Жалағаш ауданында өндірістік жобаларға басымдық беріліп келеді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 2,2 млрд теңгенің 6 жобасы енгізілген. Соның аясында күріш ақтау, кондитерлік өнімдер шығару, арнайы киімдер дайындау, мақсарыдан май, жүгеріден ұн, күріштен лапша өнімдерін шығаратын цехтар іске қосылып, 47 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұндай ауқымды жобалар аудан экономикасының дамуында оң тенденция қалыптастырары анық.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ардақ Ибраимов алғашқы жарты жылдың қорытындысына тоқталды. Айтуынша, барлық салада көрсеткіш жоғары. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 139,3, өңдеу өнеркәсібі 222,3, инвестиция тарту 102,1, бөлшек сауда 101,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 102,5 пайызға артқан.
Жыл басынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2786-ға жетіп, оның 96 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Қаржы институттары арқылы кәсіпкерлер ұсынған 127 жоба 2,4 млрд теңгеге қаржыландырылып, 135 жаңа жұмыс орны ашылды.
– Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, алдыңғы жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 22 жоба қаржыландырылып, 24 жұмыс орны құрылды.
Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Аудандағы 338 шаруашылықтың 202-сі егін және 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Осы жылы 37149 гектар жерге егін егілсе, күріш 19764 гектар. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес егін алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 167 гектарға көбейтілді. Шаруашылықтар 14 техника сатып алды, – деді аудан әкімі.
Жол құрылысы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл бағытқа бюджеттен 1 млрд 31 млн теңге бөлінген. Оған аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы, Жалағаш кенті және 6 елді мекеннің 38 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі күрежолдың барлығы күрделі жөндеуден өткен.
Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесін қайта жаңғыртудың құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Жалағаш кенті, «Еңбек», М.Шәменов ауылдарының электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілер есебінен жоба-сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған.
Елді мекендерді табиғи газға қосу жалғасуда. «Қаракеткен» және Далдабай елді мекендерін газдандыруға 1 млрд 178 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталды. Бұқарбай батыр елді мекенін газдандырудың жоба-сметалық құжаттары демеушілер есебінен әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке ұсынылды.
Әлеуметтік салада да оң серпін бар. Ұлттық жоба аясында 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 7 жоба бойынша 103 адам жұмыспен қамтылған.
Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу байқалады. Соңғы үлгідегі аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Республикалық бюджеттен 388 млн теңге қаржы бөлініп, «Қаракеткен» ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ғимараты салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Жаңа нысан емделушілерге сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған.
Мәдениет саласында да бірқатар жоба іске асырылуда. «Руханият орталығы» ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Онда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдар біріктірілген.
– Жыл соңына дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі жақсарту үшін салық түсімі көздерін, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту жұмыстарын жалғастыра береміз. Жалпы қолға алынған жобалардың барлығы іске асып келеді, – деді Ардақ Ибраимов.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






