ХХ ғасырдың басында яғни, 1925-1928 жылдары Қызылорда еліміздің астанасы болып тұрғанда, біздің қаламыз – Қазақстандағы ең жасыл қала аталған екен. Сондықтан әр қызылордалық өз қаламыздың сондай мәртебесін қайта қалпына келтіруге атсалыссақ деймін. Қазір «Южный» ауданынан жаңа мешітке дейін көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тек соны уақытылы суарып, қарап тұрса болды. Ол үшін төмендегі талаптарды ескеріп, жұмыс жасасақ, әрмен қарай табиғат өзі реттеп алары сөзсіз.
Қаланы көгалдандыруға пайдаланатын ағаштар олардың негізгі қасиеттеріне және көгалдандырудағы мақсатқа орай таңдалып алынуы шарт. Айталық, қала халқының демалыс орны болатын жерлерге осы ағаштардың белгілі бір түрлері ғана жарасса, тұрғын аудандарды желден қорғау, өнеркәсіптік кәсіпорындардан, транспорт шуынан бөлу үшін басқа ағаш түрлері пайдаланылады. Осыған байланысты қалаларды көгалдандыруға арналған ағаштарды жалпы, шектелген және арнайы мақсатта егілетін деп үш топқа бөледі.
Жалпы халық тұтынатын ағаштарға парктер, бақтар, скверлер, бульварлар мен көшелердегі жасыл желектер жатады. Олардың әрқайсысының өзіндік функционалдық ерекшелігі бар және елді мекендерді көркейтудегі маңызы зор. Бұл ағаштарды халықтың тығыздығына қарай пайдалануға тиімді етіп отырғызу қажет.
Қала халқының белгілі бір бөлігі ғана пайдаланатын өсімдіктерге оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, балалар мен емдеу-сауықтыру мекемелерінің, өнеркәсіп орындарының төңірегіне және тұрғын аудандардың ішіне отырғызылатын ағаш-бұталар, гүлдер жатады. Бұлардың түрлерін таңдап алу кезінде олардың функционалдық ерекшеліктерін есте мықтап ұстау қажет. Мәселен, мектеп маңына егілетіндерінің түрлік құрамы табиғаттану мен өлкетану мақсатына орай барынша бай болуы тиісті. Ал емдеу-сауықтыру және балалар мекемелері үшін санитарлық-гигиеналық қасиеттері басым өсімдіктер қажет болса, басқа бір орындарға сәндік өсімдіктерді отырғызған тиімді. Өнеркәсіптік мекемелер еңбекшілерінің жұмыс істеуіне, дем алуына қолайлы орындар жасауға қажет өсімдік түрлерін таңдап ала білу шарт.
Қандай мақсатта отырғызылатынына қарай әрі биологиялық ерекшеліктеріне байланысты ағаш-бұталар таңдап алынады. Мысалы, су эрозиясын тоқтату үшін тамыр жүйесі барынша тармақталған әрі қуатты ағаш тұқымдарын пайдаланған абзал. Батпақты жерлерді құрғату үшін буландырғыш қабілеті жоғары, ал автомобиль жолдарының бойына газ, түтін және шаң ұстағыш ағаштар отырғызудың қажеттігін жоғарыда айтып өттік.
Баққа оранған парктер салу үшін әртүрлі безендіру, гүлдендіру (клумбалар, бордюрлар, миксборгерлер, партерлер, пергольдер салу) жұмыстары жүргізіледі. Олар парктер мен бақтарды, скверлер мен бульварларды, балалар үйлері мен қоғамдық мекемелердің, мектептердің, зауыт-фабрикалардың территорияларын сәндендіріп, сұлу ғимараттардың архитектуралық бейнесін аша түседі. Гүлмен безендіріп, көркейту жұмыстарына орай оған тартымды рең беретін түсті таңдап ала білудің де маңызы зор.
Клумбаларға жолдармен бөлінбеген, әртүрлі геометриялық формадағы, шағын, небәрі 10-15 шаршы метр болатын бөліктер жатады. Оларға негізінен топырақ бетін жауып тұратын әртүрлі гүлді өсімдіктер, жапырақтары сәнді самшит, юкки тәрізді бұталар да егіледі. Клумбалардың құрамына газондар да кіреді. Рабаткалар деп ұзақ гүлдейтін көпжылдық өсімдіктер егілген, пішіні төртбұрышты бөлікті айтады.
Бордюрлерге қандай да болмасын бір көгал алаңды сыртынан қоршап тұратын, гүлдеп тұрған немесе жапырақтары сәнді өсімдіктерден тұратын жіңішке алаптар жатады. Бордюрлер гүлмен безендіру жұмыстарында жиі қолданылады.
