Кондитерлік өнімдері күнделікті сұраныста

309

0

Бүгінде талаптанған адам сан түрлі кәсіпті игеріп, өз несібесін адал бейнетімен табуына мүмкіндік мол. Бұған Үкімет тарапынан қолдау да, атқарушы органдар тарапынан қамқорлық та аз емес. Тек батыл қадам мен жігер, бастаған ісін тиянақтай білетін мінез қажет.

Осы талаптан шыққан Шиелі кентінің тұрғыны Гүлзия Мұратбекқызы кондитерлік өнім шығару кәсібімен шұғылданып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе бастады.

Қандай да бір мереке немесе туған күн кештерінде арнайы жайылған дастарқан сәнін түрлі көлемдегі торттар келтіріп тұратыны анық. Сонымен бірге мейрамхана мен кафелер кондитерлердің көмегіне жүгінеді. Кәсіпкер тәтті тағамдарды пісірумен қатар, оны безендірудің де өзіндік жолын тапқандай.

Жаңа піскен тоқаш, десерт пен тортты ұнатпайтын адам жоқ шығар. Біздің кейіпкеріміз отағасымен ақылдаса келе ортақ шешіммен 2021 жылдан осы қызмет түрімен айналыса бастады. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Кәсіпкер Гүлзия кондитерлік өнімдерді өз рецепті бойынша өндіреді және тапсырыспен дайындайды.

Ол әртүрлі ассортимент, стандартты емес рецептура мен табиғи құрамды өнімдері арқылы тұтынушылардың ықыласына бөленіп келеді.

Қазір «Даму» бағдарламасы бойынша несие алып, жұмыс орнын орталықтағы жаңа ғимаратқа көшіріп, өз бизнесін кеңейтті, 17 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде кәсіптің қай түріне де қолдау бар. Сондай мүмкіндікті тиімді пайдаланған Гүлзия Мұратбекқызы өз ісін жетілдіріп келеді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ,

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<