Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастырумен баспасөз туры Қармақшы ауданында жалғасты. Кейінгі жылдары Қармақшы ауданының қай саласына көз жүгіртсеңіз де, ілгерілеу мен жаңғырудың жарқын іздері байқалады.
Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық өсім, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән берілуде.
Жаңа ғимарат – жаңа мүмкіндік
Баспасөз туры барысында журналистер бірқатар нысанның жұмысымен танысты. Алғашқы аялдама Қармақшы ауылдық округіне қарасты фельдшерлік-акушерлік пункт болды. Өткен жылы ел игілігіне берілген бұл медициналық мекеме ауыл халқының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Заманауи үлгіде салынған нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерген.

– Бұған дейінгі медициналық пункт 1956 жылы салынған, ескі болатын. Жаңа ғимарат – тұрғындар үшін зор мүмкіндік. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған, медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған, – дейді фельдшер Шахмардан Нұртасұлы.
Мұнда фельдшер, балалар дәрігері мен акушер тұрақты қызмет атқарады. Мамандар шақырту бойынша да үйге барып қызмет көрсетеді. Ғимараттың ішінде ем-шара бөлмесі, вакцина салатын және акушерлік кабинет бар. Сонымен қатар, ЭКГ және магнитті терапия аппараттары сияқты заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Жалпы Қармақшы ауылдық округіне Абыла, Қызылтам, Анакөл ауылдары кіреді. Орталығы – Абыла ауылы. Өткен жылы ауыл «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін үлгілі ауылдардағы абаттандыру жұмыстарын қаржыландыру жобаларына арналған 15 млн теңгені иеленді. Бұл қаржыға ауылдың орталық алаңы жаңғыртудан өтіп, жаңа сахна бой көтермек.
Теміржол вокзалының жаңа келбеті
Баспасөз турының келесі бағыты аудан орталығы – Жосалы кенті. Мұнда БАҚ өкілдері ғасырлық тарихы бар теміржол вокзалының қайта жаңғыру жұмыстарын көрді. XX ғасырдың басында бой көтерген вокзал күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған. Биыл «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның тапсырысы бойынша қолға алынды.
Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Самат Қабақовтың айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары сәуір айында басталып, бүгінде 60 пайызы еңсерілген. Бас мердігер – «Р және А сервис ЛТД» ЖШС, құрылысқа 25 адам жұмылдырылған.
– Вокзал көз алдымызда жаңарып келеді. Бұл – жай ғана транзиттік нүкте емес, ауданның сәулеттік келбеті. Сондықтан оның қасбетін жаңарту кезінде ең ұсақ бөлшектерге дейін ерекше мән беріліп отыр. Ғимараттың сыртына травертин қолданылып, әрлеу жұмыстары көркемдікпен үйлестіріледі. Жөндеу тек сыртқы келбетпен шектелмейді. Шатырдан бастап, күту залдарына дейін жаңарып, жарықтандыру және желдету жүйелері де толықтай жаңғырады.
Басты мақсат – жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау. Жаңа орындықтар, тап-таза қабырғалар, навигация жүйесінің тиімділігі, мұның бәрі ыңғайлы әрі заманауи атмосфера қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар вокзал аумағы да назардан тыс қалмайды. Тротуарлар салынып, жарық шамдары орнатылып, жасыл желекпен көмкеріледі, – дейді Самат Қабақов.
Қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сол сәтте Жосалы вокзалы өзінің тарихи маңызын сақтай отырып, жаңа кейіпке енеді.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Қармақшы ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Әсіресе, құрылыс заттарын өндіру ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Сондай кәсіпорынның бірі – «АНК-Дәулет» ЖШС өндірістік цехы. Дәулет Қанатбайдың жетекшілігімен құрылған бұл кәсіпорын тек газ блоктарын шығарып қоймай, айналасына тұтас өндірістік экожүйе қалыптастырған. Бүгінде компания құрылыс құмын, құм-қиыршық тас қоспаларын өндіреді және оларды құрылыс нысандарына дер кезінде жеткізумен айналысады.

Өткен жылдан бастап кәсіпорын «Қызылорда микробизнесі» бағдарламасы аясында 60 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, құрылыс саласына аса қажетті заманауи материалдарды өндіруді жолға қойды. Мұндағы өнімдер жоғары беріктігімен, жылу ұстау қабілетімен және энергия тиімділігімен ерекшеленеді. Ең бастысы, өнім аймақтың климаттық ерекшеліктеріне толық сай келеді.

Өндіріс жетекшісі Талғат Құлымбаевтың айтуынша, өнім өндіруде жергілікті шикізатқа басымдық беріледі. Мәселен, құм жергілікті жерден, цемент Шиелі ауданынан алынады. Ал алюминий ұнтағы мен аммоний сульфаты секілді маңызды қосалқы компоненттер Ресей мен Алматыдан жеткізіледі. Барлығы заманауи жабдықтармен дәл өлшеніп, өндіріс процесі қатаң бақылауда ұсталады. Кәсіпорын бүгінде 50-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Дүр Оңғар ауылындағы өзгерістер
Тілшілер қауымы мұнан кейін Дүр Оңғар ауылында болды. Екі мыңнан астам халқы бар ауыл кейінгі жылдары тың серпінмен түлеуде. Мұнда жақсы өзгерістер мен жарқын істер жетерлік. Әсіресе, денсаулық саласы, бұқаралық спорт, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығында серпінді жобалар бар. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылдың қаңтар айында ауыл тұрғындарына айрықша қуаныш сыйлаған жаңалық – жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы. Заманауи талаптарға сай, жарық әрі кең ғимаратты «Бақ-Береке 2030» ЖШС сапалы салып шыққан.
Аға медбике Айзада Айтұрсынованың айтуынша, амбулаторияда 10 қызметкер жұмыс істейді. Күніне 30-ға жуық науқасқа қызмет көрсететін бұл нысан тіркеу бөлімінен бастап егу, зертхана, физиокабинет, күндізгі стационар мен оқшаулау бөлмесімен толық жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус, кең есік, ыңғайлы санитарлық торап та қарастырылған.

