Әсемдікке ұмтылған ұжым

332

0

Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығындағы студенттер арбатының бойында ертегі қалашық пайда болды. Жасыл шыршаның айналасындағы көрініс жалт-жұлт етіп көз тартады. Бірақ мұның сыртында тынымсыз ізденіс, ұтқыр ұйымдастыру мен қыруар еңбек жатқанын көбіміз біле бермейміз. Жаяу жүргіншілер аймағын қызыл-жасыл түске бояп, қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес әсер сыйлаған «Қызылорда көркем және К» серіктестігі екенін айтуға тиіспіз.

Компания 2008 жылы құрылып, содан бері облыс орталығы мен аудандарды, ауыл-аймақтарды безендіруге қомақты үлес қосып келеді. Қызылордаға жастық жалынымен сол уақыт үшін таңсық кәсіпті әкелген – Жасұлан Жарасбаев. Ол қолына диплом тиген бойда бизнес баспалдағына қадам басты.

– 2006 жылы арман қуып Алматыға аттанып, Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық университетте оқыдым. Оқып жүріп, жұмыс істедім. Өзім – болашақ құрылысшымын. Эскиз жобаларға қызығатынмын. Бірде қаладағы дизайнерлік орталықтарды аралап жүріп, «жарнама агенттігіне дизайнер керек» дегенді оқып, соған бардым. «Студент керек емес» деп бетімді қайтарды. Бірақ табандылық танытып, қайта барып, ақыры сол мекемеге дизайнер ретінде қабылдандым. Саланың қыр-сырын үйренген соң Қызылордада жарнама агенттігін ашуға бекіндім. Әрине, бірден аяққа тұрып кетпедік. Бірі жассың десе, бірде қаржылай қолдау, енді бірде ғимарат табуда қиындықтар кездесті. Жарнама компаниясын ашқан алғашқы жылдары эскизді өзім сыздым. Клиенттен қол үзбес үшін түн жарымына дейін жұмыс істейтінмін. Жаныма жастар жиылды, шаршау дегенді білмеппіз, – дейді компания директоры, қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Жарасбаев.

Қазір мұнда дизайнер, баннер мен стенд оракалын басып шығарушы, фрейзер, құрастырушы, тағысын тағы, барлығы 25-ке жуық адам еңбек етіп жатыр. Шығармашылық ұжымның жұмысы қай кезде де қызу. Нағыз қарбалас маңызды мерекелердің алдында басталады.

– Екі-үш жыл бұрын біз ғимараттардың қасбетін әрлеу, көпірлерді жарықтандыру жұмысын қолға алдық. Одан бөлек, қаланы безендіреміз, мерекелерге дайындаймыз. Наурыз және Жаңа жыл мерекелерінде жұмыс қызады. Халық қаңтар мен ақпаннан шыға алмай жүрсе, мен қыста көктемде жүремін. Өйткені мерекелік эскиздерді екі-үш ай бұрын ұсынуымыз керек. Өз басым мойныма міндет алсам, оған жүрдім-бардым қарағанды ұнатпаймын. Басқа қаладан көрген эскизді көшіріп қоя салуды да құп көрмеймін. Сондықтан ойда жүрген эскизді қағазға түсіріп, шеберлермен ақылдасып, тәуір дүние жасап шығаруға күш саламыз, – дейді кәсіпкер.

Компанияға ауыл-аймақтардың кіреберісіне арка орнату туралы тапсырыс жиі түседі екен. Сонымен қатар қаладағы мерекелік жобалардағы архитектуралық пішіндерді ауыл бюджетіне сәйкес шағын көлемде жасатып жатады. Ал жеке кәсіпкерлер көбіне дүкен, кеңсе маңдайшаларын жазып беруді өтінеді екен. Негізгі тапсырыс берушілер – мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері.

– Бізде қызметкерлер жұмысты бөліп-жармай бәрі бірге атқарады. Өзім де басшы екенмін деп қарап отыра алмаймын, – дейді Жасұлан Жарасбаев.

Туған жерді көркейтуге, безендіріп, шырайын келтіруге септігін тигізіп келе жатқан компанияда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы басшылық тарапынан назардан тыс қалған емес. Осыған дейін бірқатар маманның жер телімін алуына, баспаналы болуына қолдау білдірді. Мереке күндері түрлі деңгейде марапаттау шаралары ұйымдастырылып, лайықты құрмет көрсетіліп тұрады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<