Балауыз шамның сәулесі

914

0

Бір кездері электр жарығы болмай кешкілік үйдің берекесі балауыз шамға байланып қалғанын әлі жұрт ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, оның айқын көрінісі ел тәуелсіздік алған жылдары айқын сезілді.

Ал бүгінде себебі болмаса электр жарығы сағаттап сөнбейді. Десе де, бұл балауыз шамға сұраныс сиреп қалды деген сөз емес. Сұлулық салондары, йога студиялары мен массажистердің өзі көп қолданатын дүние болып отыр. Сонымен бірге жастар арасында романтикалық кештің символы ретінде түрлі мерекелік торт бетіне де шам жағып, шаттық іздейтіндер баршылық. Бір қызығы, халықаралық балауыз шамын үндеушілер күні 2017 жылдың 30 сәуірінен бастап атап өтіледі екен.

Қалай десек те балауыз шамға сұраныс бар. Оны қала тұрғыны Әйгерім Асқарова кәсіптің көзі ретінде жақсы біледі.  20 жыл өтілі бола тұра, экономика саласындағы қызметінен бас тартқан ол өзінің қызығушылығын табыс көзіне айналдырған.

– Бұл кәсіпті небәрі 100 мың теңгемен бастадым. Белгілі себептерге байланысты жұмыстан шығуым керек болды. Бұрыннан осындай шам жасауға қызығатынмын. Алматыға барып, арнайы оқу курсынан өтіп, сертификатын алып келдім. Ал қазір үйде балалар мен үлкен кісіге қарап, әрі табыс тауып отырмын. Балауыз шамына сұраныс жоғары. Оны табиғи балауыздан және хош иісті майлардың қоспасынан түрлі мүсіндерге салып жасаймыз. Аса қиын жұмыс емес. Бұл да өнердің бір түрі. Шығармашылық жағынан өзіңді дамыта отырып, қиялға беріліп, әдемі мүсіндер жасауға болады. Шамды көбіне жастар алады. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар түседі. Той табақтарға да осы затты сұрайды. Ерекше кештер мен туған күндерге арнайы тапсырыс беретіндер көп. Сонымен бірге бұл хош иісті шамдар адамды тыныштандырып, жанға жайлылық сыйлайды, – дейді Әйгерім.

Балауыз – араның балауыз безінен бөлінетін зат. Одан ара ұяларын салады екен. Ал балауызды көбіне біз шам жасау үшін пайдаланамыз. Ерте кезде балауыз шамдары талай еңбектің, үлкен шығармалардың, ғылымның тууына үлес қосты дей аламыз. Түбіне жарығы түспесе де өзгеге жарық сыйлайтын балауыз шамы әлі де сұраныста. Оның бір данасы 1000 теңгеден басталады. Шамды жасауға кеткен шикізат шығыны мен көлеміне, мүсініне қарай бағасы да артады. Күніне кей кезде 10-15 шамға тапысырыс алса, қазір тек сол  тапсырысты орындап, пайда тауып отыр. 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<