барысы талқыланды. Мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Республикада алғашқылардың бірі болып, 2024 жылдың қазан айында Қызылорда қаласында 900 орындық мектеп ел игілігіне табысталды. Жыл басында Қызылорда қаласында, Жаңақорған және Арал аудандарында 4 мектеп пайдалануға берілді.

Жақын күндері, Наурыз мейрамы қарсаңында Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектеп ашылады. Қалған 4 мектептің құрылысына келсек, Қызылорда қаласы «Арай» мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектептегі жұмыс 53 пайызға, «СПМК-70» шағын ауданындағы 1500 орындық мектепте 35 пайызға, Қызылжарма ауылындағы 600 орындық мектепте 62 пайызға, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мек­тепте 60 пайызға орындалған. Жай­лы мектептер жаңа оқу жылына дейін табысталады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2023 жылы 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталған болатын. Өткен жылға жоспарланған 21 млрд 300 млн теңге толық игерілді. Қызылорда облысының әкімдігі инфрақұрылым жеткізу үшін жергілікті бюджеттен бөлген 118,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жергілікті бюд­жеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда 10 мектепке инфра­құрылым толық жеткізілді. Мек­теп­тердің іргелес аумақтарын абат­тандыру, жол салу үшін 2 млрд 80 млн теңге қаржы қаралды. Мердігерлер анықталып, жұмыс жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» респуб­ликалық экологиялық бағдар­лама­сының өңірлік жоспары бекітіліп, кешенді жұмыс жүргізілуде.

Аймақта 17 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 7 балалар ойын алаңы жөн­деу­ден өткізілді, 14 спорт және ойын алаңы салынды. Демеушілер есебінен 63 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде.

Облыс орталығынан бастап бар­лық елді мекендегі мекеме ғимарат­та­ры, аулалар, ойын алаңдары, аял­да­­малар, жарық бағаналары бірың­ғай архи­тектуралық талаптарға сәйкес­тендірілді.

Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы екі жылда үздікатанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл осы бағытқа 564 млн теңге бөлініп, жеңімпаздарға 19 коммуналдық техника берілмек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<