Қызылордалық Анар Раманова – көпбалалы ана, жоғары білімді маман. Жақында ол қаланың екі аймағынан кондитерлік цех ашты. Нан, тәтті өнімдер шығарады. Осылайша жергілікті халықты өз тауарымен қамтып отыр.
– Ұзақ жылдар бюджет саласында жұмыс істедім. Бастапқыда Астана қаласында тұрдық. Бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отбасылық табысты арттыру үшін кәсіп бастадым. Нарық сұранысына сай кофе және өзге де сусындар ұсынатын шағын кафе аштым. Аз уақытта кәсібіміз алға басып, тұрақты табыс әкеле бастады. Өзім де біраз тәжірибе жинадым. Кәсіптің қыр-сырын зерттеп, меңгердім. Бірақ жолдасымның жұмысы Қызылорда қаласына ауысып, осында көшіп келдік. Бұрын кафе ашқанда тәтті өнімдерді өзге кәсіпкерлерден сатып алатынмын. Тез өтіп кететін. Содан неге өзіміз дайындап, кәсіпті кеңейтпеске деген ой келді. Сол себепті кондитерлік цех аштым,–дейді ол.
Қазір цех жұмысы жанданып келеді. Жақында үшінші нысанды ашу үшін еңбектеніп, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Еңбек еткеннің күні жарық. Бір табысқа қарап отыруға болмайды. Оның үстіне көпбалалы отбасы болғандықтан, жолдасыма қолғабыс еткім келді. Ойымды жеткіздім, қолдады. Басында қалай болар екен деген ой болды. Біраз іздендім. Негізі бала күнімнен кондитерлік өнімді үйден пісіретінмін. Қолымнан келетін іс болғандықтан бір шешімге келдім. Тәтті өнімнің түр-түрін пісіріп, сөреге қойдым. Келушілерге ұнады. Тұрақты тұтынушылар көбейді. Білікті мамандарды жұмысқа алдым, –дейді ол.
Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрді. Қаржы институттарының жұмысымен танысып, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы ұсынған бағдарламаны тиімді пайдаланды. Бағдарлама арқылы 30 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Жылына 6 процент ғана қосылады. Қаржыға цехқа қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алды.
Кондитерлік цех күніне 400-500 дана нан өнімін шығарады. Әсіресе, ыстық таба нан мен тәтті бәліштерге сұраныс жоғары. Нанның 20 түрін пісіреді. Одан бөлек тапсырыс қабылдайды.
– Біздің өнімнің басты ерекшелігі – нанды жасанды ашытқысыз дайындаймыз. Адам денсаулығы үшін зиянсыз. Тұтынушылар да осы жаңашылдығымызға алғысын білдіруде, – дейді кәсіпкер.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<