Ауыл атымен шұлық шығарып жатыр

273

0

Қызылорда қаласының іргесіндегі аядай ғана ауылдан жергілікті кәсіпкер шұлық шығарып жатыр. «Ақсуат» атауын иеленген шұлық цехының ашылғанына әлі жыл толған жоқ. Сонда да болса қанатын кеңге жаюға талпыныс бар.

Кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаева бизнес бастауға мүмкіндік берген «Ауыл аманаты» жобасы туралы ауыл әкімдерінің тұрғындармен кездесуінде естіп-біліпті. Алғашында ауыл халқына таныс мал шаруашылығымен айналысуды жөн көреді. Бірақ бұл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жоба екенін, алғышартында тауар өндіру, өңдеу бағыттары да барынан хабардар болады.

– Қандай кәсіп ашуға болатынын жан-жақты зерттеп, отбасымызбен ақылдаса келе шұлық өндірісіне тоқтадық. Бизнес-жоспарымызды дайындап, ұсындық. 2023 жылдың қараша айында өтінішіміз қаралып, жоба аясында 2,5 пайызбен несие берілді. Биыл көктемде, наурыз айында цехты іске қосып, кәсіпті бастап кеттік. Құрылғыларды да, шикізатты да Қытайдан әкелдік. Шетелден маман алдырып, баламызды оқыттық, – дейді Сәрсенкүл Аралбаева.

Кейіпкеріміз шетелден жеткізілген станоктарды орнату үшін Ташкенттен маман шақыртқан. Кәсіпкердің баласы одан бір ай бойы техниканың тілін үйренген. Бір сөзбен айтқанда, бұл цехты отбасылық кәсіп деуге әбден негіз бар.

– Цехта екі адам жұмыс істеп жатыр. Күніне 200-250 жұп шұлық шығарамыз. Бір шұлықты шығаруға 2-3 минут уақыт кетеді. Оның ішінде тігілуінен бөлек, үтіктеуі, этикетканы жапсыру, бөлу, қаптау сияқты жұмыстар бар. Шұлықтар таза мақта жібінен тігіледі. Синтетика қоспасы жоқ. Мақта жібін өзім Өзбекстаннан әкеп жүрмін. Біздің өнім балаларға, әйелдер мен ер адамдарға арналған, кез келген жыл мезгіліне ыңғайлы. Бағасы – 150-200 теңге аралығында. 3D үлгісінде шығарамыз, бұйырса. Әзірге екі құрылғы қойылған, құрал-жабдық санын көбейткіміз келеді. Көршілес ауылдан екінші цех ашуды да жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Қызылордада жасалған өнім әзірге облыс орталығындағы «Сұлтан» сауда үйінде сатылып жатыр. Кәсіпкер еліміздің өзге өңірлеріне таратуға да мүмкіндік туады деп есептейді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<