Нарықта «Әжемнің айраны»

882

0

Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағамбетов атындағы ауылдың тіршілігі – егін және төрт түлік өсіру. 250-ге жуық шаңырақ тұратын елді мекен халқы бақша егуден де алда. Ал жақында ғана осы ауылдың тұрғыны Ержан Жақыпов түрік технологиясы арқылы сүт өңдеп, айран шығаруды қолға алыпты. «Әжемнің айраны» атауымен дүкен сөрелеріне жайғасқан өнімнің дәмділігі тұтынушыларға ұнап-ақ жатыр.

– Мен бұрын аудандық әкімдікте жұмыс істедім. Осы жазда мемлекеттік қызметті өз бетімше доғарып, кәсіп ашу туралы ойға келдім. Осылайша жан-жақты ізденіп, түрік технологиясы арқылы айран шығаруды мақсат тұттық. Басты мақсат – жергілікті жерден өнім шығара отырып, бренд қалыптастыру. Алғашында «Сыр айраны» деп атау қойғанмен, кейін бұл «Әжемнің айраны» болып ауысты. Өйткені, қазақы отбасыда өскен талай бала әже қолынан айран ішіп, құрт жемеп пе еді? Қазір Алматыдан арнайы станок алдырғанбыз. Негізгі дәмділігін, құнарын сақтай отырып, арнайы пластик құтыларға құямыз. Құтының да дұрыстығына мән беру керек. Қазір біздің айран өзіміздің ауданнан бөлек, Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентіндегі дүкендерде сатылымда. Сондай-ақ үлкен жиындар, той мен асқа тапсырыстар да түседі. Жалпы «Әжемнің айраны» – таңғы, түскі асқа таптырмас сусын, – дейді сырдариялық кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, өнімнің сақталу мерзімі 10 күн. Ал бір айға дейін сақтауға қажет болса, онда түрлі қоспаларды қосуға тура келеді. Бірақ айранның дәмі бұрынғыдай болмайды, сапасын жоғалтады. Сондықтан Ержан тұтынушының талғамына сай өнімнің бұрынғы сапасын жоғалтуды құп көрмепті.

– Қазір өз ауылдастарымнан сүт қабылдап, айранды содан дайындап отырмын. Ендігі бір жұмыс – айранмен қоса «Әжемнің құрты» атауымен өнім шығару. Мұның барлығын өз қаражатыммен бастадым. Енді жергілікті билік ықылас білдіріп, кәсіпкерлік мақсатында қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алуға қолдау танытса, сүт өнімдерін көптеп шығаруға мүмкіндік мол, – дейді ол.

Айта кетейік, Сырдария ауданында 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Былтырғымен салыстырғанда саладағы көрсеткіш 34 пайызға өскен. Жалпы жыл басынан бері ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалармен құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліпті.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<