– Адам өзінің қамқорлықта екенін сезінсе, тез сауығады. Біздің жұмысымыздағы басты қағида осы, – дейді Айзада Айтұрсынова.
Амбулатория жанында тағы бір маңызды әлеуметтік нысан орналасқан. Ол – былтыр желтоқсанда ашылған заманауи спорт кешені. Екі қабатты ғимаратта кең залдар, жаттықтырушылар бөлмесі, душ және киім ауыстыратын бөлмелер, тренажерлар, үстел теннисі залы, тіпті алғашқы медициналық көмек бөлмесіне дейін бар.

– Мұнда қазақша күрес, еркін күрес, дзюдо, таэквондоға арнайы жаттығу бөлмелері ұйымдастырылған. Қазіргі таңда кешенде 200-ге жуық бала спортпен тұрақты айналысады, – дейді аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ғалымжан Ержанов.
Расымен спорт кешені ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік алаңы болып тұр.
– Бұрын едені суық, тар жерде жаттығатын едік. Қазір зал кең, жылы, татами жаңа. Ең маңыздысы, достарыммен бірге жаттығу жасау мотивация береді. Бүгінде спорт өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Біздің арамыздан да мықты спортшылар шығады деп ойлаймын, – дейді жас балуан Дарын Қыдырбай.
Мұндағы тіршіліктің серпін алуы тек денсаулық, спортпен шектелмейді. Ауыл әкімі Әбімүсілім Қоқановтың айтуынша, бүгінде газдандыру қарқын алып, 90 шақырымнан астам газ құбыры тартылуда. Сонымен қатар, электр желілері де жаңартылып жатыр.
– Жұмыс белгіленген кесте бойынша атқарылуда. Жыл соңына дейін 400-ден астам үй «көгілдір отынмен» және сапалы электрмен қамтылады, – дейді ауыл әкімі.
Мұнда белсенді еңбек ететін серіктестіктердің бірі – «Жаңажол» ЖШС. Кәсіпорын 2004 жылдан бері өңірдегі ірі шаруашылықтардың біріне айналған. Директоры Орынбасар Төлеповтің айтуынша, биыл 4,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның 3 мың гектары күріш, 300 гектардан астамы бидай, ал 40 гектары жүгері. Сондай-ақ 2 гектар жерге картоп егіліп, 1000 гектардан астам аумақта жоңышқа өсірілуде.



Кәсіпорын 360 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, 2017 жылдан бері өсірілген алма бағы да бар. Қазірдің өзінде бақтан жыл сайын бес тоннаға дейін өнім жиналуда. «Симиренко», «Голден Делишес», «Бес жұлдыз», «Белый налив» секілді түрлі сорттар өсіріледі. Өткен жылы бақ 5 гектарға кеңейтіліп, 8 мыңнан астам көшет отырғызылды. Израиль технологиясы бойынша тамшылатып суарылады.

«Жаңажол» ЖШС болашаққа тың жобалар қарастыруда. Олардың бірі – көкөніс пен жеміске арналған, жалпы сыйымдылығы 1000 тоннаға дейін өнім сақтау қоймасы. Бұл қойма болашақта консерві өнімдерін, салат, джем, компот өндіретін цехпен толықтырылмақ. Жоба құны – 364 миллион теңге.
Ал екінші жоба – 400 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы. Онда жем-шөп дайындайтын жеке цех та қарастырылған. Бұл екі жоба да азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты даму жолындағы нақты қадам болмақ.
Ауылға тыныс берген жаңа ғимараттар мен жобалар жай ғана инфрақұрылым емес, болашаққа салынған көпір іспетті. Дүр Оңғар ауылындағы бүгінгі тіршілік – сенімді келешектің кепілі.
Бар игілік – балаларға
III Интернационал ауылдық округінде биыл алғаш рет заманауи балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Ауыл әкімі Жеткерген Қалымбетовтың айтуынша, көптен күткен және маңызды жоба.
– Жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу демеушілік есебінен қаржыландырылды, ал құрылыс аудандық бюджет қаражатымен іске асырылды. Бұл – балалар үшін үлкен қуаныш, ‒ деп атап өтті ол.

Алаң резеңке жабынға орнатылған берік ойын құрылымдарымен жабдықталған. Жанында жасанды жабыны, қоршауы және жарықтандыруы бар шағын футбол алаңы орналасқан. Балалар үшін барлық жағдай жасалған, қауіпсіздік шаралары да қарастырылған.
Жалпы Қармақшыда атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі ауданның жүйелі даму жолында екенін көрсетеді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





