Кондитерлік орталық ашу үшін жоба жетекшісі Айдана Ілиясова былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл қаржыға жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, орналастырды. Қазір «Айсұлтан» кондитерлік орталығында тұрғындар тапсырысына сай тәтті тоқаштар, әртүрлі үлгідегі торттар әзірленеді. Орталық жетекшісі төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айдана Ілиясованың негізгі мамандығы – қаржыгер. Он жылдай аудандық білім бөлімінде еңбек етті. Соңғы жылдары бала күтіміне байланысты демалыста болатын. Осы уақытта ақпарат көздері арқылы жоғарыда аталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарттарымен танысып, бағын сынап көрді. Нәтижесінде, бағдарлама аясында кондитерлік салада қосымша білім алып, өз кәсібін бастады.
– Жалағаш ауданының сауда-саттық саласына көп еңбек сіңірген Боранкүл Бегімбетова – менің әжем. Сол кісінің тәлімін алған анам Сәуле Баймағанбетова да – бүгінде жеке кәсіпкер. Сондықтан бұл салада біздің отбасылық тәжірибеміз бар, – дейді Айдана Ілиясова.
Бүгінде ауданда үш кондитерлік орталық қызмет көрсетеді. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестік орнатып, жұмыс сапасының артуына ықпал ететіні сөзсіз.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<