Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жыл соңында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерліктің 14 жобасы мемлекеттік грантқа ие болды. Осы ретте қаладағы төрт кәсіпкерлік нысан жұмысымен танысып қайттық.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюповтың айтуынша, әртүрлі қаржы көздерінен 70,5 млрд теңгеге төрт мыңнан астам жеке кәсіпкерлік жобасы қаржыландырылды. Оның 69 млн 130 мың теңгесі «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру аясында өткен конкурстың 14 жеңімпазына қайтарымсыз грант беруге жұмсалды. Айта кету керек, Қызылорда қаласында 10 әлеуметтік кәсіпкер грант иегері атанса, қалған жеңімпаздар Арал және Шиелі аудандарынан.
Тігін цехындағы табысты тірлік
Алғашқы нысан – «Саңыраулардың оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС «Ақжүрек» тігін цехы. Кәсіп иесі Орынкүл Оразбаеваның айтуынша, 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол 5 млн теңге грант алып, бүгінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бұл кәсіпті қолға алуыма кенже ұлым мен келінім сеп болды. Олар туабітті ести де, сөйлей де алмайды. Сондықтан біз отбасымызбен есту қабілеті нашар адамдар жұмыс істей алатын кәсіпорын ашуды мақсат еттік. Алғашқы жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы үш рет жеңілдікпен несие алдық. Сол қаражатқа барлық қажетті жабдықтар мен шикізаттарды сатып алып, сапалы өнім шығара бастадық, – деді тігін цехының жетекшісі.
Қазір кәсіпорын қызметкерлері арнайы киімдер мен қолғаптар, орындықтарға арналған әдемі әрі ыңғайлы жапқыштар тігеді. Тігін цехында 25 адам жұмыс істейді, оның 20-сы – есту қабілеті нашар адамдар. Жалақы көлемі тапсырысқа қарай тұрақты беріледі. Кәсіпкер алдағы уақытта өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуды және қызметкерлер жалақысын көтеруді жоспарлап отыр.
«Нәтиженің» нәтижелі жұмысы
Екінші нысан – екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Нәтиже» нейропсихологиялық орталығы. Орталық басшысы Гүлмаржан Оспанова 4,7 млн теңге грант иеленіп, балаларға емдеу және түзету жұмыстарын жүргізу үшін қажетті медициналық жабдықтар сатып алған.
– Біз күніне 44 баланы қабылдаймыз. Әр балаға жеке уақыт бөліп олардың ойлау қабілетін дамытуға жұмыс жасаймыз. Әр сабақ 40 минутқа созылады, өйткені баланың назарын ұзақ уақыт бақылауда ұстау қиын екені ғылыми дәлелденген. Балалармен төрт маман жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің кәсібилігіне көп көңіл бөлеміз. Сондай-ақ тәжірибелі дәрігерлерді үнемі шақырамыз. Біздің қызметкерлер нейропсихология саласындағы барлық жаңа тенденцияларды зерттеп, әртүрлі оқыту семинарларына қатысады, – деді орталық басшысы.
«ArayKids» дамыту орталығы
Бұл орталықта су процедуралары арқылы балалардың ойлау қабілетін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Орталық басшысы Ақбота Аруова 4,8 млн теңге грантты арнайы бассейн сатып алуға жұмсаған. Орталық ақпан айында ашылды. Мұнда он адам жұмыс істейді. Олар күніне 40-қа жуық баланы қабылдап, оларға гидромассаж процедурасын жүргізеді. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасынан шыққан балалар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
– Біздің орталықтың ашылғанына көп болмаса да келушілер қатары ұлғайды. Қазір баланың ойлау қабілетін дамыту үшін жұмыс істеп жатқан бірнеше орталық бар. «ArayKids» дамыту орталығының ерекшелігі – мұнда гидромассаж процедурасы, денесінің белгілі бір бөлігіне су толқындары арқылы массаж жасалады. Бұл баланың емін-еркін қозғалуына жағдай жасайды. Аталған процедураның бір сеансы 30-40 минутқа созылады. Жалпы, одан бөлек логопедиялық жаттығу түрлері, 1 және 7 жас аралығындағы балаларға арналған бассейн, парафинотерапия процедуралары бар. Сонымен қатар невропатолог және психолог мамандардан кеңес алуға болады. Болашақта жеке бренд қалыптастырып, қызметкерлер қатарын көбейту жоспарда бар.
Талабы таудай кәсіпорын
Сондай-ақ жартылай фабрикаттар өндіретін «Тау-дай бол» кәсіпорыны жұмысымен таныстық. Иесі Жаннұр Момыш 5 млн теңге грантқа шұжық өндіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде экологиялық таза өнім түрлерін өндірумен айналысуда.
– Біз жартылай фабрикаттың 28 түрін, шұжықтың 6 түрін және ет өнімдерінің 11 түрін шығарамыз. «Тау-дай бол» деп аталатын өз дүкеніміз бар. Өнім түрлерін басқа да дүкендерге өткізіп, тұрғындарды қамтамасыз етіп келеміз. Қажетті шикізат түрлерін екі фермерлік шаруашылықтан сатып аламыз. Олар бізге ет және сүт өнімдерін жеткізеді. Қазір цехта төрт адам, дүкенде екі адам тұрақты жұмыс істейді. Алда тағы екі адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Қазір күніне 40 келіге дейін өнім өндіреміз, 50 келіге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жаннұр Момыш.
Жалпы, шағын және орта бизнестен бюджетке 73,7 млрд теңге салық аударымдары түскен. Мемлекеттік гранттардан басқа кешенді бағдарлама шеңберінде шағын және орта кәсіпкерліктің кредиттік портфелі 34 млрд теңгені құрап, бұл сомаға 1 038 жоба субсидияланды, 621 жобаға кепілдік берілді.
Аружан ЕРАЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<