Ерге тән еңбек еңсеріп…

458

0

Құрылысқа қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен өнімдер өзімізде де шығарылуда. Ең қызығы, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып, қосымша табыс ретінде кәсіп бастаған  Гүлзат Әбілованың ісі көпке үлгі.

– Біз цехта брусчатка, еуроқоршау шығарумен айналысамыз. Маусымдық жұмыс кезінде 20 адамға дейін көмекші аламыз. Бұл отбасылық кәсіп еді. Алайда осыдан 4 жыл бұрын жолдасым өмірден өтті. Сонда да қаймықпай балалардың жарқын болашағы үшін еңбек етіп келемін. Алда жұмыс жоспарым көп. Бастысы – қиындыққа мойымай, кәсібімді өркендетіп, адамдарды жұмыспен қамтысам, – дейді ол.

Гүлзат Әбілова өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп, арнайы қалыпқа салып әзірленетін еуроқоршаудың 600-800 метрін тапсырыс берушіге өткізген. Жұмыс ауқымы кеңейген соң  «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымына «Құрылысқа қажетті темір торлар шығару үшін қажетті құрал-жабдықтар салып алу» жобасын ұсынып, төмен пайызбен 13 млн теңге қаражатқа ие болды. Қазір қытайлық компаниялармен келісім-шарт арқылы құрал-жабдықтарды алдыртуда. Наурыз айынан бастап жұмысқа кіріскелі отыр.

Гүлзаттың ерге тән қабілеті сүйсіндірмей қоймайды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<