Креатив пен қолөнер: брендке бір қадам

609

0

Кәсіпкерлікті, тың идеяларды қолдау, жаңа кәсіпке жан бітіру – уақыт талабы. Осы орайда қызылордалық кәсіпкерлер мемлекет пен аймақ басшысы тарапынан ғана емес, аталған салаға қатысты сан түрлі мекемелер мен орталықтардан да қолдау көріп жүр. Осы бағыттағы тағы бір шара «Брендке бір қадам…» сауда көрмесі «Анаға тағзым» орталығы креативті индустрия алаңында өткізілді.

Орталықтың бастамасымен осы жылдан бастап «Брендке бір қадам…» атты креативті кәсіпкерлерге арналған сауда көрмесі тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – инклюзивті экономиканың дамуына үлес қосатын дарынды әрі шығармашыл тұлғаларға қолдау білдіріп, бәсекелестікке төтеп беру үшін қолөнершілердің өзара тәжірибе алмасуына ұйытқы болу, креативті кәсіпкерлердің кластерін қалыптастырып,   олардың  өз қолынан   шыққан  өнімдерін жарнамалауға, халыққа таныстыруға мүмкіндік жасау.  

– Президент Жолдауында креативті индустрияны қолдау керегін атап өтті. Бұрын олардың қатарына қолөнершілер кірмеген екен. Биылдан бастап ұлттық нақыштағы бұйымдар мен тұрмыстық заттар кәсібіне көңіл бөлінуде. Алғашқы көрмеге қаладағы 20-ға жуық кәсіпкер қатысып жатыр. Бірі ұлттық әшекей бұйымдарын өз қолымен жасап әкелсе, енді бірі астауын ұсынып отыр. Көрмеден тойтабақтар, ағаш бесіктер, орамалдар, трансформер сөмкелер, әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар, көрпе-жастық сынды күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді табуға болады.

Бір апта көлемінде тек қаладағы кәсіпкерлердің қолөнер бұйымдары көрмеге қойылады. «Брендке бір қадам…» сауда көрмесі жыл бойы ұйымдастырылатын болады. Жеті ауданның әрқайсысына бөлек көрме ұйымдастырылып, аймақтағы қолөнершілердің басы қосылмақ. Ал жыл соңында көрме қатысушыларымен бірге облыстық деңгейде форум өткізіледі. Мән берсек, Қызылордада тек ұлттық нақыштағы дүниелерге арналған базар да, орталық та жоқ. Осы мақсатта «Анаға тағзым» орталығы өңір тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етуге атсалысуда, – дейді орталық қызметкері Айдана Маратқызы.

Айта кету керек, аталған жоба ақпараттық-танымдық бағытта да пайдалы болмақ. Апталық аясында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының өкілдері мен өңірімізге белгілі кәсіпкерлер қаржылық сауаттылық, бизнесті бастау және дамыту бағытында арнайы тренингтер мен шеберлік сағаттарын  өткізеді.

– Қолөнермен осыдан үш жыл бұрын айналыса бастадым. Алғашқыда шашқа арналған аксессуарлар жасау ұнайтын. Уақыт өте келе ассортиментке ұлттық әшекей түрлерін енгізіп, әлеуметтік желі арқылы бұйымдарға қызығушылар саны арта түсті. Қазақша сырға, сақина, шекелік, өңіржиек, шолпыларды заманауи стильде жасауға тырысамын. Ою-өрнектерінде өзгешелік бар. Соның ішінде шекелікке тапсырыс беретін жасөспірім қыздар көп.

Мұндай көрмеге бірінші рет қатысып жатырмын. Бұйырса, алдағы уақытта аталған бағыттағы көрмелер мен іс-шараларға қатысу арқылы жеке брендімді қалыптастырып, ұлттық нақыштағы әшекейлерді кеңінен насихаттай түссем деймін. Әшекей жасау – шығармашылық пен шыдамды қажет ететін жұмыс. Себебі әр бөлігін жеке-жеке құрастыру керек, – дейді қолөнерші кәсіпкер Ақдана Камал.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<