Жер аты – бабаның хаты

704

0

1920 жылдары әр жерде отырған малшы-егіншілер артель қарауына кіріп, «Ақтүйе» артелін құрады. Мұнда сол жылдан бастап 1929 жылға дейін Емберген Боранбаев ауылнай болып еңбек етіпті.

Сол жылдары байлардың малын мемлекет қарауына өткізу үшін коллек­тивтендіру науқаны жүргі­зіледі. Табан ет, маңдай терімен жинаған малды үкі­метке беру оңай ма? Алайда, большевиктер 1929 жылға дейін байлардың дүниесін тәркілеп болды. 

Сол жылдары жарлы-жақы­­байларды біріктіріп, «Ақ­түйе» колхозы құрылды. Елде тыныштық орнап, бей­біт еңбектің көркі қызды. Көлдер мен жаптардың арасына егін егіліп, су жетпеген жерлерге арықтар мен каналдар қазылып, диқаншылық жұмыстар қыза бастады. Ол кезде техника жоқ, бәрі кетпен-күрекпен атқарылады. Бала-шаға, әйелдер де көп еңбек етті. Әсіресе, ер жігіт­тердің ішінде орта жасқа келіп қалған Ыбырайдың әкесі Мұратбек жауырынды, ірі адам болыпты. Үш кісінің нормасын орындап «түйе шал» атанса, Асқардың әкесі Сералы ағамыз екі адамның нормасын орындап, «тайшық шал» атанады.

1929 жылдан Е.Боранбаев «Ақтүйе» колхозының (қазіргі Асқар ауылы) төрағасы болады. Бұл кезде егін қолдан қазылған «Әйтек» каналының сағасына егілді. Ол зейнетке шыққаннан кейін  өмірінің соңына дейін «ХVІІІ партсъезд» колхозының су мұрабы болып еңбек етті.

Ертеректе Тереңөзек табанын су басып жатқан. Соған байланысты бұл өлке «Тереңөзек» атанды. Өткен ғасырдың басында Тереңөзек, о баста «Қараөзек» болып Аламесек болыстығына кірді. Егін шаруашылығын ке­ңей­тіп, Сыр­дариядан каналдар қа­­зыла бастады. Қараөзек пен Тереңөзек ортасындағы үлкен көлдер арқылы егін, бау-бақша егілген. Мал жайы­лымына ыңғайлы шұрайлы жер болса керек, кейін көлдер тартылып, «Әйтек-көл» атты жерден бастауын алып, арық қазылады.

Жылдан жылға кеңейтіліп, қазылып үлкен каналға айналып, егін көлемі молайды. Сонымен қатар балық шаруа­шылығы да дамыды. Кезінде бұл канал «Жіңішке» деп аталыпты. Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров атамыз: «Каналдың жағасына бүкіл Тереңөзек, Қараөзек тұрғындары бау-бақша егіп, халық молшылыққа ке­нелді. Бақшадағы қауын-қарбыз­дарды адам көтере алмайтын болған», – дейді. Көлдер тартылып, суы азайып Терең­өзектен Қызылордаға шыға­берісте пойыз жол мен Сырдария өзенінің ортасында «Сор­көл» атты көл болатын, кейін суы тартылып, ол жермен «Қызылорда-Жалағаш» тас жолы салынды. Көлдің орнына күріш егіліп, мал жайылымына айналды.

Қазақта «Жер аты – ба­ба­ның хаты» деген бар, сондықтан, осындай тарихи жерлерді танып-біліп отыру әрбіріміз үшін пайдалы бола бермек.

Әділбек ШӨЖЕЕВ,

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері