Хоббидан басталған қарекет

856

0

– Әшейін, хобби ғой, – дейді Төретам кентінде тұратын Ерлан Жаппасбаев. Тауықтың түр-түрі мен бөденеге үңілген бізге берген жауабы осындай.

– Хоббиыңыз мынау болса… Жауабына еріксіз күлдік. Ауылдағы шұбар ала мекиен мен қызыл-жасыл құйрықты қораздан өзге дым көрмеген бізге сырт елден келген бұл тауық тұқымдары тым таңсық.

Төретам мен Ақайға белгілі кәсіпкердің жеке кәсібімен танысып жүрміз. Жан-жақты жігіт ағасы құс өсіріп, мал бағады. Қой мен жылқы бордақылайды. Байқоңыр қаласынан бөлек, Ақай және Төретамнан азық-түлік дүкендерін ашып, кәсібін жандандырып жүр. Өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты барынша қамтуда.

– Бұл жерде өзіңіз көргендей голландиялық тауық тұқымы бар. 60 күн толған соң еті жеуге жарамды. Әрі бұның бір ерекшелігі өте етті, дәмді, сосын тез піседі. Бір өзінің салмағы 4,5-5 келіге дейін береді. Сондай-ақ «Ломан Браун». «Цесарка» сияқты тауық түрлерін де бағып отырмын. Жарты жыл бұрын бөдене де әкелдім. Бұл – өте өсімтал құс. 45 күнде жұмыртқа береді. Еті де, жұмыртқасы да ұдайы сұраныста, – дейді Ерлан Жаппасбаев.

Ерланның құсханасында 400 бөдене, 350 тауық бар. Етінен бөлек, жұмыртқасын да сатылымға шығарып отыр. Сондай-ақ ауыл маңынан 1 гектар жер алып, бақша өнімдерін де егеді.

Алма, алмұрт, шие және жүзім көшеттерін де отырғызған. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкер деуден гөрі шаруа адамы деуге әбден келіңкірейді.

Айтпақшы, жылыжай тақырыбын да жіті зерттеп жүрген қармақшылық кәсіпкеріңіз – осы. Өзі де шағын жылыжай салып, салат жапырақтарын өсіріп жүр. Кәдімгі дәмханаларда сіз бен біз сүйсініп жейтін түрлі салатқа қосар өсімдік-дәмдеуіштерді шығарады. Оны да өзінің дүкендерінде сатуға қойып отыр.

– Алдағы уақытта жылыжай мәселесін толықтай қолға алмақпын. Түрлі салат жапырақтарымен қоса, көкөніс те өсірмекпіз. Бұл жағынан Ақай, Төретам және Байқоңыр қаласын қамтуға болады. Сырттан тасымалдағанша, өзіміз өндірсек, баға да тұрақты, қымбатшылыққа да ұрынбаймыз, – дейді кәсіпкер.

Өз кәсібімен өзгеге үлгі болып жүрген Ерлан дүкен мен шағын маркеттегі қызметкерлерді есептемегенде осы құсханасында 5 адамды жұмыспен қамтыған. Келешек құс шаруашылығын кеңейтуді ойлайтын ол жақын арада сырт елдерден тауықтың түрлі сортының жұмыртқасын алдырмақшы.

Айта кету керек, Қармақшы ауданы бойынша 3888 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3502. Шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Ал мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда 540 жоба іске қосылып отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<