Наурыз мейрамы қарсаңында қазақтың ең көне ұлттық өнері – ат спорты туралы тағылымды ой тарқататын дәстүр бар. Сол негізбен бәйге атын баптайтын атбегіні іздеп, Қарауылтөбеге бардық. Ниетіміз түзу екен, нағыз адамын таптық. Ауылдағы оншақты көкпар атын есік алдына жинап, тұяғын жонып, тазалап жатқан жерінен үстінен түстік. Есімі – Еркебұлан, ныспысы –Төребаев. Қасиетті Қамбар атаның төлі ер жігіттің арына, бір әулеттің бағына саналса, бүгінгі біздің кейіпкер бабындағы балуан, білекті де, жүректі жігіт болып шықты.
Ата-бабасынан бері жылқыны қадірлеп, қасиетін білетін кісілер екен, олардың ұрпағы Еркебұланның атқұмарлығы бір жасынан ояна бастапты. Көз тимесін деп басына үкі тағып, ердің үстін қалыңдатып, бейкүнә кезінен ат үстінде еркін отыруға дағдыландырған. Белі қатая қоймаған сәбиді алғашқыда әжесі уайымдап, құлап қалмасын деп көзінен таса жібермей, қадағалап жүрді. Кейін балаға сенді ме, әлде атасының тақымы мықты қауқары сүйегіне сіңді ме, ол ат жалын тартып өсті. Өсе келе өзі жылқыны суытып, жемдеп, бағып-қағуды үйренді.
– Мен атамның баласымын. Әбілахат Бимұратов десеңіз Қызылдың құмы тегіс таниды. Ел оны түйе палуан атайды. Осыдан-ақ мен кімнің тәрбиесін көргенім белгілі емес пе?
Қазақтың рухы ат үстінде ғой. Жылқы мінезді халықпыз деп дәріптейтіні сондықтан. Мына атты «Жанымқара» деп атадым. Жасы сегізде. Шешесі Кавказдан келген, қарашай ұлты ұстаған жылқы.
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дегендей, жылқыға ерекше бап керек. Қазір күніне екі мезгіл сұлымен жемдеп, 6-7 шақырым жер жүргізіп, жүйріктің терін аламын. Бүгінде бабында тұр. Бұған дейін салымға салған түйені де, жылқыны да, баспақты да қанжығаға байладым. Мен айрықша айтар едім, жылқыны тек Ұлыстың ұлы күні ғана мініп, басқа кезде ұмыт қалдыруға болмайды. Қазақ жылқы мінездес, атқа мінген адамның бойында ең алдымен рух пайда болады. Қамыс құлақ жануар жалы желбіреп шапқанда ерекше сезімге бөлейді ғой, – дейді Еркебұлан.
Көкпар – жауынгерлік өнер болса, оның аты омыраулы, еті мығым, сүйегі мықты келеді. Жанымқара қорғасындай құйып қойған дәл осының өзі. Өте сүйкімді, сұлу. Еркебұлан оны еркелетіп, маңдайынан сипап қойды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<