Сырдариялық Нұрымхан Сәтібеков – еңбекқор жігіт. Сан кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Әлеуметтік желіні де жақсы пайдаланады. Ол алғашында мал шаруашылығымен айналысып бастады. Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы «Іскер» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие алды. Қаражатқа жылқы басын көбейтті.
– Негізгі мамандығым – фельдшер. Осы салада еңбек етіп келемін. Қосымша кәсіпкерлікті де қолға алдым. Бүгінде бір іспен ғана шектелуге болмайды. Бұл – уақыт талабы. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге қолдаудың артқанын көріп, осы бағытта өзімді сынап көруге бел будым. Бастапқыда біршама қиындық болды. Мойымай қайта жігерлендім. Өзім секілді жастардың тәжірибесін көрдім. Кәсіпкерлік саласы мамандарынан кеңес алдым. Қазір жаман емес. Ісім алға жылжып келеді, – дейді ол.
Шаруасы дөңгеленген жігіт мұнымен тоқтап қалмады. Биыл «Іскер» бағдарламасы аясында «Ара балын өндіру» жобасы қолдау тапты. 4 миллион теңге несие алып, керекті құрал-жабдықтарын түгендеді. 20 жәшік-ұяда ара бағады. Өнімін жергілікті тұрғындар тұтынады, бағасы да қалтаға қонымды. Келісі – 2500 теңге. Ара балының пайдасы айтпаса да түсінікті. Салқын түскелі тұтынушылар көбейген. Көпшілігі әлеуметтік желі арқылы тапсырыс береді екен. Шаруашылық ауылдан 8 шақырым жерде орналасқан, онда жылына екі рет ара балы тартылады. Балдың құрамында шеңгел, бәйшешек, жантақ, жоңышқа шырыны бар.
Жас кәсіпкердің алдына қойған мақсаты айқын. Бұл тек бастамасы екенін айтады. Ара балынан өзге де өнім шығаруды көздеп отыр.
Сонымен қатар оның тауары жақында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен көрменің үздіктері қатарынан табылды. Осылайша, шаруаға мығым жігіт ісін ширатып келеді. Алдағы уақытта жәшік санын көбейтіп, өнімін өзге де өңірлерге шығару жоспары бар.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<