Қаланы көгалдандыру жұмыстарын оның алдын ала ойластырылған бас схемасына сәйкес жүргізу керек. Сонда ағаштарды кездейсоқ отырғызуға жол берілмейді, оны ғылыми негізде және жоспарлы жүргізуге, сондай-ақ санитарлы-гигиеналық тұрғыдан атқаруға мүмкіндік туады. Тұрғын кварталдардың ортасына ойластырылып салынған сквер қалаға көрік беріп қана қоймай, ауадағы шуды басып, шаңды және басқа да қоспаны бойына тартады. Одан тарайтын салқын ауаның қозғалысы арқылы сол төңіректің температурасы төмендейді, ауа өсімдіктер сүзгісінен өтіп, тазарып, қоңыржай климат, яғни, жергілікті жердің микроклиматы қалыптасады.
Қала-селоларды көгалдандыру жұмыстарына қойылатын негізгі талаптардың біріне жердің рельефіне, топырақ жағдайларына сәйкес келетін сәндік өсімдіктердің түрлерін таңдап ала білу жатады. Жер жағдайы өсімдіктің биологиялық қасиеттеріне неғұрлым сәйкес болса, онда отырғызылған ағаштар оңай жерсінеді және олардың сәндік қасиетінің ашылуы соншалықты жоғары болмақ. Сондықтан да сәндік өсімдіктердің түрлік құрамы егістік жердің физикалық жағдайына тәуелді болады. Аридті (қуаң) аймақтардағы елді мекендерді көгалдандыру, олардың сәулеттік кейпіне жергілікті рең беру, бүлінген жерлерді рекультивациялау, кен қазу барысында пайда болған, күл үйінділерін бекіту жұмыстарын жүргізу. Сондай өңірлерге барынша ыңғайлы, жергілікті жердің климат жағдайына бейімделген өсімдік түрлерін таңдап ала білуді қажет етеді.
Республика территориясының көпшілік бөлігіндегі қолайсыз климат жағдайлары, антропогендік факторлардың табиғатқа кері әсерінің жылдан жылға күшейе түсуі бұл жерлердегі елді мекендерді көгалдандыру принциптерін түбірінен қайта қарауды қажет етеді. Ол ең алдымен, өсімдіктің қажетті түрлерін ала білуден, олардың экологиясын зерттеп, жергілікті климат жағдайларына бейімделгіштігін анықтаудан басталуы тиіс.
Ағаштар мен бұталарды Қазақстанның қуаң аймақтарына жерсіндіріп тарату топырақ жағдайына, әсіресе өсімдіктің сумен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сондықтан жаңа мекенге жерсіндірілген өсімдіктерді олардың биологиялық ерекшеліктеріне сай күтіп-баптау қажет. Мұның өзі олардың жақсы жерсініп, ұзақ уақыт өсуін қамтамасыз етіп, сәндік және санитарлық-гигиеналық маңызын арттырады.
Ағаштардың қоршаған ортаны жақсартудағы маңызы өте мол. Ауа райының да өзгерісі қоршаған ортаға үлкен кері әсерін тигізеді. Мысалы, 1987 жылы аптап ыстықтың салдарынан Грекияда 1300-ге тарта адам өмірімен қоштасқан еді. Оның 1200-і Грекия астанасының тұрғындары.
Афина қаласы өте тығыз орналасқан қалалардың бірі және жасыл желек бірен-саран ғана сақталған. Бұлардың жалпы көлемі қала аумағының жалпы көлемінің 36%-не тең. Ал негізінде мұндай жерлерге жасыл желек қажет-ақ.
Өсімдіктер жарық жібермейтін экран қызметін атқарады, яғни, күннің жарығын бойына сіңіріп, кері шағылыстырып бәсеңдетеді, спектрлік құрамын өзгертеді. Жанармайдың қалдықсыз, толық жағылуын қамтамасыз ету, ауаның ауыр металдармен, шаңмен, аэрозольдармен, улы газдармен ластануына жол бермеу, қалдықсыз технологияны игеру сияқты өзекті экологиялық мәселелер негізінен техникалық жолдармен шешілуі тиіс. Дегенмен, орта жағдайын жақсартуда жасыл желек те маңызды роль атқаратынын айтқан жөн, әсіресе, оның санитарлық-гигиеналық қызметінің мәні өте зор. Қазіргі кезде қала салу жұмыстарында міндетті түрде қойылатын талаптардың біріне құрылыс аймақтарын көгалдандыру жатады. Бүгінде Қызылорда қаласындағы салынып біткен Арай-2, Арай-3 шағын аудандарында аяқ су жүретін арықтар салынған, бірақ оған келетін су жолы қарастырылмаған. Ал оған қаншама бетон латоктар, қаражат бөлінді, барлығы бос, құм басып кеткен. Оны тексеріп жатқан кім бар? Соған қарамастан тұрғындар ауланы өз бастамаларымен жасыл желектендіріп жатыр. Ендігі мәселе, осы жасыл желектерді суаратын суға төлемді жеңілдетсе екен деген тұрғындар ұсынысы бар. Өйткені суды бірінші қабаттағы үйлерден алып жатыр.
