Әсемдікке әркім құмар

429

0

Қала тұрғыны Қалдыгүл Жәмиеваның тоқыма ісімен айналысқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де, әсемдікке әркім де құмар емес пе, тоқымашының қолынан шыққан тамаша бұйымдар көптің назарын бірден аударды. Мысалы, түрлі-түсті моншақтардан тоқылған сәндік қол сөмкелер, жіптен тоқылған жіптіктей аяқ киімдер тез-ақ сұранысқа ие болды.

Қолөнершіден бұл жұмысты қайдан үйренгенін және қалай бастағанын сұраған едік.

–Үш-төрт жыл бұрын анам ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ал менің жұмыстан шығып, сол кісіге қарауым керек болды. Күні бойы үйде отырған соң қолайлы бір тірлікпен айналысу керек екенін білдім. Содан өзіме бала кезден таныс тоқыма жұмысын қолыма алдым. Әлеуметтік желі бетіндегі арнайы курстар арқылы тоқудың жаңаша әдістерін үйрендім. Бірте-бірте қолөнерге қызығушылығым артып, жаңа бұйымдар жасауға тырыстым.

Әзірге кәсіп бастағаным жоқ. Тоқымаға қажетті заттарды Алматы қаласына тапсырыс беріп, алдырамын. Алдағы уақытта әлеуметтік саладағы жеңілдетілген несие немесе біржолғы грант сияқты қаржылай қолдаулардың мүмкіндігі болса, қолөнерімді кәсіп ретінде жалғастырар едім, – дейді тоқымашы апай.

Иә, бүгінде қазақтың ұлттық өнерін қайта жаңғыртып, заманауи сән үлгісімен байланыстыра, тоқыма бұйымдардың түр-түрін дайындайтын Қалдыгүл Жәмиева сияқты ісмер, тоқымашылардың қатары артып келеді. Бұл – әрине, қай уақытта да халықтық дәстүр құндылығының сәннен де, сұраныстан да қалмайтындығының бір дәлелі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<