Тереңөзек кенті қалаға жақын. Содан шығар, кейде ішіп-жейтін несібесін осы жақтан тасиды. Бұл Тереңөзекте азық-түлік базары немесе үлкен дүкен жоқ деген сөз емес. Мұнда да қажеттіңнің бәрі табылады.
Мысалы, күнделікті тұтынатын нанды айталық. Аудан орталығында тұратындар көбіне-көп «Айшаның» нанын іздейтінін байқадық. Соншалықты сұранысқа ие болуының себебі біреу-ақ. Кент тұрғынының кез келгенінен сұрасаңыз, осы жауапты естисіз. «Олар өте дәмді пісіреді».
Сырдария ауданына сапармен барғанымызда Тереңөзек кентіндегі «AISHA» атымен танымал шағын кондитерлік цехқа арнайы бас сұқтық. Иә, мұнда нан өнімдерімен бірге тәтті торт пен бәліш пісіріліп жатады.
Біз цех иесі Гүлжан Әбдіғаппарованың кәсіпкерлікке ақ адал еңбек, маңдай тердің арқасында жеткенін әңгімелесе келе аңғардық.
– 1996-1997 жылдардың жағдайын бала болсаң да білетін боларсың, – деді ол маған. – Сол жылдары көп келіншек дорба арқалап, сауда жасап кетті. Бәрі бала-шаға қамы үшін ғой. Жолдасым совхозда жұмыс істегенмен, жалақы жоқ, оның орнына ұн мен май немесе күріш қана беретін. Міне, сол уақытта үйден тоқаш (булочка) пісіріп саттым. Ұмытпасам, әрқайсысы 4 теңгеден болды. Теміржол бойына екі сөмкемен шығып, ел ішінде «тоқылдақ» атанған пойызбен көрші Жалағашқа барып, сонда сатып келетінмін. Дәл солай 10 жыл тоқаш пісіріп, балаларды асырадық. Кейін жолдасым үйдің алдынан екі бөлмелі сарай салып берді. Несиеге көлік алдық. Солай кәсіпті кеңейте бастадық. 2010 жылы кәсіпкерлікке заңды түрде тіркеліп, «AISHA» атауымен нан өнімдерін шығардық. Айша – төрт ұлдың арасындағы жалғыз қызым, – дейді Гүлжан апай.
Дәмді тоқашымен ел ішіне танымал болған келіншекке осыдан кейін нан пісіріп сатуға ұсыныс түседі. Бөлке мен тандыр нанды саудалауға кіріскен кәсіпкер кейіннен арнайы кеш пен мерейтойларға торт дайындап беретін болған.
– Бәрін кезінде өз бетімше үйрендім. Кейін мына интернет дамығалы содан қарап, өзімді дамыттым. Қасыма қайын сіңлімді алып, түрлі тапсырыстарды ерінбей қабылдадық. Қазір Құдайға шүкір, балалар ер жетті, үйленді, екі келін алдық. Торт пен түрлі тәттіні сол екеуі істеп жүр. Ал өзіміз пісірген нан өнімдерін кент ішіне таратуға ұлдарым көмектеседі. Арнайы автокөлігіміз бар, орталықтағы 15-20 дүкенге нан өнімдерін өткізіп келеміз. Осылайша отбасылық кәсіпті жолға қойдық, – дейді ол.
Гүлжан Әбдіғаппарова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен несие алыпты. 14 млн теңгеге жуық қаржыға біз көрген шағын цех салып, кәсібін үлкейткен. Қазір мұнда 15-ке жуық адам жұмыс істейді.
– Цехта күніне мың дана бөлке нан дайындалады. Қосымша 300 дана тандыр нан пісіреміз. Ал торт пен басқа тәттілерге арнайы тапсырыс қабылдаймыз. Өйткені, оларды ұзақ сақтап отыра алмаймыз. Қазір келісім-шартпен нан бағасын тұрақтандыру үшін «Өңірлік тұрақтандыру қоры» арқылы төмен бағамен бірінші сортты ұн берілуде. Сол арқылы біз бөлке нан пісіріп, оны 75 теңгеден дүкендерге таратамыз. Ал олар 80 теңгеден халыққа сатады. Бұл бір жағынан, елдің қалтасына да қонымды. Екіншіден, қай өнімнің де сапасы дұрыс болса ғана сұраныс тоқтамайды, –дейді кәсіпкер.
Кәсіп ашып көкжиегіңді кеңейту мүмкін еместей көрінетіні рас. Сондай-ақ қаржы жағы қалай болар екен деп дүдәмал күйге түсетінімізді де жоққа шығара алмаймыз. Рас, кәсіпкерлікпен тек ауқаттылар ғана айналысатындай көрінетін көзге. Бірақ сырдариялық Гүлжан апайдың қиындықпен еңсерген бүгінгі кәсібі – көпшілікке жақсы мысал. Ұл-қызын адал еңбекке баулып, отбасылық кәсіпті дөңгеленткен кәсіпкер ананың қажырлы еңбегіне қалай сүйсінбеске?!
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<