Аймақта энергия үнемдейтін шыны шығарылады

251

0

Шыны керек, шыны зауыты іске қосылғанын білгенмен, оның нендей нәтижеге жеткенінен көпшілік бейхабар. Әйтеуір инвестициялық жоба ретінде аймақтағы өндірістің алды екені анық. Сондықтан халыққа бастаманың пайдасы әрі өнім сапасы туралы ақпарды жеткізу өзекті. Осы орайда «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы зауыт жұмысын таныстыру мақсатында журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.

Таяуда аталған зауыт тағы бір тың өндірісті іске қосты. Мұнда энергия үнемдейтін әйнек шығаруды қолға алған. Жаңа жобаның құны – 6,7 миллиард теңге. Мамандар заманауи технология арқылы қыста жылу ұстайтын, жазда күннен қорғайтын әйнек өндіріп жатыр. Жалпы бұл – жаңашылдықтардың бастамасы ғана. Орталық Азия бойынша ең ірі шыны зауыты алдағы уақытта смартфонға қолданатын өнімдерді де шығаруды жоспарлап отыр. Ал энергия үнемдейтін шыныға алыс-жақын шетелден сұраныс басым.

Энергия үнемдейтін шынының ерекшелігі сол – суық кезде жылу сақтайды, жазда күн радиациясынан қорғайды.  Тіпті жылуды 20 пайыз үнемдеуге таптырмас амал.

– Бұған дейін Қазақстанның ішкі нарығына бұл өнімді Ресейден алып келген. Зауыт қосылғалы бері ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек, Орта Азия, Ресей, Әзербайжан, Грузия мемлекеттеріне жіберуге ниеттеміз. Энергия үнемдеуші шыны шығаратын зауыттың жылдық қуаты 5 млн шаршы метрді құрайды. Инвестиция көлемі – 6,7 млрд теңге. Бұл – Орта Азия бойынша теңдесі жоқ алғашқы зауыт, – деді зауыттың өндірістік бөлімі бастығының орынбасары Ғалымжан Қуатов.

Өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауыты 2022 жылдың қазан айында шетелдік инвестордың қатысуымен іске қосылған болатын. Жобаға 42,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Қуаттылығы 197,1 мың тонна табақша шыныға шақталған екен. Ал энергия үнемдейтін шыны өндірісін маусым айында іске қосқан. Цехта барлығы 20 адам жұмыс жасауда.

Айта кетейік, зауыт іске қосылғалы бері 27,3 млрд теңгенің 22,8 млн шаршы метр шыны өнімін өндірді. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы шетелге жөнелтіледі. Қазір кәсіпорын тауары Орталық Азиямен қатар Грузия, Әзербайжан, тіпті Балтық жағалауы елдеріне экспортталып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын өндіріске 40 миллиард теңге шетелдік инвестиция салынған еді.

Аумағы 50 гектар болатын осы алып кешенде үш ауысым бойынша 400 адам жұмыс істейді. Оның жартысынан астамы – жергілікті тұрғындар. Зауытқа әкімдік газ, су, электр желілері, автожол мен байланыс торабын тартып берді. Ал «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы жобаға құқықтық-салықтық қолдау көрсетті.

– Алып келетін құрылғылар баж салығынан босатылады. Сонымен қатар оларға салық жағынан жеңілдіктер бар. Мысалы КПН, жер, мүлік салықтарынан белгілі бір мерзімге босатылады. Өндірісті салу үшін мемлекеттік грант есебінен тегін жер беріледі. «Orda Glass» мекемесі бүкіл жеңілдіктерді пайдаланып отыр, – деді «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының облыс бойынша өкілдік директоры Мұрат Балабаев.

Болашақта шыны кластерін қалыптастыру бағытында өндіріс ошағы жанынан айна, шөлмек, көлік әйнектері және шыны талшығын өндіру желілері құрылмақ.  Бұл өңірдің шыны индустриясы саласындағы әлеуетін арттырып, ілеспе жобаларды жарыққа шығаруына мүмкіндік береді.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<