Аралдың «Ақнар» шұбаты

973

0

Әдетте, Арал ауданының бренді – тұз бен балық екені көпшілікке мәлім. Сондай-ақ орналасқан жері төрт түліктің бірі – түйеге қолайлы болған соң, мұндағы жұрт өз қонақтарына шұбатты да жиі ұсынып жатады. Иә, шөл даланың кемесі саналатын түйе жануарының сүті – өте құнарлы азық әрі сусын. Құрамында А1, В1, D, E, C дәрумендері бар шұбаттың инфаркт пен инсульттің алдын алуда маңызы зор. Мың бір дауасы бар оны дәрігерлер созылмалы өкпе құрты, бауыр мен сары ауру, бүйрек, асқазан, өт жолының қабынуын емдеуде таптырмас дәрі екенін айтады. Қатерлі ісік пен қант диабетіне шипасы мол. Адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, ми тамырларының жұмысын ретке келтіреді. Шұбатта кальций, темір, кремний, магний, алюминий, күкірт, фосфор, мыс, мырыш, күміс микроэлементтері жетерлік.

Түйе мен бие сүтіне құмар бұрынғы қазақтың қарасы азайғанмен, қазірде мұның қадірін білушілердің қатары аз емес сияқты. Өзіміз де шұбат алып ішіп, кей-кейде мұның маужыратып, тіпті ұйқы шақыратынын да байқап қаламыз. Ғалымдардың айтуынша, шұбат – жүйке жұмысын тыныштандыруда таптырмас сусын. Қаназдыққа көмектесіп, кейбір салмағы аз адамға керекті құнар да береді.

Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде сапалы түйе сүті сатылуда.  «Ақнар» брендімен нәрлі сусын шығаруды қолға алған ерлі-зайыптылар өнімді ауданнан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкент қаласына жіберіп жүр.

Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасымен грант ұтқан Дәулет Шымкенов пен жұбайы Нұрсұлу Жолмахан бүгінде отбасылық бизнесті осылайша дөңгелентіп отыр. Мемлекет қолдау көрсеткен 3 млн теңге қаржымен арнайы технология арқылы түйе сүтін өңдеп, әдемі ыдыспен сатылымға шығаруда. Қосымша 4 адамды жұмысқа алып, айына 700 литр шұбатты тапсырыс берушілерге жөнелтіп отыр.

– Түйе сүті сиыр мен жылқының сүтіне қарағанда екі-үш есе минералға бай. Шұбаттың өзгелерге қарағанда майлы әрі құнарлы болып келетіні сондықтан. Мемлекеттен алған қаржыға әкелінген ресейлік жартылай автоматтандырылған құрылғы арқылы сүтті өңдейміз. Ал түйе сүті жеке қожалықтардан таза әрі табиғи күйінде қабылданады. Ыңғайлы бөтелкеде, той-думан дастарханының сәнін келтіретіндей етіп дайындаудамыз. Келешекте бұл кәсіпті ұлғайтып, түйе сүтінен шоколад өнімдерін шығарғымыз келеді. Бұған қосымша түйенің еті мен өркеш майын да осындай үлгіде арнайы қаптамаға салып, өз тұтынушыларымызға ұсынсақ деген жоспарымыз да жоқ емес, – дейді сексеуілдік кәсіпкер.

Айта кету керек, Сексеуіл кентінде кәсіпкерлік қарқыны жаман емес. Бүгінде мұнда 486 кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде.

 Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<