«Қарауылтөбенің» құрылыс материалдары

1136

0

Кейінгі жылдары құрылыс қарқын алған облыс орталығының ауқымы да кеңейіп келеді. Жыл сайын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, қала маңынан жер алып, жеке баспана тұрғызған жұрттың да саны артқан. Қала аумағының еселеп ұлғайғанын бірден байқайсыз.

Бір жақсысы, құрылысқа керекті затың өзімізден табылып тұр. Әсіресе, кірпіш пен темірбетонды құймалар облыс орталығынан дайындалуда. Қайда десеңіз, қала іргесіндегі «Қарауылтөбе» ауылы маңында орналасқан «Дос Строй» мен «Шебер ЖБИ» ЖШС керекті өнімді шығарып жүр. Біріншісі күйдірілген қыш дайындаса, екінші серіктестік темірбетон өнімдері өндірісін іске қосқан.

«Қарауылтөбенің» құрылыс материалдары

– Біздің серіктестік 2019 жылы құрылды, – деп бастады «Дос Строй» ЖШС басшысы Руслан Ысқақов.

– Құрылысқа ең қажетті қыш өндіруді қолға алдық. Тәулігіне 30 мың күйдірілген кірпіш шығарсақ, бір айда миллион дана кірпіш құрылысқа дайын. Бағасы да халыққа қонымды. 45-48 теңгеден жергілікті тұрғындар алып жатыр. Ал сыртқы экспортқа жолы, басқа да шығындары есептеледі. Мұндайда баға да жоғарырақ болатыны рас. Қазір біздің кірпіш Ақтөбе облысына жіберілуде. Сондай-ақ Түркістан облысымен де келісім-шарт жасалып жатыр.

«Дос Строй» ЖШС кірпіш зауытында бар-жоғы 15 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Барлығы – жергілікті азаматтар. Жалақылары уақытылы. Иә, өзге зауыттардағыдай жүздеген жұмысшы жоғын байқадық. Өйткені, мұндағы құрылғылардың барлығы – инновациялық технологиялардың жемісі. Кірпішті отқа жағу да, жинау да, санау да автоматты түрде іске асуда. Шыны керек, жігіттер зауыттағы кейбір жетіспеген жабдықтарды интернеттен ізденіп құрастырған. Есесіне мұнда жұмысшы аз болғанымен, басқа жердегіге қарағанда  кірпіш бағасы төмен.

– Қыш кебу үшін 48 сағат керек. Содан кейін зауыттағы пештің 18 күйдіру желісі бар, сол арқылы 850-900 градуста пісіреміз. Кірпіштің ұзындығы – 25, ені – 12, ал биіктігі – 8 сантиметр. Өздеріңіз көргендей, бір поддонда 344 дана кірпіш болады. Енді біздегі мақсат – бір күнде 100 мың дана қыш өндіруді қолға алу. Бұл келесі жылдың еншісінде, – дейді Р.Ысқақов.

«Қарауылтөбенің» құрылыс материалдары

Мұндағы темірбетон зауыты тәулігіне 300-400 шаршы метр өнім шығарады.  Сондай-ақ үй іргетасына керек дайын бетон блоктарды да құяды.

– Кәсіпорын былтыр ғана құрылды. Бізде де сол. Инновациялық  технологияларды пайдалана отырып, күніне 60 пен 120 дана аралығында бетон өнімдерін (плита) шығарамыз. Күндізгі және түнгі ауысым кестесімен жеті адамнан, барлығы 14 жұмысшы жұмыс істейді. Жеке баспана, сондай-ақ қаладағы көпқабатты үйлердің құрылысына бірден-бір қажетті темірбетон өнімдері емес пе? Жергілікті жерден шыққан өнім сырттан келетін заттан әлдеқайда арзанға түседі, – дейді «Шебер ЖБИ» ЖШС директоры Санжар Әлменов.

Санжардың айтуынша, кәсіпорын дайындайтын биіктігі 60 сантиметрге дейін, ал ұзындығы 2 метр, ені 40 сантиметр болатын іргетас құймалары сұранысқа ие. Ал көпқабатты үйлерге пайдаланатын плиталар өңірден бөлек, Түркістан облысы, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қаласына жіберілуде.

– Бағасы да тым аспандап тұрған жоқ, нарықтағыдан 10-15 процентке арзан. Өйткені, шикізаттың барлығы өзімізден ғой. Шиелінің цементі, Жаңақорғанның тасы, ал топырақ қала маңынан алынады. Тағы бір айтатын нәрсе, көлемі екі метрден басталатын құрылыс плитасының ұзындығы 9 метрге дейін созыла береді. Соңғы 9 метрлік темірбетонды плита өнімдері көп жерде шыға бермейді. Облыста біздің кәсіпорын ғана дайындап отыр, – дейді С.Әлменов.

Бір жерде қатар орналасқан қос өндіріс ошағының қарқыны жаман емес. Құрылыс заттары қымбат уақытта жергілікті жерден өнім шығаруды мақсат еткен жігіттердің бағыты айқын. Аймақ экономикасына дем берер мұндай кәсіпорындардың көптеп ашылуы тұрғындардың да жұмыспен қамтылуына тиімді болып тұр.

– Құрылысқа қазақ жігіттерінің ебі барын кешегі пандемия дәлелдеп берді. Өйткені, шекара жабылған соң сырттан келетін өзбек-тәжіктің жұмысшылары бері қарай өте алмады. Тіпті, құрылыс компаниялары, үлкен үй тұрғызып жүрген мердігер мекемелердің өздері өзбек бригадасын алып, кәсіп қылу басқаның қолынан келмейтіндей көретін. Сіз көрген қос кәсіпорындағы кейбір технологиялық құрылғыларды қазақ жігіттері өздері ғаламтордың көмегімен ойлап тауып, жұмыс күшін жеңілдетіп отыр. Мұнда жұмысшы аз болса да, бар салмақ жабдықтарды жаңартуға салынған. Жұмысшы қызметін инновациялық технологиялар арқылы жүзеге асырудамыз. Соның арқасында өнім бағасы да өзге кәсіпорындардан арзан, – дейді өндіріс басшысы Еркебұлан Үргенішбаев.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<