Ешкі баққанның есебі түгел

551

0

Саусаң сүт, жесең ет, кисең киім. Көп жағдайда қоймен қосақтап бағып, қосарлап айта салатын бұл түлік заман ауысқан сайын өзінше бір шаруашылық, өзінше үлкен кәсіп көзі бола алатынын дәлелдеп келеді. Ешкі өсірумен айналысушылар біздің өңірде де бар. Солардың бірі – шиелілік кәсіпкер Ботакөз Аркашбаева. Осы кәсібі арқылы жерлесіміз жуырда ғана республикалық «Ару ана» конкурсының жеңімпазы атанып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.

Ботакөз 2017 жылдан бері «Оразбек» шаруа қожалығын ашып, бүгінде үйінің қорасында-ақ Австралия мен Еуропа елдерінен шыққан сүт бағытындағы төлдерді жерсіндіріп, көбейтіп отыр. Негізгі мамандығы хореограф болса да, үлкен кәсіпті қолға алып, өз жұмысымен қатар алып жүр.

− Мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжін 2010 жылы бітіргенмін. Балабақшада мамандығым бойынша жұмыс жасаймын. Бұл кәсіпті бастауға ең бірінші анам түрткі болды. Ойлана келе әуелі қазақы ешкі сатып алдық. Солардың басын көбейттік. Кейін асылтұқымды ешкілерді зерттедім. Содан қолдағы барлық ешкіні сатып, он шақты асылтұқымды ешкі алдық. Сол уақытта жұрт түсінбеген. «Соншама малға он шақты ғана ешкі алғандарың не?» деп. Бірақ қазір өкінбеймін, − дейді  ол.

Мемлекеттің қолдауына да ие болған Ботакөз субсидиямен қоса бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған 2 млн теңге қайтарымсыз грант та ұтып алған. Соның негізінде мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін өндіруде. Ешкі асыраудың тиімділігі жоғары екенін, кез келген қиындықтың жеңіл жолын табуға болатынын айтады.

− Қазір мал басы 100-ден асты. Отбасымызбен бірге жасап жатқан кәсіп болғандықтан ешқандай қиындығы жоқ. Кәсіп бастаған кезде адам бірінші өзіне келетін пайданы емес, жұртқа тигізетін пайданы  ойлауы тиіс. Сондай-ақ кәсіпке деген махаббат болу керек. Істеп жатқан дүниеңді жақсы көрсең болғаны. Адамның өзінде ниет, құлшыныс болса, ауыр шаруаның өзін жеңілдетуге болады. Бірақ бұл істе маған ата-анамның қолдауы күшті болды. Сол кісілерден қолдау болмаса жарты жолдан тастап кетуім мүмкін еді.

Әрине ешкілерді сырттан әкелгендіктен күтімі ерекше. Дәнді дақылдармен қатар арнайы витаминдерін беріп отырамыз. Сүт бағытында болғандықтан басты тиімділігі сүтінің молдығы әрі майлылығы. 5-6 процентке дейін жетеді. Ағзаға пайдасы жағынан  қымыздан артық болмаса кем емес. Дәмінде де айырмашылық жоқ. Ағзаға тез сіңеді, − деді.

Кәсіпкер ешкі сүтінен ірімшіктің 4 түрін, құрт, май, брынза, сүзбе жасап сатып отыр. Өнімдерге сұраныс жоғары. Ешкі құртын арнайы Түркияға алдыртатындар да бар көрінеді. Әсіресе, дертіне шипа іздегендер, оның ішінде химия қабылдаған жандар көптеп алады екен. Басынан келіп ішетіндер кездеседі.

Қазіргі таңда шаруа қожалығы сүт өнімдерімен бірге  ешкі төлін жергілікті тұқымдармен будандастыру жұмыстарымен де айналысады.

− Бізде заанен, орыстың ақ ешкі тұқымы, альпілік ешкі мен ағылшын тұқымды ешкілері бар. Жалпы селекция жұмыстарын да қолға алдық. «Таза қан» деп айтады. Бір жылда  5-7 аталық ұстасақ, оны жыл сайын ауыстырамыз. Одан шыққан төл таза қанды болады. Қазір біздің ешкілер еліміздің барлық жерінде бар. Басты мақсатымыз – таза экоөнім шығару, − деді кәсіпкер.

Алдағы уақытта Ботакөз кәсібінің аясын кеңейтіп, жаңа тұқымды халықаралық сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өнімдерін дүкен сөрелеріне шығаруды да қолға алмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<