Отандық онлайн сауда платформасы бәсекеге қаншалықты қабілетті?

708

0

Қазір ел арасында электронды сауда күшейіп келеді. Бұл сатушы мен тұтынушы арасында өте қолайлы. Оған арнайы орынға барудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ компьютер немесе ұялы телефон арқылы барлық шаруаны тындыруға әбден болады. Жаһандық желі бетін аша қалсаңыз, мұндай онлайн сауда алаңдары толып тұр. Бірақ, олардың барлығы өзге елдерде құрастырылған. Тек қазақша домен алған. Осыдан кейін қаншама қаржының шетке кетіп жатқанын аңғару қиынға соға қоймас.

Әрине, бұл қомақты қаржыны қажет ететіні белгілі. Елімізде оны жасайтын мықты мамандар қатары аз емес. Біліктілер ауқымды жобаны қолға алуға ниетті. Қаржының жоқтығынан қолы қысқа. Осылайша елімізде өзге жақтан келген электронды сауда алаңдары басымдық алып кетті.

Қазақстандық мамандар сол олқылықтың орнын толтыруға кірісті. Қазір жаһандық желіде «Gosauda» доменімен алғашқы отандық сауда алаңы жұмысын бастады. Аталған платформа елімізбен бірге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия секілді түркітілдес мемлекеттердің де аумағын қамтиды. Оған қоса ТМД елдері тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік алды.

«Бұл жоба 2017 жылдан бері жүзеге аса бастады. Алғашқы идеяны қарағандылық Жандос Әшірбеков пен Думан Итенов сынды азаматтар қолға алды. Оған дейін сол өңірде ет сатумен айналысып келген жігіттер бұл бағытта арнайы платформа ашу мәселесін ойластырады. Алайда, ол маусымдық шара екенін түсініп, кейіннен барлық саладағы сауда-саттықты қамтитын электронды жүйе қажет екеніне көз жеткізді. Осылайша жаңа идея қанатын кеңге жайды. Осы мақсатта олар жанына IT саласы мамандары және сауда платформасынан хабардар жігіттерді топтастырды. Нәтижесінде жаңа жобаның тұсауы кесілді. Десе де оған кем дегенде 250 мың АҚШ доллары қажет еді. Бұл бағытта қаржылы компаниялар мен инвесторлар іздеуге тырысты. Жобаға Ресей мен Сингапурдан қызығушылық білдірген азаматтар болды. Олардың талабы – тапқан пайданың тең жартысын ортақ бөліп отыру. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай жағдайда идеяны отандық деп бағалаудың реті жоқ болатын. Ақылдаса келе «Gosauda» компаниясының 40 проценттік үлесін қазақстандық нарыққа саудаға шығарды. Оған қызығушылық білдірген әрбір азамат қол жеткізе алады», – дегенді айтады «Gosauda» компаниясының батыс өңірлік директорлары Бекзат Сәбитов пен Болат Әбдуәлиев.

Қазіргі таңда компанияның үлесін алуға ықылас білдірген адамдар саны көбейіп келеді. Осылайша онлайн сауда алаңы тиімділігін және табыс табуға болатынын дәлелдеді. Жобаның тағы бір ерекшелігі – тұтынушы мен сатушы арасында ешқандай делдал болмайды. Мәселен, сатып алушы 50 мың теңгеге компьютер алғысы келді дейік, кәсіпкердің қолында ол 70 мың теңге тұрады, екеуі аталған платформа арқылы бір-бірімен байланысып, тауарға ортақ баға белгілей алады. Ол тауардың жылдам сатылып кетуіне оң әсерін тигізеді. Ал тауар жөнінде көбірек мәлімет алғыңыз келсе, тікелей сілтеме арқылы сатушының жарнамасы орналастырылған Instagram парақшасы мен YouTube арнасын қарап шығуыңызға болады.

– Біздің сауда алаңына жаңадан тіркелген адам 200 бірлік виртуалды ақшаға қол жеткізе алады. Оны қолма-қол ақшаға айналдыра алмайсыз. Десе де,  оны  платформа ішінде төлем ретінде пайдалануға жол ашық. Мәселен, алғашқы 100 жарнаманы тегін жариялай аласыз. Қазір аталған платформаны Түркияда іске қосуға назар аударып отырмыз. Сол арқылы бір елде арзан тұратын тауарды екіншісіне жеткізуге мүмкіндік бар. Қызылорда қаласында тұрып-ақ түрік кәсіпкерлерімен хабарласып, сапалы және арзан тауарларды алуыңызға болады. Бұл үшін плафтормада арнайы онлайн аударма жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ, оны онлайн сауда алаңы тарайтын өзге елдерде де кәдеге жаратуға жағдай жасалған. Оған қоса қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімін өзгелерге сата алады, – дейді Б.Сәбитов.

Аталған платформаны iOS және Android мобильдік операция жүйесіндегі App Store және Play Маrкеt қосымшаларынан жүктеуге болады. Сервистен әртүрлі санаттағы іздеген дүниені таба аласыз. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік, құрылыс, сән, транспорт, балалар әлемі, электроника, тұрғын үй мен кеңсе тауарлары, қызмет көрсету саласы, жануарлар әлемі, денсаулық және өзге де тақырыптар бар.

– Сөз басында айтқанымыздай, өзге мемлекеттерде жасалған сауда платформасының барлығы тұтынушылар сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Мәселен, қазір елімізде екінің бірі пайдаланып жүрген OLX компаниясының штаб-пәтері Аргентина астанасы – Буэнос-Айрес қаласында тіркелген. Ал әлемдік AliExpress сауда алаңы мен Uber жүйесінің негізгі мекені Қытайда. Қазақстандық такси жүргізушілер жиі пайдаланатын Yandex taxi мен inDriver жүйелері Ресейдікі екенін бәріміз жақсы білеміз. Алдағы уақытта біздің онлайн-платформа осындай іргелі компаниялар қатарына көтеріледі деп ойлаймыз, – деді Б.Әбдуәлиев.

Жер-жаһандағы өзгерістен біздің еліміз де шет қала алмайды. Әлем жұртшылығы онлайн сауданың өрісі кеңейе түскенін көріп отыр. Бұл алдымен әрбір адамның уақытын үнемдеуге жол ашады. Расын айтқанда, пандемия басталғанша елімізде онлайн сауда жоғары деңгейде дами қойған жоқ. Қазіргі уақытта жұртшылық тамақ пен киімге онлайн тапсырыс беру әдісін шебер меңгеріп алды. Қысқа уақыт ішінде оның қыр-сырын меңгеріп, дамуына үлкен үлес қосты. Сондықтан әлемдік деңгейдегі әйгілі компаниялармен бәсекеге түсуге күш салған қазақстандық компания нарықтық бәсекеде беделін айқындай түседі деп білеміз.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<