Теңіз табанындағы тіршілік іздері

627

0

Қазіргі кезде ғалымдардың Арал теңізіне қатысты мәселелерге қызығушылығы қатты байқалады. Арал апатының зардабы тақырыбы аймақтық деңгейден әлдеқашан шығып кеткен. Бүгінде Қарақұм мен Қызылқұм шөлдерінің жалғасына айналатын жаңа Аралқұм шөлі пайда болуда. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Арал теңізі қазіргі тартылу басталмай тұрып-ақ бірнеше рет кепкен және су деңгейінің өзгеруін циклдік деп атаған жөн.

Археологиялық және тарихи деректер не дейді?

Біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың басында Әмудария Арал ойпатын толығымен толтырды. Сырдария да оған бір мезгілде ағып жатқандықтан, теңіз өзінің максимальді деңгейіне жетті. Алайда, кейінгі тарихи кезеңдерде Әмудария суы батысқа қарай бірнеше рет Сарықамыс ойысына бағытталып, салдарынан Арал теңізі тартылып отырды. Біздің заманымыздың І мыңжылдығының ортасында – IV-VI ғасырларда теңіз деңгейі айтарлықтай төмендеген кез де болды. VІІ ғасырдан бастап ХІІІ ғасырға дейінгі аралықта  Әмудария ағысының бағыты қалпына келтіріліп, Арал теңізі қайтадан толды. Алайда, зерттеушілердің айтуынша, ХІІІ ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы кезінде өзеннің төменгі ағысындағы суландыру жүйелері бұзылып, Әмударияның ірі сағалық салалары қайта бұрылды. Келесі осындай өзгеріс шамамен Хорезмді Әмір Темір басып алғаннан кейін болды. Оның әскерлері каналдар мен су бұру жүйелерін толығымен бұзды. Ақыры Арал теңізі жағалауы кері кетті. Бұл –  шамамен ХІV ғасырдың аяғы.

Геологиялық зерттеулер көрсеткендей, Арал теңізі үнемі толып тұрған жоқ. Оның жоғары (трансгрессиялар) және төмен (регрессиялар) кезеңдері болды. Көлдің көлемі бірнеше рет және соңғы ғасырларда өте күрт өзгерді. Бұл ауытқулар Арал аймағының өмір салтына және адамдардың қоныстануына әсер етті.

Тарихшылар теңіз туралы ежелгі қолжазбаларда айтады, ал араб тарихшылары мен географтары оны X ғасырдан бастап егжей-тегжейлі сипаттап, Кердері, Хорезм немесе Жендт көлі деп те атайды. Шамамен сол уақытта ол ежелгі карталарда пайда бола бастады.

Дереккөздерде күрт өзгерістердің бірнеше дәлелдері келтірілген:

1221 жыл – Шыңғыс ханның суару жүйелерін бұзуы, Әмударияның (Өзбой өзені арқылы) Каспийге бұрылуы;

1417 жыл – Арал теңізінің жоғалуы (Хафизи-Абру);

1573 жыл – Әмударияның Аралға қайта бұрылуы (Әбілғазы);

1627 жыл – «Книги большого чертежа» еңбегіндегі Көк теңіз.

2000 жыл – Арал теңізінің ортағасырларда тартылып кетуінің нақты дәлелі – «Кердері-1», «Кердері-2» кесенелері мен «Арал асар» қонысының табылуы.

Тамыз айында Қазақ-неміс университеті мен Германияның сыртқы істер министрлігінің «ESERA» жобасы аясында Арал теңізі аймағында кешенді зерттеулер экспедициясы ізденіс жұмыстарын жүргізді. Геоморфологтар, гидрологтар тобынан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археологтар тобы экспедиция жұмысына қатыстық. Зерттеу жұмыстарының басы – Арал қаласында орналасқан «Барсакелмес». Барлау жұмыстарының нәтижелерін айтпас бұрын, теңіз ұлтанынан табылған археологиялық нысандардың зерттелу тарихына тоқталсам. 

«Арал Атлантидасының» ашылуы

«2000 жылы Арал теңізінің кепкен табанынан шыққан жәдігерлер жергілікті тұрғындарды дүр сілкіндірді» деп жазады алғаш зерттеулерін жүргізген археолог Т.Мәмиев. Арал өңірі халқы экологиялық күйзелісте отырғандықтан әрбір құбылысқа алаңдаушылық білдіріп ғалымдардың зерттеулерін талап етеді. Осылайша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары мен студенттерінен құралған Арал экспедициясы белгісіз нысанға аттанады.

