Кәсіпкері көп ауыл

1087

0

Үш жарым мың халқы бар Қожакент ауылы Жаңақорған ауданында орналасқан. Мұндағылар көбіне-көп егін егіп, төрт түлік өсіреді. Әсіресе, ірі қара мен Қамбар ата түлігі баршылық. Мал бордақылап, онысын саудаға шығарып отырғандар да жоқ емес. Иә, тынымсыз тіршілік қылған жұрттың берекесі бекем, ауызбіршілігі мықты болары даусыз. Ақсақалын қадірлеп, жастарын еңбекке құштар қылған ел ішінде кәсіпкерлік те кенже қалмаған. Олар жай кәсіппен айналысып қана қоймай, тапқан табысының азды-көпті бөлігін ауыл дамуына жұмсайтынын естідік.

Қожакентте 250-ден астам жеке кәсіпкерлік тіркеліпті. Мұнан бөлек, 5 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Олар негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ал жеке кәсіпкерліктің көпшілігі – сауда-саттық пен қызмет көрсету, яғни, дүкен, жеке балабақша, жанармай бекеті, шаштараз, мейрамхана, той жабдықтарымен қызмет көрсету, токарьлық цех және мал сою алаңы сынды нысандар. Алдағы уақытта монша құрылысы аяқталып, дәріхана да ашылмақшы. «Шаңырақ» атты сауда маркеті халыққа қолжетімді бағамен керектісін ұсынып отыр. Сондай-ақ ауылда күріш ақтайтын заманауи цех жұмыс істейді.

Біз ауыл ішінде өткен жылы ғана ашылған жаңа цех жұмысымен таныстық. Жас кәсіпкер Мейірбек Үсенов «Жанайым» жеке кәсіпкерлігін құрып, үй құрылысына қажетті заттарды өңдеуде. Мысалы, үй шатырын жабуға, сондай-ақ ауланы қоршайтын қаңылтырларды түрлі формаға келтіреді. Сондай-ақ үй ішінде декоративті жөндеу жұмыстарына қажетті өнімдердің бірсыпарасын да осы цехтан табасыз. Мұнан бөлек, жақында үйдің еденге бетон қабатын құю кезінде пайдаланатын тор көзді сымтемір де шығармақшы.

– Былтыр тамыз айында цех жұмысын қолға алдық. Ал өңдеуге қажетті техникалық жабдықтарды жеке қаражатыммен жыл соңында сатып алдым. Жалпы 70 млн теңге шамасында ақша жұмсалды. Басты мақсат – құрылысқа қажетті заттарды өзімізде өңдеп, сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайту. Осылайша шикізат күйінде алдырып, аудан көлемінде құрылысқа керек кейбір дүниелерді шығаруды бастап кеттік. Жалпы ел ішінде әулет болып кәсіпкерлікпен айналысқалы көп жыл болды. Әкем Изатулла ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысып, 30 шақты тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2020 жылы спорт кешенін тұрғызып, жастар мен оқушылар сондағы спорт үйірмелерінде шынығып келеді. Аудан мен облыстық жарыстарда жеңіске жетіп жүргендер баршылық. Ауылішілік көшелерді абаттандыруға да көмегін тигізеді. Жалғыз біз ғана емес, қожакенттік кәсіпкерлер қолдағы барын халықпен бөлісіп, ел ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға ұдайы қолдау көрсетіп келеді, – дейді жас кәсіпкер.

Мейірбек бүгінде жаңа цехта төрт ауылдасын жұмыспен қамтыған. Ал келешекте ағаш кесу және өңдеу цехын іске қосу жоспарда бар.

Айта кетейік, Қожакенттегі кәсіпкерлік тізгінін ұстағандардың қатарында жастар да көбейген. Бүгінде 40-тан астам жас түрлі кәсіппен айналысып, өз-өзін жұмыспен қамтып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<