Жемқорлық жойылмаса, ЖОО лицензиясынан айырылады

566

0

Бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов жемқорлықты жоймаған ЖОО тиісті бағыт бойынша лицензиясынан айырылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Адал білім» аудиті өткізіліп жатыр. Осы аудитті келесі жылдың ақпан айының соңына дейін аяқтау қажет. Одан кейін тиісті жоспар бекітетін боламыз. Бұл өте маңызды мәселе. Екіншіден, жоғары оқу орнында жемқорлық фактілеріне жол бермеу қажет. Бұл мәселені түбегейлі жоюға болады. Біраз университет оны бүгін жойды деп айта аламыз. Жалпы, осы мәселеден мүлдем аулақ жүрген кейбір университет бар. Демек, университеттің басшысы қаласа, мұндай проблеманы жоюға болады деген сөз. Яғни, бұл сол оқу орнында қабылданған саясатқа байланысты. Егер кейбір университет бұл мәселені жойса, басқа университеттердің қолынан бұл әлі келмей отырса, онда «неге?» деген сауал пайда болады», деді Асхат Аймағамбетов

Министр жемқорлық фактілері анықталған университеттерге қатысты ұсыныс болғанын атап өтті.

«Тиісті бағыт бойынша ең алдымен лицензияны тоқтату, одан кейін тағы да қайталанған жағдайда лицензияны қайтару бойынша норманы зерттеу керек. Егер заң жүзінде орындалатын және зерттеу нәтижесінде дұрыс шешім болса, біз мұндай норманы қабылдауға дайынбыз», дейді министр.

Ведомсвто басшысының айтуынша, жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты жою біраз уақыттан бері айтылып та, қадағаланып та жүр. Дегенмен, өзекті мәселелердің шешілмей келе жатқанын да баса айтты. Сол себепті тиісті бағыттар орындалмаған жағдайда, білім ордалары лицензиясынан айырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<