Экспедицияға академик К.Байпақов, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты А.Айдосов ғылыми жетекшілік жасаса, құрамында антрополог О.Исмағұлов, археологтар Т.Мәмиев, Е.Смағұлов, архитекторлар А.Жүнісқожаев, Ж.Жылысбаев, эколог-жазушы С.Жұбатырұлы болды.   

2001 жылы алдыңғы жағалау сызығынан 100-120 шақырым шегінген Арал теңізінің құрғақ түбінде тас пен күйдірілген кірпіштен салынған монументалды ғимарат табылды. Алғашқы ізденіс жұмыстары барысында  кесене XII-XIV ғасырларға, кейінірек бұл мерзім нақтыланып, XIV ғасырға жатқызылды.

Бұл жерде ортағасырлық қоныстың, үлкен ғимараттың жанындағы қорымның, тастан және күйдірілген кірпіштен салынған кесененің табылуы, қайтадан тартылып жатқан Арал түбіндегі археологиялық ескерткіштерге ғалымдар назарын аудартты.

Ортағасырлық жазба деректерде Арал «Кердері теңізі» деп аталғаны белгілі. Сондықтан, Арал теңізінің кепкен табанынан табылған бұл ескерткішке «Кердері» кесенесі деген атау берілген. 2001 жылы «Кердері-1» кесенесіне қазба салынды.

2004 жылы қазан айының аяғы мен қарашаның басында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлескен археологиялық экспедициясы кешенді зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер ортағасырлық қоныс пен «Кердері-2» кесенесін қамтыды. Айта кету керек, Арал табанында зерттеулерін жүргізген осы экспедицияларды ұйымдастырған сол кезеңдегі университет ректоры Қ.Бисенов.

Алғашқы зерттеулер бұл нысандардағы терең ғылыми жұмыстарға негіз болып, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жалғасын тапты. «Кердері» кесенелері мен «Арал асар» қонысы жайлы көптеген ғылыми еңбектер жарық көріп, бүгінде ғылыми айналымға еніп кетті.

Жаңа зерттеулердің мақсаты

Жоғарыда атап өткендей, биылғы барлау жұмыстары осы үш нысанды қамтыды. Мақсатымыз – қайта шолып, желмен ашылып қалған археологиялық жәдігерлерді жинастырып, зертханалық талдау, зерттеу мақсатында анализдер алу. Экспедиция құрамында Қорқыт ата университетінен осы жолдардың авторы, «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесінің жас мамандары Б.Әлибай мен М.Жүсіпназар болды.

Ескерткіштер орналасқан аймақтың соңғы жиырма жылдағы сипаты мүлде басқа. Кейбір жерді өсімдіктер жамылғысы жапса, кейбірін тұз бен құм басып, шағын төбешіктер пайда болған, яғни, ескерткіштердің алғаш анықталған кездегі жай-күйі өзгерген. Жалпы теңіз ұлтанында осындай жағдай қалыптасқан. «Барсакелмес» құрлығына барар жолда өсімдіктермен қатар, қарақұйрық, қоян мен борсықтың кездесуі тартылған теңіз табанында жаңа тіршіліктің қалыптасқанын көрсетті. Бірақ, бұл жайттар экологиялық жағдайды жақсартты деуге келмейді. Таңнан басталған тұзды боран күн батқанша соғып, ескерткіш маңына түнеу мүмкін болмай, «Барсакелмес» қыратының етегіндегі қалың сексеуіл ішіне барып, лагерь тіктік.

«Арал асар» қонысында анализдер алу мақсатында шағын шурф салып, керамика сынықтары мен мал сүйектері табылды. Қоныстың беткі қабатынан екі күміс теңге табылуы экспедициямыздың басты олжасы болды. Ондағы жазулар мен соғылған жылдары қоныстың өмір сүрген мерзімін нақтылай түспек.

«Арал асар» қала ма, қоныс па?