Жасыл көшеттің жан-жақты маңызы бар. Экзотикалық (ландшафты архитектура, жолдардың жағалауларын, демалу орындарын түрлендіру, т.б.), қалаларды көркейту, қаланы қорғау (шаңнан, газдан, шудан, күннен), санитарлық-гигиеналық. Қала ішіндегі шудың 60%-ін ұстап қалады. Өсімдіктер көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, оны ыдыратып, ауаны оттегімен және жеңіл иондармен байытады, шуды азайтып, қаланы желден, шақырайған күннен сақтайды, ауадағы шаңды, ыс-күйені, транспорттың улы газдарын жұтып, олардың мөлшерін азайтып отырады. Бір гектар жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді екен. Ол 200 адамның осы уақыттың ішінде (тыныс алу кезінде) бөліп шығаратын СО2 -ге тең. 25 жылдық терек жазғы 5 айда 44 келі, емен 28 келі, ал жөке ағашы 16 келі көмірқышқылын сіңіреді.
Жаздың ашық күндерінде 25 м2 көлеміндегі жапырақ беті бір адамның тәулік бойы демалуына жеткілікті 17,3 м2 немесе 23 келі оттегіні бөліп шығарады. Бір ағаш оншақты адамды оттегімен қамтамасыз ете алады. Ал бір автомобиль 100 шақырым жол жүру үшін бір адамның 1 жылда демалуына жеткілікті оттегісін жағады екен. Сондықтан қазіргі автокөлік ғасырында қалаларда жасыл көшеттерді барынша көбейтудің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Қалаларды көгалдандыру кезінде пайдаланылатын көшеттердің фитонцидтік қасиеттеріне көңіл аударған жөн. Өсімдіктерден ауаға тарайтын фитонцидтер ауаны зиянды микроорганизмдерден тазартып, иондық құрамының тұрақты болуына ықпал етеді, атап айтқанда, адамның денсаулығына қолайлы иондармен байытады. Ағаштардың фитонцидтілік белсенділігінің ең жоғары болатын кезі – шілде айы. Кейбір қылқан жапырақтылардың, сондай-ақ теректің көптеген түрлерінің фитонцидтік белсенділігі қазан айына дейін кемімейді.
Г.М.Илькунның тәжірибесінде атқарған вегетация кезеңінде 1 келі құрғақ жапырағына шаққанда 69 грамм, кәдімгі шегіршін 39 грамм, сүйрік жапырақты жиде 87 грамм, қара терек 57 грамм, (SO2) күкіртті газдарды жұтатыны көрсетілген. Күкіртті газдар (SO2) өсімдіктің жер бетіндегі бөлігімен тамыр жүйелеріне қарай жылжиды. Одан әрі күкірттің қосылысы топыраққа өтеді. Осылайша өсімдік құрамындағы күкіртті қажетті шамада сақтап, ал уыттың мөлшерін топыраққа бөліп шығарып отырады. Жасыл желек атмосферадан күкіртті газдан басқа фенол, хлор, эфир, фтор ароматты көмір сутектері тәрізді әртүрлі заттарды бойына сіңіреді. Газжұтқыштық қасиеті жоғары ағаш түрлеріне Канада терегі мен пирамида тәрізді теректер, шетен жапырақты үйеңкі, сүйрік жапырақты жиде, майда жапырақты жөке, ақ тұт, кәдімгі бирючина, қанқызыл долана жатады.
Сөзімнің басты да маңызды мәйегі, осы жоғарыда айтылған ағаш түрлері біздің Қызылорда қаласының климаты мен топырағына бейімдеу келеді. Сондықтан осы аталған ағаштарды қаламыздың көркін көркейтіп, ауасын тазартуға пайдаланып, жасыл желекті молайтуға пайдаланған жөн деп санаймын.
О.АЙДАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<