«Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмәдин Шамұратовпен кездесіп, жыл бойы атқарған жұмыстары жөніндегі баяндамасын тыңдады» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен баяндама жасаған М.Тілеумбетов жол инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды айтты.
Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3 мың 398 шақырым. Оның 1 мың 16 шақырымы – республикалық, 557 шақырымы – облыстық, 1825 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамытуға 20 млрд 289 млн теңге бөлінген. Осы қаражатқа ұзындығы 498,2 шақырым құрайтын автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Жалпы жол желісін дамытуға 4 мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат бөлініп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген 6 млрд 223,3 млн теңге қаржыға облыстық және аудандық маңызы бар ұзындығы 147 шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млрд 189 млн теңгеге қаладағы Бейбарыс сұлтан көшесінен «Қызылжарма» каналына дейінгі көше құрылысы жүргізілмек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 1 957,6 млн теңге қаржы қарастырылып, бүгінде ол қаржының 48%-і игерілген. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен 8 626,1 млн теңге бөлініп, жоспарланған жұмыстың 81%-і жүзеге асқан.
Мұнан бөлек жергілікті бюджеттен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету, елді мекендер көшелері мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізуге 2 млрд 293,3 млн теңге бөлініп, ұзындығы 20,7 шақырым көшелер мен автомобиль жолдары жөндеуден өткен.
– 10 айдың қорытындысымен жалпы бөлінген қаржының 17 млрд 931,2 млн теңгесі немесе 95%-і игерілді. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішінің үлесі жоспарлы 69%-ті құрады.
Сонымен қатар биыл 21 нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Есепті кезеңде 15 нысан пайдалануға берілді. Қалған 6-уы қараша, желтоқсан айларында аяқталады, – деді М.Тілеумбетов.
Сондай-ақ басқарма басшысы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының тиімді нұсқасы – қазіргі терминал көлемін кеңейту жолдары қарастырылып жатқанын да жеткізді. Аталған мәселенің аймақ үшін маңыздылығы ескеріліп, биыл жобаның жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бюджеттік өтінім ұсынылып, қолдау тапқан.
Облыс әкімі басқарма басшысына бөлінген қаржыны тиімді игеріп, жолдардың сапасына баса мән беру керектігін жеткізді.
– Облыстағы автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Бұл қаржы жолдардың сапалы болуына, жол жүру қиындығын еңсеруге бағытталған. Сондықтан салынған, жөнделген жолдар халыққа ұзақ уақыт қызмет етуі тиіс. Басқарма басшысы тарапынан мердігерлердің жұмысы ұдайы бақылауда болсын, – деді.
Мұнан соң баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмәдин Шамұратов автомобиль, темір жол, су көліктеріне қатысты жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесі жайлы баяндады. Автомобиль көлігі саласында 1 мың 480 құқық бұзушылық анықталып, 50 млн теңге айыппұл салынып, 35 млн теңге республикалық бюджетке өндірілген. Инспекция басшысы жауапкершілікке тартылғандардың дені ауыр салмақты және ірі көлемді жүкті рұқсатсыз тасымалдауға, тасымалдау қағидасының талаптарын орындамауға қатысты дейді. Сонымен қатар, пандемия кезінде жолаушылар тасымалына тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жалғастырған 23 тасымалдаушы жауапкершілікке тартылған.
Теміржол көлiгiмен жолаушыларды тасымалдау кезінде де заңбұзушылықтар орын алған. Тексеру барысында 5 билетсіз жолаушы, 30 кг артық қол жүгі және 14 басқа да түрлі заңбұзушылық анықталыпты. Нәтижесінде 12 жауапты тұлғаға шара көрілген.
Су айдындарында өткен жылы оқыс оқиға орын алмаған. Бірақ биыл 5 адам суға кеткен. Қайғылы жағдай балықшылардың су көлігін қауіпсіздікті сақтамай басқаруынан болған.
Жиын соңында облыс әкімі инспекция басшысына тасымал кезінде барлық қатаң шараларды қолға алып, жолаушылар қауіпсіздігі барынша сақталуын, апатты жағдайлардың алдын алу керектігін ескертті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<