Алғашқы зерттеулер жайлы деректерді қарап отырсаңыз, көбісінде қалашық деп беріледі. Академик К.Байпақовтың ғалым А.Айдосов жайлы естелігінде табылған ежелгі қаланы «Арал асар» деп атауды Абылай Ханкерейұлы ұсынды деп жазады. Бұл атау Арал маңы археологиясында жақсы қабылданып, тез сіңісіп кетті.

Менің пайымдауымша, бұл бекініссіз ортағасырлық қоныс, яғни, ірі ауыл болған. Бірнеше ғасыр өмір сүрген қоныста бекіністі дуалдар іздері, жалпы жоспары жоқ. Әрине 500-600 жыл бойы 30 метрге жуық терең судың астында жатқандықтан сақталмауы да мүмкін. Бірақ, саз кесектен тұрғызылған үйлердің сұлбасы сақталған. Сондықтан қала емес, ортағасырлық үлкен қоныс деп атаған жөн.

«Арал асар» қонысы

Арал ауданы Қаратерең ауылынан 62 шақырым жерде орналасқан қоныс құрылысының қам кесектен тұрғызылған үйлерін теңіз суы толықтай жуып-шайып кеткен. Кезінде қала арқылы өтетін ені 2-2,5 м су жүрген каналдың іздері сол заманда мұнда ирригациялық жүйенің болғанын айғақтайды. Шамасы ортағасырлық тұрғындар Сырдария өзенінің сағасынан су тартқан болуы мүмкін.

Қоныстың жалпы ауданы – 6 гектар. Оның үстіңгі қабаты бір кездері қайнаған тіршіліктің қарқынды дамығанын көрсетеді. Үлкен көлемдегі диірмен тастар, керамикалық ыдыстар, темір және қола бұйымдар бөліктерінің табылуын құм мен қабыршықтардан түзілген шөгінді қабат айғақтайды. Мәдени қабатының қалыңдығы небәрі 15-20 см. Осы аймақтағы  тіршілік іздерін көрсететін қабат көміліп қалған. Орталық бөлігі (190х136м) сопақша келген, жоғарғы қабаты тегіс (ең биік нүктесі 20 см-ге дейін жетеді), солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. Кішігірім бедерлі төмпешіктер (15 см-ге дейін) бір кездегі құрылыс іздерін аңғартады. Солтүстігі мен батыс жағы суы тартылған арналармен (ені 5-6 м, тереңдігі 30-40 см) және ашық алаңқайлармен шектеседі. Қоныстан табылған археологиялық заттар негізінде ғалымдар XIV-XV ғасырларда өмір сүрді деп топшылайды.

Егін егу қоныс тұрғындарының негізгі кәсіптерінің бірі болған. Көбіне  дәнді дақылдар өсірген болса керек. Суда өсетін арамшөп тозаңдарын зерттеген палинологтар «Арал асар»  тұрғындарының күріш өсіруі мүмкін екендігін болжады. Көп кездесетін диірмен тастар мен бөлмелерден табылған ұн, астық сақтауға арналған ірі хұмдар астық өсіріліп, ұн өндіретін диірменнің көп болғандығын білдіреді.

«Кердері-1» кесенесі

Арал теңізінің кепкен табанында, ескі арнаның бойында орналасқан. Ол «Кердері-2» кесенесі мен «Арал асар» қонысынан солтүстікке қарай қашық орналасқандықтан, тауып бару қиын болды. Сол себепті ол жайлы көп айтылмайды және тізімге де алынбаған. Бірақ, кесенеде Т.Мәмиев қазба жұмыстарын жүргізген.

Жалпы көлемі 50 м², биіктігі 2 метрдей. Ұзындығы 23 м, ені 8 м. Кесенесі екі камералы. Үлкені 6х10 м, кішісі 5х5 м құрайды. Іргетасы үш жағы қашап өңделген жергілікті ірі тастардан қаланған.

Солтүстік бөлмесінде 4х4 м көлемінде балхи сәулет әдісімен шаршы қыш кірпіштен қаланған сағана (көрхана) орналасқан. Ал оңтүстік бөлмесі – зиратхана. Батысында 1,5х5 м өлшемде алып намазханасы, сыртында михрабы бар. Бұдан жұма намаз оқитын мешіт ретінде де қызмет жасағанын байқауға болады. 

