Қабырғадағы сұлулық: Қызылордаға таңсық кәсіп қалай келді?

452

0

Ультракүлгін сәулемен қабырғаға сурет салу Қызылорда облысында кеңінен дами қоймаған. Дегенмен, қала тұрғыны Азамат Марат таңсық кәсіпті қолға алып, жұмысты алға жылжытып келеді.

Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – заңгер. Астана қаласындағы С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің түлегі. Бүгінде халыққа құқықтық қызмет көрсетумен айналысатын заң компаниясы бар. Ал жоғарыда айтқанымыз – қосымша кәсібі. Бизнеске бала күнінен икемі болған көрінеді.

– Мектепте жоғары сыныпта оқып жүргенімде кафе, мейрамханаларда шұғыл фотоға түсірумен айналыстым. Одан кейін жеке полиграфия аштым. Фотосалонымыз бар. Содан үйренгенім бойынша қазіргі күні қабырға безендіру кәсібін қатар алып жүрмін. Оны мен Астанаға барғанда алғаш рет көрдім. Тұрғын үй кешендерін салғанда осы әдісті пайдаланады екен. Ойлана келе жан-жақтан сұрастырып, үйреніп, жаңа кәсіпті Қызылордаға әкелдім. Мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп, принтер, басқа да қажет құрал-жабдық сатып алдық. Мамандар оқыттық, – дейді Азамат Марат.

Принтермен қабырғаға сурет салудың қиындығы аз емес екен. Алдымен, лазердің көмегімен қабырғаны тексереді. Лазер тиген болса, ол тегіс емес деген сөз. Ал кедір-бұдыр қабырғаға сурет салынбайды. Арнайы ережелерін қатаң сақтамаса, суреттің сапасы нашар болып шығуы мүмкін.

– Принтермен салынған сурет дәлме-дәл болып шығады. Қызылордада бұл әдіс әлі дами қойған жоқ. Астана, Алматы қалаларында кеңінен жолға қойылған. Баға шаршы метріне, жұмыстың күрделілігіне қарай есептеледі. Бір шаршы метрі үшін 5-6 мың теңге аралығында. Қарапайым жазу болса, ол арзанға түседі. Егер эскиз, портрет, сурет болса, біраз уақыт алуы мүмкін. Сәйкесінше бағасы да жоғарылай түседі, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, қызылордалықтар арасында кеңінен таныла қоймағасын облыс аумағында сұраныс төмендеу. Мейрамхана, ойын клубтарынан тапсырыс түсіп тұрады. Шымкент, Тараз, Алматы жақтарда Қызылордадан әдейі алдырып, үй-жайларын безендіртетіндер баршылық.

– Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдап, жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыстың қызатын шағы – жаз. Үйлер, ғимараттар салынып, құрылыс қарқын алады. Қарамағымда 3-4 адам жұмыс істейді. Бір ғана қабырғаға сурет салу керек болса, екі сағат жеткілікті. Егер бүкіл қабырғаға, үйдің бүкіл қабатына салу керек болса, ол бірнеше күнге созылады. Бояуды Алматы, Астанадан алдырамыз. Қытайдан алдырғанымыздың сапасы нашар болды, – дейді кейіпкеріміз.

Сұранысқа қарай кәсіп аясын кеңейтіп, тұрғын үй кешендерінде коммерциялық ұсыныстар бойынша жұмыс істеу жоспарында бар.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<