Табиғат тамыршылары

453

0

Экологиялық апат аймағы саналатын Қазалы, Арал өңірінде орман және жануарларды қорғау мәселесі өте маңызды. Соры бетіне шыққан топырақтың әр бұтасын қорып, қыбырлаған әр тіршілік иесін күзету орманшы ағайынға оңай шаруа емес. Олар күннің аптап ыстығында да, атан түйе жығар ызғарына да қарамай күндіз-түні тынбай жұмыс жасайды десек артық айтқандық емес. Осынау ұтырлы істі ұтымды ұйымдастыратын білікті басшы, аудандық мәслихат депутаты Ардақ Кәдір басқаратын Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі.

Мекеме сексеуілді тұқымынан себу арқылы көбейту жұмыстарын 1965 жылдан бастаған. Бұл жұмыстар Қарақұмдағы бос жатқан жерлердегі құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылды. Қазір Қарақұм беткейіндегі тұқымынан себіліп өсірілген сексеуіл ормандарының көлемі 56310 гектарды құрайды. 1968 жылдан бастап екі салада жұмыс жүргізіп келеді. Бюджет саласы бойынша мемлекеттік орман қоры жерін заңсыз бүлдіріп қиратуға жол бермеу, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында екпе көшеттер өсіріп, оларды аудан мен ауыл округтеріндегі тұрғындарға таратумен қатар, екпе көшеттерді орман қоры жерінің жасыл аймағына егіп, молықтыру, күтіп-баптау жұмыстары атқарылған.

– Біздің халықта ұзақ жылдар бойы өзінің жанқиярлық табанды еңбегімен бау-бақша өсіріп, оны қызғыштай қорып, кейінгі ұрпаққа қалдырған адамдарды пір тұтып, атын есте сақтап әрқашан құрмет көрсетеді. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазалы қаласы жанындағы «Ояз бағы» туралы айтуға болады.

Патша үкіметі кезінде Қазалы қаласы уезд орталығы болған. «Уездный сад» бау-бақша орталығы жасалған. Патша үкіметі құлағаннан кейін, «Ояз бағы» деп аталып, 1947 жылы орман бөлімшесі құрылып соның қарауына берілген. Сол кездегі көзкөргендердің айтуы бойынша, Қазалы қаласына кіреберістегі жолдың екі қапталына егілген ағаштарды керуен болып келе жатқан түйелердің жемеуі үшін, олардың аузына қапшық кигізіп кіреді екен дейді. Былай қарағанда шындыққа жанасатын сияқты, яғни кешегі күнге дейін жолдың екі қапталында адамның құшағы жетпестей талдардың тұрғанын көрдік. 1956-1965 жылдары Байділдә ақсақал қорыған «Ояз бағын» орман шаруашылығы мекемесінің қарауына өткізген. Ол кезде бау ішінде алма, өрік және т.б. түрлі ағаштар өсіп тұрған. Кейін 1968-1969 жылғы қатты қыстың әсерінен көптеген жеміс ағаштары үсіп кеткен. Міне осы кезеңнен бастап «Ояз бағының» күйі тайып, ағаштар қурай бастады, оның үстіне жанынан ағып жатқан Сырдария өзенін басқа жаққа бұрып, жаңадан қазылған арнаға салып жіберілген соң қатты қыстан аман қалған ағаштар суғарылмай қурап қалып, отынға пайдаланылып кеткен. 2005 жылы бұрынғы «Ояз бағын» қалпына келтіріп, қала халқының демалыс орнына айналдыру мақсатында көне Сырдария арнасынан су алу үшін канал қазылды. Оң жаға каналының бір саласынан су жіберіп толтырылып, насос арқылы суғарылып, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу жұмыстары қолға алынды, – дейді мекеме басшысы Ардақ Нартайұлы.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қазір 11 гектар жерге жеміс ағаштары отырғызылып, күтіп-бапталуда. Мұнда сары өрік, алма, шие және қара өрік егілген. Сонымен қатар түрлі ағаштардың тұқымын Көкшетау қаласынан алдырған мекеме инженері Тілепберген Мұхамбетов. Ол әкесі Нағашыбайдың жолын қуып, 1981 жылдан бері осы мекемеде жұмысшыдан бастап, орманшы, орман инженері қызметтерін атқарып келеді. Білікті маман «Ояз бағына» катальпа, сунак, айлант, туя, можевельник, қарағай, тағы басқа ағаш түрлерін егіп, жерсіндіріп, қазір жергілікті халыққа көшеттер таратылуда.

Бүгінде шаңы бұрқырап жатқан бақтың орнында жайқалған жеміс ағаштарымен қатар елді мекендерді көшетпен қамтамасыз ететін тұқымбақ орналастырылған.

Осы жылдан бастап орман қоры 5 орманшылыққа бөлінген. «Қарақұм» орманшылығы 157490, «Қызылқұм» орманшылығы 458959, «Жанқожа» орманшылығы 413500, «Сарыбұлақ» орманшылығы 462170 және «Ұялы» орманшылығы 293463 гектар жерді құрайды. Бұл аумақты қорғауға 5 орманшылық басшысы, 5 орманшылық басшысының көмекшісі, 16 орман шебері және 75 орманшы (инспектор) қызмет жасайды.

Өткен жылы ағаш кесу және билет беру бойынша мекемеде 123 адамға қысқа мерзімге мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 62800 гектар жер беріліп, тиісті қаржы түсірілді.

– Көктемгі екпе жұмыстарына байланысты «Қарақұм» орманшылығының №55 орамында 1 гектар жерге саялы ағаш тұқымбағы жасалып, оның ішінде 0,5 гектарға үйеңкі, 0,5 гектарға қара ағаш тұқымы, 40 мың дана Сыр талының шыбықшасынан қаламшалар отырғызылды.

Облыстық бюджет есебінен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктем мезгілінде 6 мың гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды. Былтыр күзде 20 гектар жерге уақытша сексеуіл, сонымен қатар 21406 гектарға табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары жүргізіліп, 14400 келі сексеуіл тұқымы жиналып, 13345 гектар жерге тұқым себілді.

Мекемеге бекітіліп берген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассаның екі жақ бетіндегі 7 гектар, Әйтеке би кентінің кіреберіс жолында 2,6 гектар жерге күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді, – деді мекеме басшысы.

Мекеме тарапынан орман өрттерінің алдын алу, санитарлық тазалық жүргізу мақсатында түрлі жұмыстар тұрақты түрде өтіп тұрады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<