Күтпеген кездесу

371

0

Сурет ашық дереккөзден

Алматы вокзалы ығы-жығы. Кешелі бері күн қабағы ашылмай тұр. Алатау мұнартып көрінеді. Өрге қарай өскен шыршаларға, тасты жарып өскен тамырларына таңырқай қараймын. Иә, тасты жарып өсіп тұр. Табиғаттың осы бір тылсым күшіне бас имей болмайды. Бәріне таңырқайсың. Бұдан бірер күн бұрын Алматыдағы «Жас Алаштың» байырғы журналисі, белгілі баспагер, аяулы дос Серік Әбдірәйімұлының қазасына қатысып, еңсемді көтере алмай, бойымды тіктей алмай тұрмын.

Алматы вокзалындағы кассадан билет алдым, бесінші вагон, төменгі орын, купе. Екі адамдық. Қасыма бір тәуір адам орналасса, тынығып қалар едім, бәлкім, бір масаң кездессе қайтем. Тәуекелге бел буып, вагон баспалдағына аяқ салдым. Жолсерік келіншек екен, «Жолыңыз болсын аға!» деді.

Купеге бас сұқтым. Тып-тыныш. Қолымдағы заттарымды жатар орынның астына орналастырып, киімдерімді ілгешекке ілдім, жеңіл киімдерімді киіп алып, жастыққа бас қойып, аяғымды созып жатырмын.

– Қасыңыздағы орын 23 пе? – деген дауыс саңқ етті.

– Иә, менікі 22, қасымдағы орын №23 қарағым.

Шамасы қырыққа таяп қалған келіншек секілді. Жүзі жылы көрінді. Тәп-тәуір боянғаны көрініп тұр. Жолаушы келіншектің жүгі көп көрінді. Төрт-бес чемодан. Купе іші қас қағым сәтте толды.

– Қарағым, бұл неткен чемодан? Бұл жүкті қалай көтеріп келдің? Сауда жасайсың ба?

– Аға, қу тірлік қой. Чемодандағы заттардың бәрі сатылатын киім-кешек. Сауда жасап күн көріп жүрген жай бар…

Әңгімемді доғара қойдым. Өзі қонақжай келіншек екен, лезде шай әкеліп, дастарқан жайды. Терлеп-тепшіп шай іштік. Байқаймын, өз жайынан әңгіме айтқысы жоқ. Менің сөйлегенімді қалайтын секілді. Қою шай әңгімені төгілтуге жол ашқандай болды.

– Сауда жасағанның өзегі талмайды. Қиянатқа бармай, бәрін нысаппен істеген адамның жүзі жарқын, сонда береке болады. Барға қанағат еткен абзал.

– Дұрыс айтасыз, аға. Өзіңіз бұрын сауда жасап көрген адамдайсыз ғой?

– Жоқ қарағым, мен қарапайым қаламгермін. Ұзақ жыл баспасөзде қызмет атқардым. Қазір зейнеткермін.

– Бәсе, әңгімені төгілте айтасыз. Жол қысқарсын, әңгімеңізді жалғастыра беріңіз. Тағы да бір шәйнек шай әкелейін, – деп жолсеріктің бөлмесіне қарай суыт кетті келіншек. Тағы да шай басталды. Келіншек үнсіз, әлі де мені тыңдап, бар сырымды ақтарып болғанша сабыр сақтап отырған сыңай байқатты.

– Бір диқан шал болыпты. Бақшасының ортасындағы шағын лашығында тынығып жатса керек. Аспаннан бір ақ бүркіт келіп, кіндігінің үстіне қоныпты.

– Кіндігінің үстіне дейсіз бе? Диқан қолымен неге қақпаған аға?

– Сабыр сақтаған. Бүркіт кәдімгі адамша сөйлеп қоя берген, бұрынғы танысындай сөзді төгіп, диқан шалды маужыратқан, буынына түскен.

– Иә, диқан, қандай арманың бар?

– Арман көп қой. Қайсыбірін айтайын. Мен үйге барып, әйеліммен, үш ұлыммен ақылдасайын.

– Жарайды, түс ауа келемін, оған дейін үйіңе барып, ақылдасып кел, – деп бүркіт көтеріліп, ұшып кетіпті.

Диқан аң-таң. Ішінен:

– Астапыралла! – дей беріпті.

– Бұл қандай бүркіт? – деп диқан шал үйге тартты. Болған жайды баяндады. Бүркіттің ұшып кеткенін, қайта оралатынын, қандай арманың бар деп сауал қойғанын баяндады. Алдымен үш ұлы келді. Сөзді бірінші ұл алды.

– Ата, қандай арманың бар десе бүркітке былай деп айтыңыз, – деді үлкен ұл. – Бір он гектар жер алып берсін маған. Егін егіп шалқытайын.

– Сен не дейсің, екінші ұл?

– Сауда орталығын салатын ақша берсін, бүркіт.

– Иә, үшінші ұл сенде қандай арман бар?

– Бір үйір жылқы алуға ақша берсін.

Бәріңнің ойыңа қанықтым, ұлдарым. Енді үйдегі шешеңді шақыр. Не айтар екен?

– Байлық таусылады, дүние – қолдың кірі, шалым. Қарабайлардың ақыры не болды? Бізге сол бүркіт қанағатын тастап кетсе болды. Қанағат қарын тойғызады, шалым!

Түс ауа бүркіт келді. Диқан шал ұш ұлының арманын айтты. Кемпірінің аузынан шыққан қанағат сөзін естігенде ата бүркіт құлай кетіп, адам қалпына, үлкен сақалы төгілген шал болып шыға келіпті.

