«Бәрін де жоқтан бастадық»

893

0

Сырдың бойында, Тереңөзек ауданына қарасты Іңкәрдария атты ауыл бар. Сол ауылдың шаңына бір жылдары  бала Бақтияр аунап өсті. Менің айтпағым, кішкентай елді мекеннен шыққан бұл күнде елге сыйлы азамат жайында. Бақтияр Өсербекұлы Құдайбергенов 1986 жылы Іңкәрдария совхозында дүниеге келіп, сол ауылдың мектебін 2003 жылы тәмамдады. Кейін облыс орталығына жанұя жағдайына байланысты атаанасы қоныс аударды. Сол жылдан бері облыс орталығының тұрғыны.

Қайбір жылдары елде жеке меншік белең алды. Совхоздар тарады. Ел дағдарыста болды. Сол кездегі тіршіліктің дағдарысы Бақтиярдың отбасын да айналып өтпепті. Қиындықты да, жоқшылықты да көріп, сезініп өсті. Бақша еккен, пішен орған, отын шапқан. Жалпы тіршілікке бейім болған.

Отбасында алты ағайынды. Соның Бақтияр төртіншісі. Бұл күнде бауырларына өзі қамқор.

Бақтияр қазіргі таңда облыс орталығында жеке кәсібін дөңгеленткен кәсіпкер. Өз күш-жігерімен бастаған бизнесі бар.

Жақында қала орталығында орналасқан «Ваkhtiyar auto» сервисінде пікірлесудің сәті түсті. Ол жайдары көңілмен бизнестің жай-жапсарын баяндап берді.

– Бұл салаға келу бірден оңай болған жоқ, – дейді ол. – Қолда диплом жоқ, не қаражат жоқ. Әдепкіде құрылыс саласында, наубайханада және «құлбазарда» жүрдім, кейін слесарь болып бастап көрдім. Өзімді әр саладан іздеп келіп, осы бағыттан таптым. 2009 жылы әскерге алындым. Әскерден келгесін Астана қаласында автокөлік жөндеу саласында слесарь болып жұмыс атқардым. Кейін Қызылордаға келіп, 2014 жылы өз командамды жинап, жұмыс бастап кеттік. Әдепкіде 5-6 ай қиын болды, қаражаттың аздығы қол байлады. Бір клиенттен екіншісі естіп келіп, солай алға жылжи бастады. Біреуі екіншісін ертіп келсе, 50% жеңілдік жасадым. Солай кәсіп алға жылжыды. Сол жылдан бастап бизнеске деген қызығушылығым артып, білімге де ерекше ден қойдым. Мен осы кезге дейін 80 миллион теңгеге жуық қаражатымды білімге салдым. Өзімнің ізденісімнің, білімімнің арқасында қазіргі таңда Қазақстанның бес қаласында 260-қа жуық серіктестермен жұмыс жасаймыз.

Сол бизнестің басы-қасында жүргеніне биыл 8 жыл болыпты. Қытай елінен жеке завод сатып алып, оны да қондырып, іске қосуға әрекет жасап жатыр екен. Міне, Бақтиярдың жеке кәсібі осылай дөңгелеуде. Бұл бастамасы – өзіне кәсіп, ал елге үлкен қызмет.

Әңгіме барысында «Отбасы мен бизнесті қалай қатар алып жүрсіз?» дедім.

Ол бір езу тартып алды. Сосын «Бұл екеуін қатар алып жүру оңай емес. Көп адамдар екеуінің біреуін ақсатып алып жатады. Ақшаны көбейтіп, отбасына көңіл бөлуің азаяды не болмаса отбасына көп көңіл бөлсең, ақшаң азаяды. Бұл жерде үлкен баланс болуы керек. Адамгершілік, үлкен түсіністік болуы керек. Жолдасың да іштей сенің ісіңе, кәсібіңе дайын болуы керек» деді.

Қазір ол 300-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың жағдайын жасап отыр.

Бақтияр бірқатар елді мекендерде қолжетімді жағдайда дүкен дүңгіршектерін ашқан. Елдің айтуынша, жоқ-жітік жандарға, елдегі елеулі істерге қол көмегін аямайтын көрінеді.

«Қазіргі таңдағы бизнестің өрлеуі қалай, жастарға қандай бағыт-бағдар бересіз?» дедім әңгіме үстінде.

Ол ойланып барып, болашаққа болжамды көзбен қарай отырып:

– Қазір жастар бәрін бірден үлкен нәрседен бастағысы келеді. Тіпті кейбірі «Аға, мен миллионер болғым келеді» деп жолдың қақ ортасынан ілескендей әңгіме айта бастайды. Негізі бизнес жоқтан басталады, кішкентайдан үлкенге ұлғайту арқылы жетесің. Бірінші – қалай ақша табу, екінші – оны қалай жарату, үшінші – соны қалай ұстап қалуға, яғни дамытуға болады. Жастар осыны білуі керек. Осы үш этапты түсініп өтсе ғана ісі алға басады. Ал жалпы бизнес қазіргі әлемдік, экономикалық жағдайда қиындықтармен бетпе-бет келіп тұр, – деді ол. Бақтияр ізіне ілесетін жастар болса, оларды кәсіпке баулуға дайын. Ең бастысы, адалдық пен еңбексүйгіштік ұзаққа апаратынын ұғына білсе, игі.

Жанар Серәлиева

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<