Жасампаздық және жаңа міндет

512

0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясына Сыр елінен онлайн режим арқылы облыс әкімі – облыстық ҚХА төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімінің орынбасары – облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Серік Ахмет, облыстық Ассамблеяның мүшелері және өңірдегі бірқатар этномәдени бірлестіктің жетекшілері де қатысты.

Айта кетейік, Ассамблея сессиясы барысында Үндеу қабылданды, онда «30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті – ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды», – деп көрсетілген.

Сессия барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырды.

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзырет еліміздің Президентіне жүктелген. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблея­ны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы ұсынысын жеткізді.

Сессиясы біткеннен кейін облыс әкімі – облыстық ҚХА төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ассамблея мүшелері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне алға қойған міндеттер бірлесіп орындалатынын айтты.

– Жаңа ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессия­сында, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға бірқатар жаңа міндеттер қойды. Алдағы уақытта сол міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық ассамблеяның XХІIІ сессиясын өткізуді жоспарлаймыз. Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұ­ғырлы, еліміз еңселі болғай! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, өңірде 11 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Жалпы аймақта 35 этнос өкілдері тұрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<