Өнімі бойға қуат, дертке дауа

441

0

Көшпелі қазақ ертеден киелі санаған төрт түліктің ұлығы бұл. Түйені айтам-дағы. Бабаларымыз көші-қоннан бөлек, мұның өзге пайдасы барын білді. Бар жақсыны бойына жиған жануардың біріншіден, етін қорек етсек, шұбаты мен шудасының денсаулыққа шипасы екібастан белгілі. Содан шығар, ілгері заманда қазақ байлары үш мың басқа дейін түйе айдаған. Қазір де өсіретіндер көп. Әсіресе, кейінгі жылдары облыста өсім бар. Аралдың қыр бетіндегі көп ауылда бағылады. Қазалыда да солай.

Қазалы ауданына қарасты Арықбалық ауылдық округіне аялдағанбыз. Қазақ тарихында сыртқы отаршыл жауға қарсы шыққан, Сырдың төменгі ағысындағы көп елге қамқор болған бабамыз Жанқожа батыр атын иемденген ауылдан жас буынға үлгі болатын жаңалық көрдік.

Осы ауылдың тұрғыны Гүлбану Әлиева былтыр күзде «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасымен «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 11 млн 400 мың теңге қаражатқа қол жеткізіпті. Оған жақын ауылдардан 14 бас аналық түйе және бір тайлақ сатып алған.

– Өзім 2011 жылы көрші Бекарыстан би ауылынан келін болып түстім. Келген жерім мал ұстап, атакәсіппен айналысады. Сондықтан осындағы анамның тәрбиесімен үй шаруасына төселіп, біраз нәрсені білдім. Сиырдан бөлек, түйе саууды да осында жүріп үйрендік. Оған атам мен енем көп көмектесті. Қанша дегенмен мал танитын әрі тәжірибесі бар кісілер ғой. Мойындауымыз керек, қазір ауылда тұратын келіндер сиыр, түйе сауа бермейді. Сүт өнімдері дүкенде де толып тұр. Содан алғанды тәуір көреді, бірақ олар табиғи емес қой, – деп ағынан жарыла әңгімесін бастады Гүлбану.

Оның айтуынша, алғаш келін болып түскенде үйде жалғыз түйе болыпты. Кейіннен біртіндеп көбейген. Бүгінде пұлдап алғаны бар, бұрыннан келе жатқанын қоса есептегенде 30 шақты басқа жеткен. Биыл жеті інген боталапты, буазы да баршылық. Жас кәсіпкер түйені өзі сауып, шұбатын аудан орталығына өткізеді. Солай табыс тауып жүр.

– Қазір көктем, алдағы жаз айында күніне екі-үш рет саууға болады. Шұбатқа тапсырыс көп. Аудан орталығындағы немесе ауылдағы ағайын той мен асқа сатып алады. Жолдасым мал дәрігері болып жұмыс істейді. Түйеге уақытылы екпе салу, ауырған жағдайда ем-дом жасау – сол кісінің мойнында. Жалпы мұны отбасылық кәсіп десек те болады. Алдағы уақытта өз ауылымыздан екі-үш адамды жұмысқа алмақпыз, – дейді ол.

Атакәсіпті жандандырып, оны табыс көзіне айналдырған Гүлбанудың алдағы жоспары – түйе түлігін әлі де көбейту. Өйткені, оның етіне де, шұбатына да сұраныс тым көп. Ал жүнін қыста ең қажетті сырт киімдер, сондай-ақ бөкебай, шарқат, белдік, шұлық тоқу үшін іздейтіндер  жеткілікті. Көрпе-төсекке мақта орнына салады. Түйе шудасының жылуынан бөлек, емдік қасиеті бар. Шыққан не сынған сүйектің бітуіне тез әсер етеді. Оның буын, құяң, бүйрек аурулары, радиация сәулелеріне қарсы қасиетін ғалымдар мойындап отыр. Жалпы түйе жүнінен істелген қай өнімнің де бағасы тым жоғары екені белгілі.

Айта кету керек, Қазалыда жыл басынан бері 351 шағын және орта кәсіпкерлік тіркеліп, барлығы 6472 бірлікті құрап отыр. Ауданда сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу, дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдары тарапынан 618 млн теңгеден асатын қаржыға 95 жобаға несие беріліпті. Ал жыл басынан бері 3 кәсіпкерлік нысан ашылып, 16 адам жұмысқа орналасқан.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<