Осы жылдың 13-17 сәуір аралығында Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Азия чемпионы атанса, әйелдер күресінен Асылзат Сағымбай қола жүлде иеленген болатын. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Айдос Сұлтанғали, Асылзат Сағымбаймен кездесіп, жеңісімен құттықтады.
– Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Спортшылардың жеңісі Сыр жастарына жігер беріп, жаңа биіктерге жетелейді. Қазіргі коронавирус пандемиясы кезеңіндегі уақытша шектеулерге қарамастан, спорттық нысандарды салу жұмыстары атқарылуда. Бұл ретте, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 5 спорт кешені және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 5 спорт кешенінің құрылысын осы жылы бастау жоспарланған. Жыл басынан бері облыс спортшылары ел чемпионаттары мен кубоктарында 329 медальды жеңіп алса, ірі халықаралық жарыстарда 12 медальға қол жеткізді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен балуан Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасына лицензия алды. Бұл – Сыр спортының мерейі, – деді облыс әкімі.
Кездесуде Айдос Сұлтанғали спорттағы жетістіктерін одан әрі жетілдіріп, мұнан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екенін айтты. Ал, Асылзат Сағымбай жастарға қолдау білдіріп, олардың сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасаған аймақ басшылығына ризашылығын білдірді.
Спортшыларды жарысқа дайындаған бапкер Ғабиден Райымбек өңірде спорт саласында атқарылып жатқан жұмыс жастардың жолын ашып, үлкен мақсаттарға жетелейтінін сөз етті.
– Спортшыларға еңбекпен қатар әркез қолайлы жағдай қажет. Бұл ретте облыста жақсы мүмкіндік қарастырылған. Сол үшін алғыс білдіремін. Осы демеулердің арқасында спортшыларымыз бәсекелерде топ жара береді деп сенемін, – деді Греко-рим күресінен ҚР-ға еңбегі сіңірген жаттықтырушы Ғабиден Райымбек.
Кездесуде облыс әкімі Айдос Сұлтанғали мен Асылзат Сағымбайға қаржылай сертификат тапсырып, естелік суретке түсті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<