«Кердері-2» кесенесі

Ғасырлар бойы су астында жатқан кесененің қазбаға дейінгі биіктігі 1,6 м болатын. Кесене орнында қалыптасқан төбешіктің батыс жағы жайпақ, ал шығыс жағы тіктеу келген. Төбенің жоғарғы жағында көлемі 25х25х5 см болатын ортағасырлық дәстүрлі күйдірілген кірпіштер мен олардың сынықтары шашылып жатты.

Археологиялық зерттеу барысында кесене қабырғалары әлемнің төрт бұрышына бағытталған, тікбұрыш болғаны анықталады. Жо­ғарғы қабатынан көп мөлшерде табылған кесене қабырғаларындағы кірпіштер (25х25х5 см) жалпағынан қаланған. Едәуір жақсы сақталған оңтүстік-батыс қабырғасының биіктігі 7 қатар қаланған кірпіш деңгейінде.

Кесене көлемі 5,5х5,5 м болатын шаршы түріндегі көрханадан тұрады. Кесененің есігі батыс қабырғасының бойында болған және ол бір кездері өсімдік, геометриялық және эпиграфикалық нақышта безендірілген. Көк және көгілдір түсті сырмен қапталған кірпіштен қаланған портал түрінде салынған. Кесененің төбесі күмбезделіп жабылғаны анық. Күмбезі көрхана бөлмесінің төбесін жауып тұрған. Осы жерден табылған дөңгелек келген декоративтік кірпіштердің сынықтары (арка жақтауы) арка нишасының архивольті нишаның бұрышына тұрғызылған ширек бағанға тіреліп қаланғанын білдіреді.

Қабірлердің бірінде өзінің құйрығын тістеп тұрған мысық тұқымдас жыртқыштың бейнесі салынған сырғалар табылды. Көрхананың оңтүстік-батыс бұрышында, еденге төселген тақта астынан хұмға салынған металдан жасалған орақтар, айырлар шықты. Кесене мен қорымды ХІV ғасырға  жатқызуға болады. Құрылысқа жақын маңнан қыш күйдірген үш пештің орны табылды.

«Кердері-2»-ні археологиялық зерттеу оның керемет құрылыс екенін көрсетті. Табылған олжалардың ішіндегі ең қызықтылары – оймыш өрнегі бар сырланған терракота тақтасы. Безендіру тақталарының сынықтарына жасалған салыстыру сараптамасы осындай өрнектер стилі мен тәсілі ортаазиялық (Хорезм), ал кеңірек алар болсақ, XIV ғасырдағы ал­тынордалық ескерткіштерге тән екенін көрсетті. Порталдың П үлгідегі жақтауындағы негізгі өрнектелген белдеуі оймыш сырланған терракота мен штамптың құрамдастырылған тәсілімен орындалған. Геометриялық өрнектердің күрделі өрілуі оймышпен түзетілген, ал ұсақ тармақтар мен ою өрнектері штамппен басылған. Көркемдік әсері – көгілдір түстің түрлі түске құбылуында.

Арал теңізінің суы тартылған табанынан ертедегі тіршілік іздерінің анықталуы осы өңір тұрғындарының жоғары экологиялық қауіпті жағдайға қашанда бейім болғанын дәлелдейді. Cырланған оймыш кірпіштермен, көркем қыштармен безендірілген тамаша қабір өзінің зері мен сәулеті жағынан ортағасырлық Хорезмнің інжуі саналатын Үргеніштегі Наджмеддин-и-Кубра кесенесін еске салады. Ол «Арал асар» тұрғындарының бай рухани әлемі ғана емес, сонымен қатар, қандай жағдай болса да өз туысқандарының дәстүрін  сақтау  мен құрметтеудің куәсі саналады.

Бір замандарда гүлденген қа­лалар мен сәулет ескерткіштері табиғаттың тылсым күштерінің салдарынан су астында қалып, осы заманда Арал суы тартылған кезде теңіздің табанынан табылып жатқан жағдайда, қазақтың қандай жерін алсаң да, киелі географиялық орта екендігін көрсетеді. Солардың қатарындағы жәдігерлердің бірегейі – «Арал асар» қонысы мен «Кердері» кесенелері. Оларды зерттеу жүздеген жылдар бойы су астында жатқан бабалар мұрасынан хабар алуға мүмкіндік береді.

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<