«Ерінбеген етікші болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Етікшілік – еріккеннің ермегі емес. Ол – аса шыдамдылықты, ыждағаттылықты талап ететін, екінің бірінің қолы бара бермейтін кәсіп түрі.
Қазақ халқы аяқ киімді өте ертеден-ақ қажетіне қарай тігіп, пайдаланған. Етікшілік өнердің дамып-өркендеуіне байланысты шеберлер аяқ киім түрлерін олардың жасалған материалына, тұтынушысының жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты түрлендіріп отырды. Аяқ киімнің өңделуі мен әшекейленуі жоғарыда аталған талаптарға байланысты қыстық, жаздық, ерлер мен әйелдерге, балаларға, жұмысқа, салтанатты іс-шараларға, қарттарға, жастарға арналған түрлерге бөлінді.
Етікші мамандығы – көне кәсіптің бірі, оның тамыры жоғарғы палеолит дәуірінен бастау алады. Қолөнер тарихшылары осылай дейді. Қазір етікшілердің қызметіне көп жүгінбесек те, өткен ғасырларда бұл мамандыққа деген сұраныс өте жоғары болған. Десек те, ел арасында көне кәсіптің осы түрі мүлдем жоғалып кетті деп айта алмаймыз. Керісінше, оны табыс көзіне айналдырып, ұлттық нақыштағы етік түрлерін заманауи үлгімен ұштастырып, ұсынып отырған кәсіп иелері жетерлік. Солардың бірі – Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылының тұрғыны «Нұртуған» ЖК иесі Жандәулет Қарекеев.
«Нұртуған» жеке кәсіпкерлігі жұмысын осыдан 4-5 жыл бұрын бастаған. Олар тұрмыстық және арнайы қызметтік аяқ киім тігумен айналысады.
– Басында бұл кәсіппен әкем айналысты. Негізі біздің аталарымыз етікшілікті кәсіп еткен екен. Әкем Құрманбек Қожахметұлы атадан келе жатқан кәсіпті жалғады. Басында өзім мән берген жоқпын. Тіпті бұған кәсіпке қызықпадым десем болады. Бірақ ауыр жұмыстан денсаулығыма зиян келген соң әкеме қолғабыс етіп жүрдім. Ол кісі маған ағаш шегемен шегелеуді үйретті. Ең алғаш тіккен етігімді 200 мың теңгеге саттым. Сонан кейін бұл кәсіпке деген қызығушылығым оянып, бет бұрдым. Негізінен 4-5 жылдай айналысып келеміз. Бірақ ресми түрде 2020 жылдан кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысымызды жалғастырудамыз, – дейді Жандәулет.
Басында біз және бір тігін станогымен жұмысын бастаған ол кейін үйін кепілге қойып, 4 млн теңге несие алды. Оған 3-4 ең қажетті деген станок сатып алып, жұмысын жандандыра түсті. Бүгінде ол шегеленген мәсінің ұзын және қысқа түрін, саптама етік тігеді.
– Біздің етіктеріміз өте сапалы. Олай дейтінім, ағаш шегемен шегелейміз. Ал ағаш шеге өте сапалы әрі ұзаққа шыдас береді. Тоғай ағашы мен қайыңнан жасалған шеге өте иілгіш келеді. Әкемнен үйренгенімдей, мен де ағаш шегемен шегелеймін әрі заманауи әдісті қосып тігіп жатырмын. Көз алдыма аяқ киімдердің түрлі үлгілері келеді. Соны қағазға түсіріп алуға тырысамын. Ұлттық ою-өрнектермен де әдіптеймін, – дейді кәсіпкер.
Етікке қажетті материалдарды Шымкент, Алматы, Тараз және Семей қалаларынан алдырады. Таза былғарыдан тігеді. Бір аяқ киімді 2-3 күнде тігіп шығады.
– Қазіргі базардағы аяқ киімдердің табанына картон салынған, материалы да жасанды тері. Картон ылғалға төзімсіз келеді. Адамның аяғын терлетіп, суыққа шалдықтырады. Ал біз таза былғарыдан саламыз, аяқ киімнің ішіне қой терісін пайдаланамыз. Ол – жылы әрі табиғи таза өнім. Сондықтан адам ағзасына да пайдасы мол. Жалпы аурудың бәрі аяқтан басталады. «Денің сау болсын десең, аяғыңды жылы ұста, әдемі көрінгің келсе, басыңды жылы ұста» деген сөз бар. Шынында солай, аяқты жылы ұстаудың маңызы зор. Ол үшін киіп жүрген аяқ киімімізге, оның сапасына аса мән беруіміз керек, – дейді етікші.
Заман талабына сай Жандәулет те әлеуметтік желінің игілігін көруде. Шығарған өнімін сонда жариялап, сол арқылы тұтынушы табуда. Әсіресе, солтүстік өңірлерден сұраныс көп. Заманауи аяқ киімдермен қатар саптама етікке, мәсіге тапсырыс берушілер баршылық. Осы орайда кәсіпкер цехын үлкейтіп, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, жас жігіттерді осы кәсіпке баулып, етік тігудің қыр-сырын үйретсем, сол арқылы етікшілік өнерді дамытуға үлес қоссам деген мақсаты бар. Айтпақшы, етіктердің бағасы 15-20 мыңнан басталып, тапсырыс берушінің талабына сай өсе береді.
Инемен құдық қазғандай, бейнеті көп кәсіптің жалынан ұстап, атадан келе жатқан өнерге адалдық танытып жүрген Жандәулетке біз де риза болдық. Отандық өнімнің өрісін кеңейтер осындай кәсіпкерлеріміз көп болғай!
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<