Жол саласына қызыққан жас

716

0

Бұл – Әділет  Айтмағанбетов. Биыл ғана оқу бітірді. Алматыдағы әйгілі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған. Мамандығы жол саласына қатысты. «Автомобиль жолдарының құрылысы» бойынша бітірген кейіпкеріміз бүгінде жұмыс істейді. Дұрысы, Қызылорда облысындағы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының маманы.

Әділет әу баста осында тәжірибеден өткен. Бес ай бойы теориядан алған білімін практикада ұштастырыпты. «Әлі де үйренерім көп» деп отыр. Қазір  арнайы келісім-шарт негізінде жалақы алып жүр. Келешекте тест тапсырып, жол саласы бойынша тұрақты жұмысқа да орналаспақ.

– Бұйырса, әлі де жолдағы құрылыс материалдарының сапасы мен кемшілігін анықтауда көп нәрсе үйренемін. Мұндағы білікті мамандар бар білгенін түсіндіріп отырады. Қазірдің өзінде асфальт құрамы, ондағы суды сіңіру пайызы, жолдың астыңғы қабатына төселетін материалдар сапасын анықтауда көп зерттеу жасап жүрмін. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жол саласында жұмыс істегім келеді, – дейді Әділет.

Жол саласына қызыққан жас

Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша бұған 10 мыңнан астам маман жетіспейді екен. Мектеп бітірушілердің көбі гуманитарлық бағыттағы мамандыққа әуес. Жол құрылысын меңгеруге құлшыныс танытатындар аз. Ал қазіргі жол саласында жүргендер көбі маман емес екенін ашық айтуымыз керек. Төселіп жатқан асфальт не басқа да материалдың жағдайы жіті зерттелмеген соң сапасы оңды бола ма?! Кеше салған жолдың бүгін тозатыныны тағы бір себеп осы. Дұрысы, жол салудан бөлек, оны күтіп ұстауды да білетін кадр керек-ақ. Ал бұны елімізде 2019 жылы құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК басты мәселе қылып отыр. Бас директор Зәмір Сағыновтың өзі бұны айрықша назарға алған.

Шыны керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылға дейін елдегі жолдың 95 пайызы жақсы жағдайға жетуі тиіс деген пәрмен берді. Ал жыл сайын республикада шамамен 10 мың шақырым жергілікті жолдар жаңғыртудан өтеді. Бірақ, сапаға көңіл тола ма? Түрлі баспа, телеарна мен әлеуметтік желідегі жазбаларда жол сапасына деген сынның көбі рас. Бұл жерде тағы да кадр тапшылығы анық көрініп тұр.

Жол саласына қызыққан жас

Бірақ жоғарыда айтқан «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» бұл қиындықты жыл өткен сайын еңсеріп келеді. Қызылорда облыстық филиалындағы зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымханның айтуынша, орталық басшылығы өзін жақсы жағынан көрсетіп, тәжірибеден өтуде талпынысы жоғары студенттерге қосымша жалақы төлеуге шешім қабылдаған. Жыл соңына дейін филиалда 5 студентті мамандық бойынша машықтанудан өткізу жоспарланған.

– Бұл ынталандыру. Қазір біздің жол саласында маман тапшы екенін мойындауымыз керек. Сол себепті студенттерді арнайы бағдарлама шеңберінде зертханалық іс-тәжірибеге үйретіп, жол саласына жұмысқа тартудамыз. Біз бұған дейін де бірнеше студентті тәжірибеден өткіздік. Олар еліміздің әр түрлі қаласында жұмыс істеуде. Негізгі мақсат осы. Өзіңіз білесіз, жаз бойы бізде жұмыс қарбалас. Ал қыста қарап жатпаймыз. Мысалы, барлық мамандар болып, облыстағы мектеп оқушыларымен кездесу өткізудеміз. Кәсіпорынның арнайы «Екі мың мектеп» атты бағдарламасы бар. Мақсатымыз – біздің мамандыққа деген олардың қызығушылығын ояту. Жыл басынан бері Қызылордадағы 137 мектепте кездесу өткізіп, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар берілді. Оның ішінде бірқатар аудандарды да қамтыдық. Мойындау керек, жалғыз зертханаға ғана емес, жол салушылардың өзі қазір түрлі техникалық мамандыққа зәру, – дейді Мағжан Қасымхан.

Мағжанның айтуынша, нәтиже де көңіл қуантарлықтай. Осы кейінгі үш жылда салаға қызығушы жастарды саны артқан. Екінші бір қуаныш, Қызылорда қаласындағы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде биыл алғаш рет «автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы ашылған еді. Қазір 25 студент оқиды.

Жол саласына қызыққан жас

Мұндай шаралардан соң жол құрылысы саласына қызыққан жігітердің аз болса да қатары көбейіп келеді. Ал біздің кейіпкер – Әділеттің таңдауы көп жастарға үлгі десек қателеспеспіз. Өйткені, нағыз қат мамандыққа сұраныстың жоғары болатынын да ескеру керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<