– Мен Қыдырмын, диқан шал. Барлық жерді аралап, саған тоқтағанда ойымнан шыққан сөзді сенен ғана естідім. Кемпірің данышпан екен, қанағат сөзін айтты, мен өмірбақи сенің есігіңде қартаятын болдым. Бар байлық, дәулет бұдан былай сенің шаңырағыңа қонады деп сәлден соң көзге көрінбей ғайып болып кетіпті.

Диқан шалдың дәулеті тасып, үш жүзге танымал Атымтай жомарт болып, дүниеден өтіпті деген аңыз бар.

– Аға, мына әңгімеңізде үлкен ғибрат бар. Қалай бәрін ойға сақтағансыз, – деп келіншек маған таңырқай қарап, біраз ойға түскендей кейіп байқатты.

Таң атты. Түркістанға жақындап қалыппыз. Асқа отырдық.

– Мына арабтар әрбір таң атқанда қуана тұрады екен, қарағым. Бала-шағасымен ажалды тағы бір күн кейінге қалдырдық деп қол жаятын дәстүрі бар көрінеді.

– Ойпырмай, ә, – деді келіншек.

– Дәл солай. Бір газеттен оқығаным бар.

Түркістанға келдік. Қасымдағы келіншектің бір әріптесі осы жерде тұрады екен, үлкен табақ ет пен қойдың басын әкеліп, алдымызға қойды. Аң-таң қалдым. Қай кезде телефон соққан, тапсырма берген?

– Сіздерге сыбаға. Мен мына келіншектің құрбысымын, аға. Жолдарыңыз болсын!

– Рахмет, айналайын. Кәсібіңе береке берсін.

– Аумин, аға, – деп табақ көтерген келіншек біздің купеден шығып бара жатты.

Екеуара отырып, Түркістанның дәмін таттық. Мен әңгімені әріден қозғадым.

– Ертеде Абайды Кәкітай қонаққа шақырып, сыйласа керек. Үлкен табақта қойдың басы, жамбас тұр. Абай, жамбасты қолына ұстап тұрып, Кәкітай «мына жамбас сенің отарыңнан емес, біздің отардағы қойдың жамбасы сияқты» десе керек. Сөйтсе Кәкітай Абайдың отарынан бір қойды қағып түсіп, қонаққа шақырып отыр екен. Сонда Кәкітай өлеңдетіп:

– Жүргем жоқ біреуді алдап, біреуді арбап,

Жүрмін ғой, қызыл тілді әрең жалдап,

Қысқа жіп күрмеуіме келмеген соң

Ұшына жіберіп ем, арқан жалғап, – дегенде ұялғанын сезіп Абай:

– Бәсе, ұялған тек тұрмас деген осы екен-ау, Кәкітай, – деп тіл қатыпты.

– Бұл сөзде қандай астар бар. Мына қойдың басына күдіктеніп отырсыз ба, аға? – Күдіктенбеңіз. Менің әріптесімнің адал малы!

Сәлден соң сөзді азайтып, қасымдағы келіншектің де әңгіме айтуын өтіндім.

– Аға, бізде не әңгіме болсын. Сіздей әңгіме айту бізге әлі алыс.

– Айтып отыр. Кәсібіңнен әңгіме айт, отбасыңнан сөз қозға.

Келіншектің жүзі жабырқаулы. Көзінен төгілген жасты орамалымен әлсін-әлсін сүртіп, маған сездірмегендей болып отыр.

– Өзіңде бір мұң бар сияқты ғой, қарағым?

– Алла ғана мұңсыз, төрт жағы құбыла Алла. Ал пенде болған соң, өмір болған соң не кездеспейді? Бағанадан бері сізді тыңдап, шөлім қанды. Енді мен бірер әңгімені сабақтайын, – деп келіншек бойын тіктегендей болды.

– Күйеуім дүкен ашты. Екеулеп сауда жасадық. Қор жиналды. Жақсы тұрдық.

– Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбар да өзінен жиырма жас үлкен зайыбы Қадишамен бірге сауда жасап, өрге домалатқан, сол арқылы дәулетке кенелген, – дедім мен де келіншектің сөзін қостай түсіп.

– Бұдан хабарым бар, пайғамбар жайында бір романды жата-жастанып оқығанмын, аға?

– Ә, ол роман Вера Панова мен Юрий Бахтиннің «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты толғауы ғой.

– Ту, дәл айттыңыз, ойыңызға қалай сақтағансыз, аға?

– Дүкеннен тұрмысымыз жөнделді. Тату-тәтті өмір сүрдік, бала сүйдік. Кенет күйеуім бір бойжеткенмен байланысып, соған үйленді. Хабарласпайды. Кенет ұлым қолымдағы келінді тастап, басқа бір ұлттың қызына үйленіп, қоныс аударды. Жығылғанға жұдырық деген осы болар. Міне, өмір осылай, жүріп жатыр аға.

– Тағдыр адамды сан алуан шытырманға салады ғой, қарағым. Қолыңдағы немерелеріңді ержеткіз. Әлі-ақ жетіліп кетесіз.

– Мұныңыз да ақыл, – деп келіншек әңгімені кілт үзгендей болды.

Пойыз тоқтады. Мен Қызылордадан түстім. Екі күндей серік болған келіншектің аты-жөнін сұрамаппын, ол да менің аты-жөніме ықылас білдірмеді. Үн-түнсіз жүктеріме көмектесіп, вокзалға дейін шығарып салғаны есімнен кетпейді.

Иә, содан бері арада біраз жыл өтті. Сол келіншекке кездесудің бір сәті түспей жүр.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<