«Жол картасы» аясында жоба көп

665

0

Ветеринария саласындағы жұмыстарды атқару үшін облыс әкімінің 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» жобасы жасалды. Осының аясында типтік жобадағы 24 мал қорымы салынып, 40 ветеринариялық пункт құрылысы қайта жүргізілмек. Бұған қосымша мал дәрігерлеріне 140 қызметтік «Нива» автокөліктерін сатып алу жоспарда бар.
Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов аймақ тілшілеріне осы және өзге де атқарылған жұмыстар жөнінде айтып берді.

Аймақта 8 мем­лекеттік вете­ри­на­­риялық стан­ция жұмыс іс­тейді. Бұған қо­сымша 139 ве­те­ринариялық пункт бар. Облыс бойынша мал ауруларын бол­дыр­мау, алдын алу, эпизоотиялық тұ­рақ­тылықты сақтау мақсатында жұ­мыс­тар тоқтамақ емес. Мысалы, өткен жылы үй жануарларында болатын аса қауіпті 15 жұқпалы ауруға қарсы рес­публикалық бюджет есебінен бө­лінген 5641,1 мың доза ветери­на­риялық препарат уақытылы жеткен. Эпи­зоо­тия­лық іс-шараларды орындауға 984 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Жос­пар бойынша бөлінген ақша толық игерілген.
– Былтыр мамыр-маусым айларында Арал және Қазалы ауданының бірнеше ауылдық округтерінде түйенің «цефало­пиноз» (танауқұрт) ауруы тіркеліп, 79 бас шығын болды. Ал Жаңақорғанда тамыз айында болған жылқы өлімі көпшіліктің есінде. Сойылып, зерттелген соң «жылқының гастрофилезі» ди­аг­нозы қойылды. Қазақ Ұлттық аграр­лық университеті ға­лым­дарының қа­тысуымен өткен се­минар барысында да жылқының осы гастрофилез ауруынан өлгендігі қо­сымша нақтыланды. Құс тұмауына бай­ланысты бізде арнайы жоспар бекі­тілген. Тиісті жұмыстарды дер кезінде атқарып, 96,8 мың доза вакцина жет­кізілді, үй құстары алдын ала егілді, – дейді Ерсұлтан Әпетов.
Басқарма басшысының айтуынша, аймақта мал қорымдарын салу жоспарлы түрде іске асуда. Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарында көрсетілген типтік жобадағы 7 мал қорымының құрылысы аяқталды. Қазір өңірде 146 мал қо­рымы бар, оның ішінде 90 қорым ве­теринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес типтік жобада салынған. Биыл да 7 типтік жобадағы мал қорымын салу жоспарлануда.
Сондай-ақ малды бірдейлендіру жұ­­мыстары жоспарлы орындалып, де­рекқор жүйесіне енгізілген. Нақты айт­сақ, биыл жыл басындағы дерекқор жүйесінде 337,1 мың сиыр, 685,1 мың уақ мал, 160,3 мың жылқы, 51,5 мың түйе, 1,6 мың шошқа, 836 бас тақтұяқты тіркелген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<