Базардан басталған бизнес

639

0

Қазіргі таңда мемлекет өз ісін өрбітем дегендерге көмек қолын созып келеді. Әсіресе соңғы жылдары кәсіпкерлікке айтарлықтай көңіл бөлінуде. Біздің Сыр өңірінде де мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жандар жетерлік. Соның бірі – облысымызда балық өнеркәсібінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан Айгүл Мұханбетжанова.

Базардан басталған бизнес

Кәсіпкер негізінен шикі балықты сатумен айналысады. Бұл істі ол 1998 жылы анасының бастамасымен қолға алған. Алғашында Бәйгеқұмның көлі мен каналынан ауланған балықты қалаға әкеліп саудалап, азын-аулақ ақша қылады. Осылайша тиыннан тиын құраған ол бизнестегі алғашқы қадамын Қызылорданың ескі базарында сатушылықтан бастайды. Кейін араға жылдар салып, саудасын кеңейтіп, 2005 жылы «Алтын балық» дүкенін ашады. Осы жылдары ресми жеке кәсіпкер ретінде тіркелген оның жұмысы жанданып, кәсібі дөңгелей бастайды. 2010 жылы Бегім ана көшесінің бойындағы үлкен ғимаратты сатып алып, «Арзан балық» дүкенін ашты.

Қиындығы мен қызығы мол істе жұбайы Байқоңыр да жанынан табылып, көмегін аяған емес. Бүгінде базарда жаңа ауланған балықтың түр-түрі сатылады. Көпшілігі облыстың жергілікті су қоймаларынан алынады. Сатушылар балықты толық тазалап, тұтынушы қажет деп тапса, бөлшектеп те береді.

Қазіргі таңда балық дүкені қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оның ішінде балықты қабылдап жуатын, аршып соятын жер мен балықты сақтайтын мұздатқыш та бар. Ал сөреден балықтың Дағыстан мен Атырау және Сырдария мен Аралдың сазанын, тұқы, жайын, шортан, жыланбас, көксерке, амур, сазан, күміс тұқы, табан, жерих секілді түрлерін кездестіруге болады. Сонымен қоса, қуырылған балық пен уылдырық, мұздатылған уылдырық және тартылған балық та ұсынады. Дайын балық 5 тоннаға дейін өнім сыятын камералармен жабдықталған қоймада сақталады.

– Балық сатып, кәсіп бастағаныма 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында талай қиындықтан өттім. Бірақ ештеңеге мойығаным жоқ. Керісінше шыңдалып, кәсібімді өркендетіп, жандандырдым. Осы аралықта талай адамды жұмыспен қамтыдым.

Қазір 4 адам жұмыс істейді. Жұмысшы жалақысы 120-180 мың теңге аралығында. Қалғандары дүкенді жалға алып, жұмыс істеп отыр, яғни мен балықты жеткізіп беріп, үстінен пайдамды көрем және дүкенді пайдаланғаны үшін қызметкерлерден ай сайын төлемақы аламын. Сосын олар менен алған балықтың үстіне ақша қосып, халыққа сатады. Бәрінің жеке кәсіпкерлігі бар. Демалыссыз жұмыс істейміз.

Енді алдағы уақытта осы кәсіптің аясын одан әрі кеңейткім келеді. Былтыр жыл соңында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, КБИ шағын ауданынан және сол жағалаудан кәсіпкерлік мақсатта жер беруін сұрадым. Рұқсат берсе, дүкен салсақ деймін. Жоспарымды көрсеттім. Тағы да балық дүкенін ашқым келеді. Өйткені осы екі аумақта жаңадан үйлер бой көтеріп жатыр. Енді онда қанша адам тұратынын есептеңіз. Бір жағынан сол маңға жақын тұратын тұрғындар үшінде тиімді болар еді, – дейді кәсіпкер.

Талай кәсіп тұралап қалған пандемия тұсында да кәсіпкер қиыннан қиыстырып, пайданың көзін тапты. Ол мемлекеттен үш көлігіне рұқсат алып, қуырылған балықты тұтынушылардың үйіне жеткізіп беру қызметін жолға қойды. Мұнда әр ыдысы 5000 теңгеден. Бұдан бөлек, кәсіпкердің ысталған және қақталған балықты сататын тағы бір дүкені бар.

20 жылдан аса кәсіпкерлікпен айналысқан Айгүл Тоғжанқызының тұтынушылары Қызылорда облысында ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да бар. Тұтынушылар тіпті бүгінде Алматы, Тараз, Шымкент, Жезқазған қалаларынан келіп, тонналап балық алып кетеді.

Кәсіпкердің айтуынша, бизнес бастағаннан бері мемлекет қолдау танытып келеді. Былтыр айналым қаражатын толықтыру үшін «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасымен  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 16 млн теңге несие алған. Оған Дағыстан мен Атыраудан балық алдыртқан.

Бүгінде кәсіпкер сырттан және облыс көлемінен әкелінген балықтарға сұраныстың жоғары екенін айтады. Қазір ол Қызылордадағы көптеген мектеп, балабақша, түрме, әскери бөлімдер мен түрлі кәсіпкерлік нысандарын балық өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе балабақшалар тарапынан Қазалы зауытынан әкелінетін тартылған балыққа сұраныс көп екен. Кәсіпкер өңірдегі Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария сияқты аудандардан балық алдырып сатады.

– Негізі әр адамның тамақтану рационында балық болуы шарт. Бірақ ағзаға пайдасы тиюі үшін балық дұрыс жағдайда сақталу керек. «Арзан балық» дүкенінің үш артықшылығы бар. Бірінші – мінсіз қызмет. Екінші– өнімдердің жоғары сапасы. Үшінші – қолайлы баға.

– Өзімді шама-шарқымша елдің дамуына үлес қосып келетін кәсіпкермін деп санаймын. Осындай еңбекті жастар да бойына сіңіріп, елге пайдасын тигізсе екен деймін. Кәсіп бастау ешқашан кеш болмайды және қорқудың да қажеті жоқ. Үлкен армандар тәуекелдерге тәуелді. Ойыңа алған істі бастап көру керек, сүрінесің, құлайсың, қайта тұрасың. Есесіне шыңдалып, бастаған кәсібіңнің майталманына айналасың. Сосын мақсатыңның жолында табанды болу шарт. Қолдан келсе, өзің сүйетін, ебің бар шаруамен айналысу керек. Пысықтық та артықтық етпейді.

Қазір мемлекет тарапынан қолдау көп. Жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар жетерлік. Тек ниет болса болғаны, – дейді Айгүл Мұханбетжанова.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<